Жарнама
Қоғам

Қаланы қалай сақтап қала аламыз?

Бүгінгі таңда өңір тұрғындарын ғана емес, бүкіл ел халқын алаңдатқан жайдың бірі – жойқын күшпен, арыны қатты ағысымен келіп, төтенше жағдай тудырған, көптеген қиындықтарға душар еткен көктемгі су тасқыны. Соның салдарынан елімізде жүздеген елді мекенге, ауылдарға, шаруашылық, өндірістік, өзге де өмірлік маңызды нысандарға қауіп төніп отыр.

Қалыптасқан жағдайға байланысты Мемлекет басшысы шұғыл кеңес өткізіп, орын алған төтенше жағдайға байланысты Үкімет пен аймақ басшыларына нақты тапсырмалар берген болатын. Осындай қарекет әрбір өңірде, қала мен аудандарда жүзеге асып жатыр. Осы төңіректе айтылар әңгіме облыстық «Атырау» газеті редакциясында «Су тасқыны: себептері мен салдары, апаттың алдын-алу жолдары» тақырыбында өткізілген «Дөңгелек үстел» отырысында өрбіді.

Атырау облысының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы Нұрпейіс МАҚАШЕВ, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Атырау облыстық филиалының үйлестірушісі Жанәділ МҰРАТУЛЛИН, су шаруашылығы саласының ардагері Ұзақбай САТЫҒАЛИЕВ, Атырау қалалық мәслихатының депутаты Қаршыға ЖАУЫМБАЕВ, мемлекеттік қызметтің ардагері Әділтұрақбай ҚҰМАРОВ қатысқан басқосуды басылымның бас редакторы Назарбек ҚОСШИЕВ жүргізіп отырды.

Назарбек ҚОСШИЕВ, облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы:

– Бұл әрине, биыл ғана емес, бұрын да болып, талай мәрте демесек те, бұрын-соңды бірнеше рет қайталанып жүрген жағдай. Оның тигізген залалы да, келтірген шығыны да аз емес. Былайынша айтқанда, мұны табиғаттың адам баласына салып отырған сынағы десек те болады.

Табиғаттың тосын мінез танытуы, өзен-көлдер суының арнасынан асып, тасуы кешегі кеңестік кезеңде де болған. Ол заманды жақтап, мақтамасақ та, сол кезде мұндай жағдайды болдырмауға, зардабын тездетіп жойып, бүлінгенді мейлінше қысқа мерзімде қалпына келтіруге мүдделілік те мол, мүмкіндік те басым еді, жағдайды реттеп отыруға ықпал ететін жүйе болатын…               

Нұрпейіс МАҚАШЕВ,Атырау облысының Құрметті азаматы:

Азаматтық парыз бәрінен биік тұруы тиіс

– Тарихымыздан белгілі, табиғаттың тосын мінез танытуы, айтпай келетін апат, материалдық залал келтіріп, орасан зор зардап шектірер көктемгі су тасқыны тәрізді табиғи құбылыстар бұған дейін де болды, ілгеріде де қайталануы ғажап емес. Мұндайда Үкімет пен жергілікті атқарушы билік тарапынан ұйымдастыру шаралары алынып, тасқынға тосқауыл қою бағытында жұмыстар жүргізіледі. Бұған  өзіміздің өмірлік тәжірибемізге, көзбен көріп, басымыздан өткергенімізге қарап, көптеген мысалдар  келтіруге болады.

Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын 1993-1994 жылдары болған су тасқынынан шеккен зардабымыз, көрген қиындығымыз күні бүгінгідей есімізде. Оны ұмыту мүмкін де емес. Әрине, одан бері де кеткен қателіктерді түзету, орын алған олқылықтардың орнын толтыру бағытында біраз іс-шаралар жүзеге асырылды. Бірақ, соның өзі жеткіліксіз болды. Жоспарлы, жүйелі жұмыс болмады. Турасын айтқанда, өткеннің ащы сабағынан тиісінше қорытынды шығаруға ұмтылмадық. Міне, соның салдары тағы да алдымыздан шығып отыр. Бұл жөнінде кешенді бағдарлама жасап, қай мезгілде де су тасқынына қарсы тұрар қауқарымызды көрсетер дайындығымыз болу керектігін өзім Парламент Мәжілісінің депутаты болып жүрген кезімде айтқанмын. Осы ойымды, ұсынысымды Үкімет пен облыс әкімдігінің алдына да қойғанмын. Өкінішке қарай, мәселеге жеткілікті мән берілмеді, маңыз қойылмады. Ал, бүгінде салақтық пен салғырттықтың, айтқанға құлақ аспаудың нәтижесін көріп отырмыз.

Тасқынға тосқауыл болмағандықтан топан су елді мекендерді басып, тұрғындарды әбігерге салды. Жан-жақтан көмек те, қолдау да көрсетілер, қаражат та бөлінер. Ащы да болса айтайын, бәрімізге жетпейтіні – елді осындай қауіп пен кеселден сақтап, күш біріктіріп, ақылмен әрекет қылуға қажетті нәрсе – әрқайсымыздың өзімізге жүктелген міндет пен азаматтық борышымызды, перзенттік парызымызды терең сезінбейтіндігіміз. Оның маңыздылығын түйсігімізбен түсініп, дұрыс шешім қабылдай білуіміз қажет. Қиындыққа душар болғандарға жанашырлық жасап, жәрдем беруге дайын болуымыз керек. Сонда ғана қандайма ауыртпалықты жеңіп, қиындықтан шығатынымыз анық. Билік басында жүрген азаматтар дәл осындай сындарлы кезеңде халықты күш біріктіріп, белсенділік көрсетуге, ешкімнің де ортақ істен шет қалмауы үшін үндеуі, соған шақыруы қажет.

Жасыратыны жоқ, 1994 жылғы су тасқынынан кейін біз босаңсып, соңғы отыз жылда өзендердегі судың азайып бара жатқанына үйреніп қалдық. Түп тереңдету жұмыстары ұзақ уақыт бойы жүргізілмеді, бөгеттер нығайтылмады. Кейбір жерлерде олардың мүлдем алынып тасталғаны да шындық. Заңға қайшы келетініне қарамастан, «қазаншының өз еркіне» салынып, су қорғау аймақтарынан  ауылшаруашылық қажеттіліктері үшін жер телімдерін беруге дейін бардық. Арналар мүлдем тазартылмастан, бұрынғы қалпында қалды. Бұл жұмыстардың барлығын өңірге тасқын су келгенге дейін атқаруымыз керек еді…

Баршаңызға мәлім, бүгінде біз ғана емес, Ресейдегі су қоймаларының өзінде де қауіпті жағдай туындаған. Сондықтан екі елдің арасында бұл бағытта байланыс, қарым-қатынас, түрлі деңгейде келісім болғанымен, тап қазіргі сәтте оларға қарап алаңдауға негіз жоқ. Өйткені, жоғарыдан келетін су жойқын жылдамдықпен жететін болса, оған қарсы тұруға қауқарымыздың болмай қалуы да ықтимал. Осыны ескеріп, әрбір қолайлы мүмкіндік пен уақытты зая жібермей, барымызды салып, барлық күшті жұмылдырып, бірлесе, кеңесе әрекет етуіміз керек. Сонда ғана қауіптің бетін қайтаруға мүмкіндік туары сөзсіз.

Әр кезеңнің, әр буынның өз еншісі, үлесі бар десек, сол 1993 жылғы тасқында Атырау қаласының басшылығында болдым. Төтенше жағдаймен бетпе-бет келуге, күресуге тура келді. Сол заманның бір ерекшелігі, әлде артықшылығы деп айтуға бола ма, ешкім де уақытпен санаспайтын, қазақшалап айтқанда, еңбегін сатпайтын, жағдайға түсіністікпен қарап, қолынан келген көмегін беріп, жәрдемдесуге әзір тұратын. Ақша жөнінде әңгіме де болмайтын, ол жайында ешкім ауыз ашпайтын.

Жамандағаным емес, бүгінде кәсіпорын-мекеме басшыларының дені ахуалдың күрделілігіне қарамастан, техникамен көмектесуін, басқалай да қолдау көрсетуін сұрасаң, әуелі төленетін ақшаның сомасын сұрайды. Егер ел боламыз десек, мұндай көзқарастан арылуымыз қажет. Еңбек қашан да еленбей, ақысы төленбей қалмайды. Бірақ, азаматтық парыз, адамгершілік борыш бірінші кезекте, әрдайым биікте тұруы тиіс қой.

«Темірді қызған кезінде соқ» деген тәмсілге сүйенсек, сіздердің мынадай басқосу ұйымдастырып, оны қоғамға ортақ мәселемен орайластырып жатқандарыңызды дұрыс қадам, оң бастама, дер мезгілінде ойға алынып, жүзеге асырылып жатқан шара дер едім. Ол және жалғасын табады деген ойдамын.

Әділтұрақбай ҚҰМАРОВ, мемлекеттік қызметтің ардагері:

Арналар ашылмаса, жағдай қиындайды

– Бірден айта кетейін дегенім, 1993-1994 жылдары  көктемгі су тасқынынан Қайыршақты ауылдық округі аумағындағы «Теңдік» кеңшарының әлеуметтік-экономикалық жағдайы әлсіреп, үлкен проблемалық жағдайға душар етті. 1993 жылы округ аумағындағы елді мекендерді Жайық өзені мен келген өр суынан қорғау мақсатында Геолог ауылынан (ол кезде поселке болатын) бастап Соколок каналына дейінгі аралықта ұзындығы 30 шақырымға жуықтайтын дамбы соғылды.

Соған қарамастан, жоғарыдан айрықша арынмен аққан су өзеннің арнасын толтырған кезде каналдың сыртқы бетіндегі Алға (17-ауыл), Ортақшыл (13-ауыл) ауылдарын басып өткенін көзіміз көрді. Облыс орталығы – Атырау қаласына қатынау үшін Доссор жақпен 60 шақырым жолды айналып жүруімізге тура келген. Тасқын су «Атырау–Индер» тас жолын кесіп өткенде бүкіл тұрғындар болып жұмылып, қанша қиын көрінгенімен бағытын бұруға әрекеттенгенбіз. Онымыз нәтижесіз де болмады. 

Жоғары қысыммен төмен қарай аққан судың екпініне қарсы тұру үшін қуатты техникалар  өз алдына, адамдар да бел шеше іске кірісіп, тасқынның беті қайтқанша мігір таппадық. Күш-жігерді біріктіріп, ширақ қимыл танытудың  арқасында жеңіске жеттік. Өкінішке қарай, осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын салынған бөгеттер бұл күнде шөгіп, жермен-жексен болып, ернектеп келген сумен бірге шайылып кететін жағдайға жетті. Сол жағын ескеріп, тасқын су келмей тұрғанда бөгеттерімізді биіктетіп, бекемдеп алғанымыз жөн.

Ең назар аударарлық мәселе, Жайық өзенінің деңгейін төмендету үшін одан бастауын алып жатқан каналдардың арналарын ашып, аққан судың қарқынын азайту керек. Сонда дарияның бойындағы ауылдарға да, қалаға да төнер қауіп азаяды. Бұрындары су келгенде елді мекендерге қауіпті, қорғаныс дамбыларының осал тұстарын анықтап, бірінші кезекте бекітіліп, бекемделуге, көңіл бөлінуге тиісті бөгеттердің, гидроқондырғылар мен судың деңгейін бақылайтын бекеттердің орналасу сызбасы мен тасқын судан қорғанудың схема-картасы жасалған. Кезінде біз соны басшылыққа алып, соған назар аударып, Жайық жағасына жақын орналасқан ауылдар мен шағын елді мекендерді, қалаберді шаһардың өзін тасқын судың құрсауында қалудан қорғап, елді табиғи апаттан аман алып қалудың қарекетін жасап едік. Оның үстіне, көнекөз қарттардың айтқандары мен тәжірибелеріне, ақыл-кеңестеріне сүйенетінбіз. Менің ойымша, әлі де болса сол үрдісті қайта жандандырғанымыз, дәстүрді жаңғыртқанымыз жөн. Өз басым, бұдан тек пайда болмаса, ешқандай зиян келмейтініне кәміл сенімдімін.

Ұзақбай САТЫҒАЛИЕВ, су шаруашылығы саласының ардагері:

Мамандар болмаса, мәселе шешілмейді

– Ашығын айту керек, су тасқынынан қорғануда қауқарсыздық танытуымызға басты себеп болып отырған жайдың бірі – материалдық-техникалық базаның нашарлығы, яғни бөгет құрылысын жүргізуге қажетті қуатты техникалардың тапшылығы. Өзіміз де кезінде кеңшарда, су шаруашылығы мекемесінде жауапты, басшылық қызметтерді атқардық.

Ол мезгілде әрбір шаруашылықтың көлтабанды шабындықтар мен суармалы алқаптарда жұмыстарды атқаратын техникасы, көлігі мен басқа да құрал-жабдықтары жеткілікті болатын. Науқандық жұмыстар солардың күшімен атқарылып, қажет кезінде осындай жұмыстарға жұмылдырылатын. Оған қоса айтарым, мелиорациялық жұмыстарды жүргізетін, яғни каналдар құрылысын салу мен арналарын аршып, тазарту шараларымен айналысатын арнайы кәсіпорындар – жылжымалы механикаландырылған құрылыс колонналары болатын. Солардың күшімен өзендер мен каналдардың бойындағы гидротехникалық нысандар құрылысы мен оларды жөндеу жұмыстары жоспарлы, жүйелі түрде жүргізіліп отыратын.

Бұл күнде мұның бәрі көзден бұл-бұл ұшқан. Кәсіпорындар таратылып, қуатты техникалар жекеге сатылып, «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетті. Қуатты құрылымдар жойылғасын, мамандар да жан-жаққа бытырады. Өзім де мезгілінде осы су шаруашылығы мамандарын дайындап шығаратын Жамбыл (қазірде Тараз) мемлекеттік гидромелиоративтік-құрылыс институтын бітіргенмін. Біраз уақыт еліміздің су шаруашылығы мен онымен байланысты құрылымдар иесіз қалғандай болатын. Өткен жылдың соңына таман елімізде Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылған болатын. Алайда, ондаған жылдар бойына осы салаға керекті мамандарды әзірлеп келген жоғары оқу орны жабылып тынды. Қай салада болмасын, істің тетігін шешетін білікті кадрлар десек, қай кезде де білікті мамандарсыз мәселенің шешілмейтіні кәміл. Сондықтан мұны бүгінгі күннің өзекті мәселесі ретінде мемлекеттік деңгейде көтеретін мезгіл жеткен сияқты.

Енді басқосуымыздың басты тақырыбына айналып отырған көктемгі су тасқыны мен оның алдын алу жайына қайта оралсам, бұл тұрғыда да түйінін тарқатар мәселелер жеткілікті. Жақында ғана қызылқоғалықтарды қорқытып, аудан орталығы Миялы ауылына қауіп төндірген Ойыл өзенінің өңір аумағымен өтетін тұсында осындай кезеңде суды жинақтап, оның арнасынан асып, тасуына жол бермейтін екі гидротехникалық торап болатын. Соның бірі және ірісі Ералы су торабы.

Бұрындары осында жылына 20 млн. текше метрге дейін су жиналып, ол мыңдаған гектар жайылымдық және шабындық жерді суландыруға және өзендегі судың деңгейін қалыпты ұстап тұруға, сондай-ақ өр суы келмей қалған уақытта осындағы судың қоры алқаптарды құрғақшылық пен қуаңшылықтан сақтауға  мүмкіндік беретін. «Кезауыз» деп аталатын екінші су торабының да малды өңірдің өмірінде атқаратын рөлі маңызды еді. Бұдан бөлек, Ойылдың сағаларында судың ағысы мен бағытын реттеп отыратын шлюздер бар-ды. Қазірде бұлардың ақауын анықтап, жөнге келтіретін, гидротехникалық шараларды іске асыратын әлгіндей мекеме де, маман да атымен жоғалған.

Сайып келгенде, осының бәрі мәселенің қордаланып, күрделене түсуіне, тасыған сумен бірге келер қиындық пен төнер қауіптің бетін қайтаруға кедергі келтіріп, кері әсерін тигізіп отырғаны ақиқат.

Қаршыға ЖАУЫМБАЕВ, Атырау қалалық мәслихатының депутаты:

Қиындықтан шығарар жол – сабыр мен төзім

– Кейде ісімізден жайбарақаттылық байқалып қалады. Осындай мәселелер туындаған кезде талай қиын-қыстау шақтарды бастан өткерген еңбек ардагерлеріміздің ақыл-кеңесіне құлақ түруіміз қажет.

Айталық, 1942 жылы Жайық өзені 900 сантиметрге көтеріліпті. Кейін 1993 жылдары 800 сантиметрге жеткен. Енді биылғы су 10 метрге дейін көтерілетінін мамандар айтып отыр. Сол себепті, өңірдің барлық аудандары тасқынға тосқауыл қою үшін жұмыстануда. Тіпті, қазір қай мемлекет те елін суға кетірмес үшін әрекет етуде. 

Біздің облыста жағаны бекіту шаралары қолға алынды. Мұндай сәтте қол күшімен қатар арнайы техникаларға аса қажеттілік туындайтыны даусыз. Демек, өңірдегі барлық шетелдік компания, инвесторлар қажетті құрал, техникаларды бөліп, жерімізді сақтап қалуға күш салуымыз керек. Шындығында, қазір де 1993 жылы тасқын кезінде су астында қалған Алмалы ауылы секілді бақылайтын аумақтар бар.

Мұндайда ең алдымен қажеттісі – қаңқу әңгімелерге құлақ түрмей, сабыр сақтап, төзімділік таныту десем артық айтқандық болмас.

Қазір елімізде су тасқынына байланысты келеңсіз оқиғалар орын алып жатыр. Үйлер суға кетіп, халыққа ауыр тиіп тұр. Осындай шақта елге бірлік керек!

Жанәділ МҰРАТУЛЛИН, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Атырау облыстық филиалының үйлестірушісі:

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

– Біздің басты мақсатымыз – жұртшылықты ақпараттандыру. Әрбір аудандық филиалдағы және әртүрлі деңгейдегі депутаттарымызбен арнайы жиын өткізіп, күн сайын мәлімет алып отырмыз. Сондай-ақ, фейсбук, инстаграм, телеграм желілері арқылы өзіміз туралы ақпарат бердік.

От пен су – тілсіз жау. Сондықтан, мұндай жағдайдың шығынсыз болмайтыны белгілі. Осыған байланысты, біз арнайы қор құрып, жауапты маман белгілеп, ауыл шаруашылығы субъектілері мен шаруа қожалықтарынан қаржылай көмек жинақтап жатқан жайымыз бар. Су шаруашылығы мамандарымен бірге жиналыс өткізіп, штабқа, яғни, облыс әкіміне партиямыздың атынан ұсыныстарымызды бердік.

1993 жылғы тасқынды көрген Дамбы ауылының тұрғыны ретінде бөгеті төмен аумақтарға көбірек күш салу керектігін ескертер едім. Екіншіден, халықты мейлінше көбірек ақпараттандырып отыру маңызды. Біз сол кезде жоғары сынып оқушысы болсақ та, ата-анамыздың алдын-ала қамданғанын көріп өстік. Яғни, олар үлкендерімізді қалаға жіберетін. Ал, әр азамат өзінің үйіндегі заттарды қорғау үшін 80 сантиметр-1 метр биіктікке арнайы сөрелер жасап, заттарын соның үстіне көтеріп қоятын. Міне, олар да өз бетінше осындай сақтық шараларын қолданып жүрді. Демек, қорғануды да жадымыздан шығармағанымыз абзал. Үшіншіден, материалдық көмекті көбейтуіміз керек. Өйткені, арамызда жағдайы жақсы да, тұрмысы төмен де отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Әрине, Үкімет тарапынан қолдаулар болады. Бірақ, ел болып, бәріміз де оларға қол ұшымызды созуымыз қажет. 

Тобықтай түйін

Қазіргі уақытта да су тасқынымен күрес бағытында жасалып жатқан жұмыстың барын және аз емесін көріп отырмыз.  Әйтсе де, апаттың бетін тойтаруға әлі де болса күш-мүмкіндіктің жетпей, қиындықты жеңуге шама-шарқымыздың, ең маңыздысы, ұйымшылдығымыз бен ауызбірлігіміздің жетіспей қалып жататынын да жасырудың жөні жоқ. Су тасқынынан зардап шеккен адамдарға, отбасылар мен шаруашылық субъектілеріне берілетін материалдық көмектің көлеміне келсек, оның да жеткіліксіз екені, бейнелеп айтқанда «жыртықты жамауға» келмейтінін аңғару қиын емес.

Бұқаралық ақпарат құралдары, әртүрлі әлеуметтік желілер арқылы таратылып жатқан хабарлардан, аудио және бейнежазбалардан байқағанымыздай, қауіпті аймақтардағы ахуалды қалпына келтіру мақсатында су тасқынымен күрес шараларына барлық мемлекеттік органдар, кәсіпорын-ұйымдар мен күштік құрылымдар тартылып, қоғам белсенділері мен еріктілер жасақтары жұмылдырылуда. Мұның өзі «күш біріксе, алынбайтын қамал жоқ» екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Дайындағандар Дәулетқали АРУЕВ, Айбөпе САБЫРОВА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button