
Қаржылық қауіпсіздік: дроперді қалай анықтаймыз?
Өңірде студенттердің қаржылық қауіпсіздігін арттыруға арналған аймақтық форум өткізілді. Цифрландыру дәуірінде алаяқтарға алданып, тұзаққа түсіп қалмау жолдары кеңінен талқыланған шарада жастар өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде өткен форум барысында атап айтылғандай, қазір қоғамда әлі де айласын іске асырып жүрген алаяқтар көп. Әсіресе, цифрландыру жүйесі қарыштап дамыған кезеңде пысық айлакерлер жұртшылықты алдаудың неше түрлі амал-тәсілдерін ойлап тауып, тұзаққа түсіруін тоқтатар емес. Соның салдарынан талай отбасы ойран болды, халық әл-ауқаты төмендеді. «Сақтансаң, сақтармын» демекші, алаяқтардан қорғану, сақтық шараларын күшейту керек. Ол үшін профилактилық іс-шараларды көбейту маңызды. Әсіресе, әлі оңы мен солын танып үлгермеген, оңай олжаға бірден қызыға кететін жастардың қаржылық сауатылығын арттыру қажет.
Қаржы мониторингі агенттігі Атырау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеу басқармасының басшысы Ердос Молдабековтің айтуынша, бүгінде барлық аймақтық департаменттер арасында ұлттық олимпиада ойындарына әзірлік жұмыстары қарқын алған. Соның негізінде қоғамға, жоғары және орта, арнаулы оқу орындарында қаржылық сауаттылық бойынша бірқатар түсіндірме жүргізу мақсатында апталық дәрістер басталған.

«Жастардың және егде жастағы азаматтардың ортасында қаржылық сауаттылықты арттыру, түрлі қаржылық операциялардан сақтану, күмәнді аударымдардың алдын алу тақырыптарында біраз қажетті мағлұмат бердік. Сәуір айында өңірдегі жоғары және орта, арнаулы оқу орындарының барығына дерлік түсіндірме жұмыстарын, лекцияларды жүріздік. Олардан арнайы тест ала отырып, тығыз байланыс орнаттық. Қазірдің өзінде 10 мыңнан астам студентті қамтыдық. Байқағанымдай, бүгінгінің жастары сақтық шараларын жақсы біледі. Цифрландыру кезеңінде оларға ақпарат алу жолы жеңіл. Біз өз тарапымыздан статистикалық мәліметті көбірек келтірдік. Дроперлер жайында мағлұмат айттық. Сондай-ақ, құқықтану бағытында оқып жатқан студенттерді департаментке «ашық есік күніне» шақырып, экономикалық қылмыстармен күрес жұмыстарымен таныстырып, білім көкжиектерін кеңейтудеміз»,-дейді Ердос Молдабеков.

Форум барысында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті «бизнес-процестерінің есебі, аудиті және талдауы» білім бағдарламасының 3-курс студенті Гүлжанат Елемес қаржы пирамидалары, және оның белгілері, құзырлы органдардың пирамидалармен күрес барысында атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндама жасады. Яғни, статистикалық деректерді ұсына отырып, қаржылық мониторинг агенттігінің ресми сайтындағы мәліметтермен бөлісті.

«Қаржылық пирамида болып танылған, тергеп-тексеру жұмыстары аяқталған, сот үкімі шыққан ұйымдарға талдау жасадық. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтында инвестициялық компаниялардың заңды қызметін тексеруге болатындығы жөнінде мәлімет бердік. Дроперлердің, алаяқтықтың түрлерін анықтадық. Қаржылық сауаттылық және қауіпсіздік қазіргі цифрландыру кезінде өте өзекті. Мәселен, мен форум барысында домені күмәнді сайттарға кірмеу, белгісіз сілтемелерге өтпеу, құпия сөздердің сенімді және ұзақ болуын қамтамасыз ету тақырыптарында көп мәлімет алдым. Оны күнделікті өмірде қолданамын», — дейді Гүлжанат Елемес.
Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ