«Қаңтар оқиғасының» біз білмейтін тұстары бар…
Оқырман назарына Атырауда жұмыс сапарымен жүрген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік ЕРУБАЕВТАН алған сұхбатымыздан үзінді ұсынамыз…
– Маңғыстауда болғаныңызда мұнай компанияларының басшылары мен жұмысшыларын татуластырғаныңыз рас па?
– Сөздің шыны керек, қаңтардағы ереуілден кейін халықпен кездесуге бірде-бір басшының жүрегі дауалай қоймады. Ал, мен қымбатшылықтан басқа да түйткілді мәселелерді анықтағым келді. Өйткені, бір ғана газ бағасының көтерілуіне бола халық наразылыққа шықпайды ғой. Екінші жағынан, ереуілшілердің сыртынан «мұнайшылар тойып секіреді» дегендей пікірлер де айтылып жүрді. Мұндайда істің ақ-ақарасын ажырата білу керек.
Сөйтіп, өңірге іссапарымды кәсіпкерлермен кездесуден бастадым. Соңғы уақыттағы қуаңшылықтан мал шаруашылығы күрт құлдырап кеткен болатын, сол мәселені шешу жолдарын қарастырдық. Бұған дейін де су тұщыту зауыттарын салу жөнінде депутаттық сауал жолдаған едім. Соның нәтижесінде, Үкіметтен тиісті қаражат бөлініп, әзірге өңірдегі екі зауыттың қуаты арттырылды.
Келесі күні атышулы Жаңаөзен қаласына бардым. Сөйтсек, мұнда 4 мыңдай тұрғын жұмыссыз жүр екен. Содан мұнай бұрғылау компанияларының жұмысшыларымен жүздесіп, олар қойған жиырмаға жуық талапты толықтай тыңдап шықтым. Арасында дұрысы да, бұрысы да бар екен. Қалай болғанда да, ел байлығын өндіріп отырған алпауыт компания басшылары мен жергілікті атқамінерлердің сөзін ереуілшілерге жеткіздім. Ертеңінде наразы топтың тарағанын естіп қуанып қалдым. Қандайма даудың ашумен емес, ақылмен шешілгені дұрыс қой.
Сұхбаттасқан: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ