Қасиетті жерлер – тәрбиенің қайнар бұлағы

foto Kazhyimgaliev material Қоғам

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында сананы жаңғыртып халқымыздың алтын діңгегіндей түп тамыр тарихын зерттеп, зерделеу шарасы республикамызда кең көлемде жүзеге асуда. Соның бір көрінісі –  ұлттық музей жанынан құрылған елімізге белгілі ғалымдар, тарихшылар, археологтар мен өлкетанушылар қатысқан «Қасиетті Қазақстан» ұлттық зерттеу орталығы.

фото Кажымгалиев материал

Жаңа орталық өткен жылдың мамыр айында бірінші форумын өткізіп, межелі жұмыстарды белгілеген болатын. Ал, таяуда мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткен ІІ республикалық форум аясында атқарылған жұмыстар сараланып, қорытындыланды. Алқалы жиынға Атырау облысы атынан бір топ делегаттар қатынасты.

Екі форум аралығында арнайы экспедиция Қазақстанның барлық өңірлерін аралап, ауқымды жұмыстар атқарған. Тындырымды еңбектің нәтижесінде «Қазақстанның қасиетті жерлері географиясы» жасалып, халық игілігіне берілген. Қазақстан бойынша анықталған 100 қасиетті жерлер қатарында Атырау облысынан 7 нысан  бар. Әулиетау болып есептелетін Иманқара кешені, сарматтар дәуіріне жататын тарихи-археологиялық «Аралтөбе» кешені, ХІІІ-ХVІ ғасырларда Батыс және Шығыс елдерін байланыстырған Ұлы Жібек жолы бойындағы Сарайшық қалашығы, Ұшқан ата қорымы, Құлшан ата жер асты мешіті, дауылпаз ақын, жалынды жыршы, ұлт-азаттық көтерілістің рухтандырушысы Махамбет Өтемісұлы кесенесі, зор рухани мағынаға ие Ақмешіт ескерткіштер ансамблі енгізілген.

Ежелгі тарихы бар Құрманғазы ауданынан бір нысан да қамтылмағаны өкінішті. Болашақта ескеріп қолға алатын нақты ісіміздің темірқазығы болатынына үміттенеміз және сенеміз. Аймақтық маңызы бар тарихи нысандар қатарына 500 қасиетті жерлер  қосылған. Оның құрамында облысымыздан 26 нысан, ауданымыздан Кенебай үңгірі және ХІХ ғасырдағы Бөкей ордасының әкімшілік басқаруына белсене араласқан этнограф-ғалым, біртуар тұлға Мақаштың кесенесі бар.

Форум барысында қасиетті жерлердің сипаттамасы мен деректері айқындалып жазылған екі томдық жинақтың тұсаукесері жасалды. «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы қазақ халқының біртұтас тарихын қамтуға бағытталған жұмыстың бастамасының алғашқы нәтижесі ретінде шыққан екі томдықтың болашақта жалғасын табатынынан хабардар етті. Жинақталған тәжірибені пайдалана отырып, алда бес томдылық шығару көзделіп отырғанын жеткізді.

Келер жинаққа өзіміз үшін, жалпы қазақ үшін ауданымыздағы құндылықтары бар киелі жерлерді ел аузындағы аңыз бен сан ғасырдан сақталған атауларына сүйеніп ақиқатын анықтауға пәрменді кірісуге тиіспіз. Бізге әртүрлі аңыздары жеткен, ерекше формадағы ғажайып көріністі талаптана ізденіп, киелі жерлерімізді қастерлеп, ұлттық тізімге ендіруге ұмтылысымызға қолдау болатынына сенімдіміз. Бұл шараларды жүзеге асыратын республикадағы өлкетанушылардың қоғамы құрылып, концепциясы даярлануы үлкен тәжірибелік көмек болмақшы. Республикада құрылған «Туған жер» қазақстандық өлкетанушылар бірлестігі, аймақтардағы музей жанынан құрылатын өлкетанушылар клубтарының ынталы топтармен бірлесе жұмыс жасауы – істің нәтижелі болуының басты кепілі.  Аудан әкімдігі мен музей жетекшілігі өлкетанушылар құрамын саралап шығарып, қанаттандырып іске қосса, ортақ жұмыс тиімді атқарылар еді.

Аймағымыз тарихи оқиғаларға бай. Жеті жұрт жайлаған жердің әр өңірінен мысқалдай дерек табылса, үлкен байлығымыз. Домбай, Бесшоқы, Ақжонас, Аққожа, Мешіт, Байда, Азау, Сақып терегі, Бияш терегі, Қарасай бұлағы, Шалқар, Шобығыр, Үдер, Керей, Тасоба, Қасым таулары, Сүйіндік, Сасықтау сынды жерлер – тылсым сырды қойнауына бүгіп жатқан атаулар.

Ел аузында аңызға ұласқан шындық. Самай би, Сардар баба, Сейіт баба, Сибағат ата, Ұзақ күйші, Соқыр Есжан, Естай баба, Ережеп би, Бекмұхамбет Халфе, Майқы, Жеті қажы сынды киелі жандарды талапқа сай зерделеп, құжаттарын дайындап, есімдерін ғылымға енгізу – ұрпақтар парызы.

Жырға айналған Асан ата, Доспамбет жырау, Қазтуған, Шалкез, Әбубәкір, Жиембеттің іздері қалған сары дала екендігі де естен шықпауы керек. Өзімізге сын көзбен қарай білу де ерлікке пара-пар. Өйткені, кеңестік тәрбиеден қалған үрдістен айырылмай, жадымыз тайыз, өз тұсымыздан әріге бойлай алмаудан құтыла алмай келеміз.

Елбасы ұсынған «Туған жер» бағдарламасы ұлттық сана-сезімімізді оятып, рухымызды асқақтатуға бастайды. Ол – ұлттық кодымызды қалыптастыратын сара жолдың бірі. Қастерлі жеріміз – біздің мақтанымыз. Атағын әлемге жеткізсек,  ұлт беделін көтереді. Дүниенің төрт бөлігіндегі адамдар қызығушылық танытатындай  дәрежеде болса, сапарлап келіп, қызықтайтын, тамашасына таңданушы саяхатшылардың қатары көбейеді. Оларды қамтитын туристік маршруттар ашу да форумда жүйелі әңгімеге ұласты. Бұл қадамдар жастар мен жасөспірімдерді отаншылдыққа тәрбиелейтін рухани байлық болары сөзсіз. Сондықтан да ішкі туристік маршрутты бірінші кезекте жетілдіру ұлттық сананы қалыптастыруға зор ықпал болатыны айдан анық.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз, әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі. Сондықтан, мыңжылдық тарихымызда біз алғаш рет осындай ауқымды жобаны жасап, жүзеге асыруға тиіспіз» деген даналық сөзін басшылыққа алып, халқымыздың ерлік жолын білу, қадірлеп, өмірлік құндылыққа айналдыру – адами борышымыз. Ал, оны жүзеге асыруға атсалысу – баршамызға ортақ міндет.

Өмірзақ Қажымғалиев,

өлкетанушы, «Атырау» газетінің штаттан тыс тілшісі.

Құрманғазы ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз