
Қараусыз қалған, қысым көрген бала…
Атырау облысында өткен аптада ЮНИСЕФ пен Ұлттық статистика бюросы өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылған кең ауқымды кеңесте 2024 жылғы Мульти-индикаторлық кластерлік зерттеу (МИКЗ) нәтижелері ресми түрде жария етілді. Бұл басқосу балалар мен әйелдердің өмір сүру деңгейі мен әлеуметтік жағдайына, құқықтық қорғалуы және даму мүмкіндіктеріне қатысты деректерді сараптауға арналған ауқымды пікір алаңы болды. Мәселенің түп-төркініне үңілген сарапшылар өңірлік саясат пен әлеуметтік бастамаларға жаңаша көзқарас қалыптастыру қажеттігін алға тартты.

ЮНИСЕФ және Қазақстан
Оқырманға түсінікті болуы үшін халықаралық ұйымға да бір ауыз түсінік бере кеткен артық болмас. Біріккен Ұлттар Ұйымы жанынан 1946 жылдың 11 желтоқсанында ІІ дүниежүзілік соғыстан тікелей зардап шеккен Еуропа елдерінің балаларына көмектесу үшін уақытша құрылған ұйым әуелі «Балаларға көмек көрсететін халықаралық төтенше қор» деп аталған еді. 1953 жылы Бас Ассамблеяның шешімімен гуманитарлық көмек қоры БҰҰ құрылымының бір жүйесі ретінде бекітілген. Штаб-пәтері АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында орналасқан БҰҰ-ның негізгі мекемелерінің бірі – ЮНИСЕФ ұйымы тек соғыс зардабына ұшырағандар ғана емес, сонымен бірге ашаршылық пен індет жайлаған, босқыншылық көрген елдердің балаларына да қол ұшын береді. Қазір бұл ұйымға әлемдегі 50-ден аса мемлекет мүше екен.
Қазақстанда ЮНИСЕФ-тің өкілдігі 1994 жылы құрылды. 1995 жылғы мамырда Қазақстан Үкіметімен бірлесіп, әлеуметтік және экономикалық қайта құру жағдайында балалар мен аналарды қорғаудың бес жылдық бағдарламасы жасалған. Бұл кешенді бағдарламаның негізгі бағыттары – ана мен баланың денсаулығын сақтау, бастауыш білім беру ісін жетілдіру, экологиялық-санитарлық көмекті дамыту, ана мен бала құқығын қорғау шараларын жүзеге асыру.
Атыраудағы жиынның мәні
Зерттеу деректері Атырау облысының ерте жастағы білім беру мен балалардың дамуы бағытында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгенін айғақтап, өңір үшін өзекті саналатын бірқатар әлеуметтік түйткілдерді де айқын көрсетті. Атап айтқанда, тамақтану тапшылығы, семіздік, неонаталдық өлім деңгейінің өсуі мен тәрбие процесінде кездесетін зорлық-зомбылық формалары әлі де өзекті күйінде қалып отыр. МИКЗ нәтижелері осы мәселелерді дәлелді саясат пен тиімді шешімдер қабылдауға жол ашатын нақты әрі шынайы дереккөз ретінде таныстырды.
Жиын барысында ЮНИСЕФ, Ұлттық статистика бюросы және Атырау облысы әкімдігінің өкілдері МИКЗ нәтижелерінің тек статистикалық есеп қана емес, аймақтық саясаттың негізін қалаушы нақты құрал екенін де ерекше атап өтті.
– Бұл жиын Атырау өңірінде жүргізілген кешенді зерттеу нәтижелеріне негізделген нақты деректерді ортаға салып, оларды талқылауға арналған маңызды диалог алаңына айналып отыр. Мульти-индикаторлық кластерлік зерттеуді ұйымдастыруда облыс әкімдігі айтарлықтай қолдау көрсетіп, барлық деңгейдегі мекемелер тиімді серіктестік танытты. Соның нәтижесінде біз білім беру, денсаулық сақтау, қорғаныс, тамақтану және өмір сүру сапасы бойынша кең ауқымды әрі өзекті мәліметтер жинадық, — деді республика Ұлттық статистика бюросы халық статистикасы департаменті директорының орынбасары Бақыткүл Өтеулина.
Бала болашағына – инвестиция
Білім мен дамуға басымдық берген Атырау өңірі – бүгінде баланың ерте жастағы дамуы бойынша республикадағы көшбасшы аймақтардың қатарында. Балалар мен әйелдердің жағдайына арналған кешенді зерттеу қорытындылары бұл үрдісті нақты деректермен растап отыр. 3-5 жас аралығындағы бүлдіршіндердің 81 пайызы санау дағдыларын меңгерсе, 83,1 пайызының оқу қабілеті жақсы екен. Ал, 2-4 жас аралығындағы әрбір 10 баланың 8-і жас ерекшелігіне сай даму деңгейін көрсеткен. Мұндай көрсеткіштер Атырау облысын ерте даму индексі бойынша республикадағы «үздік сегіздікке» қосып отыр.
Экономикалық әлеуеті жоғары өңір – Атырау облысы әлеуметтік көрсеткіштер бойынша да тұрақты оң серпінмен ерекше. Былтырғы МИКЗ деректері бойынша жалпы кедейлік деңгейі – 2,9 пайыз, ал балалар арасындағы кедейлік көрсеткіші – 4,3 пайыз.
Шешімін күткен өзекті мәселелер
Мульти-индикаторлық кластерлік зерттеу нәтижелері аймақтағы бірқатар әлеуметтік-денсаулық салаларында әлі де шешімін таппаған түйткілдердің бар екенін айқын көрсеткен. Соңғы он жылда 5 жасқа дейінгі балалар арасындағы өлім-жітім көрсеткіші өскен. Егер бұған дейін бұл көрсеткіш 1000 тірі туылған шақалаққа шаққанда 9,58-ді құраса, бүгінде ол 11-ге дейін артқан. Өмірінің алғашқы 28 күнінде шетінеген сәбидің үлесі де жоғары – әрбір 1000 тірі туылған нәрестеге шаққанда 7 жағдай тіркеліпті.
Бүлдіршіндердің қауіпсіздігіне қатысты деректер де алаңдатарлық. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, сәбилердің 7,2 пайызы кейбір жағдайда ата-анасының немесе ересек адамның бақылауынсыз қалатын көрінеді. Тіпті, кейде оларды 10 жасқа толмаған балалар қарайды екен. Бұл – балдырғандардың физикалық және психоэмоционалдық қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретін елеулі фактор.
Отбасындағы тәрбие тәжірибесіне байланысты мәселелер де өзекті күйінде. Облыста әрбір үшінші бала, яғни 35,6 пайызы үй ішіндегі тәрбие барысында психологиялық немесе физикалық зорлық-зомбылыққа ұшырап отыр. Сарапшылар бұл көріністі ата-аналардың бала құқықтары туралы білім-білігінің жеткіліксіздігімен, құқықтық сауаттың төмендігімен және қоғамда тәрбиенің зорлықсыз балама әдістерін насихаттаудың әлсіздігімен байланыстырды.
Тамақтану да күрделі проблема
Атырау өңіріндегі балалардың саулығына қатысты қынжылтатын мәселе – бес жасқа дейінгі балалардың тамақтану көрсеткіштері. Жаңа деректер бұл бағыттағы ахуалдың жақсарып келе жатқанын емес, керісінше, соңғы онжылдықта ушығып кеткенін айқын көрсетіпті.
Бүгінгі таңда әрбір оныншы баланың бойының өсуі жас ерекшелігіне сай емес, ал жиырмасыншы балада бұл артта қалушылық анық байқалады. Облыстағы балалардың 9,3 пайызы дене салмағы жетіспеушілігінен, ал 4,1 пайызы ауыр салмақ тапшылығынан зардап шегіп отыр. Бұл – созылмалы тамақтану тапшылығының тікелей нәтижесі. Тамақтану теңгерімінің бұзылуы бала ағзасының толық дамуына кедергі келтіріп, оның жалпы иммундық жүйесіне, ми қызметіне және болашақтағы интеллектуалдық әлеуетіне кері әсер ететін көрінеді.
Тағы бір маңызды проблема – семіздік деңгейінің артуы. Атырау өңірінде бұл көрсеткіш те жыл санап артып келеді. Балалардың 13,1 пайызында – орташа семіздік, ал 6,2 пайызында ауыр семіздік бар. Бұл – республикалық орташа көрсеткіштен екі-үш есе жоғары.
Мұндай екіұдай ахуал халықаралық терминологияда «қосарлы жүктеме» деп сипатталады. Яғни, бір өңірдің өзінде бір мезгілде әрі жеткіліксіз тамақтану, әрі артық және теңгерімсіз тамақтану қатар жүреді. Мұндай үйлесімсіздік тек баланың физикалық дамуына емес, ұзақ мерзімді перспективада оның жалпы денсаулығы мен оқу қабілетіне, тіпті болашақ еңбек нарығындағы мүмкіндіктеріне де әсер етуі мүмкін.
Бұл мәселенің маңызына тоқталған ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Айсұлу Бекмұса балалар кедейлігі жағынан Атырау өңірі ел бойынша ең төмен деңгейде тұрғанымен, бұл көрсеткіштердің артында тұрған жекелеген қиындықтарды естен шығармауды атап көрсетті.
– Қараусыз қалған балалар мен оларға көрсетілетін психологиялық не физикалық қысым фактілері бізді бей жай қалдырмауы тиіс. Әсіресе, тамақтануға қатысты деректер – ойландыратын дүние. Қоректік құндылығы төмен, бірақ құнары мол тағамдардың кеңінен таралуы балалардың шынайы қажеттілігіне сай келмей отыр. Бұл бағытта кешенді әрі тиімді қадамдар қажет, — деді ол.
Сала мамандары мен халықаралық ұйым өкілдерінің пайымдауынша, балаларға қатысты мәселелерді тек әлеуметтік жоба деңгейінде қарастыру жеткіліксіз. Бұл – кешенді әрі жүйелі көзқарасты қажет ететін, ұлттық қауіпсіздік пен орнықты дамудың ажырамас бөлігі. ЮНИСЕФ, Ұлттық статистика бюросы және жергілікті билік өкілдері бұл деректердің аймақтық бағдарламаларға серпін беріп, шынайы өзгерістерге жол ашатынына сенімді. Ең бастысы, бұл зерттеу нақты шешім қабылдауға мүмкіндік беретін стратегиялық құрал ретінде қарастырылуы тиіс.
Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ