
Қайырымдылық пен қамқорлықтың үлгісі
«AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалында «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында «Баланы мектепке дайындайық!» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы өтті.
Партиясының бастамасымен 2010 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан игі істің мақсаты – аз қамтылған, қиын жағдайда қалған отбасыларға көмектесу, мектеп оқушыларының оқу жылына дайындығына жәрдемдесу.
Қайырымды іске Атырау облыстық, қалалық мәслихаттардағы «AMANAT» партиясының фракция мүшелері және демеушілер, бастауыш партия ұйымдары белсене атсалысып, өз үлестерін қосты.
«AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасы Абдолла Идресов «Сенім шыңы», «Жарқын жанұя» қоғамдық бірлестіктерімен бірге қоғамдық қабылдауға көмек сұрап келген ата-аналардың балаларына мектеп формасы мен оқу құралдарын сататын дүкендер желісінің арнайы сертификатын табыстап, ата-аналар мен оқушыларға жаңа оқу жылына сәттілік тіледі.
– Жаңа оқу жылы – әр бала үшін ерекше әрі маңызды кезең. Сондықтан да, аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету – біздің басты мақсатымыз. Бүгінгі сертификаттар тек материалдық көмек қана емес, бұл – әр баланың жарқын болашағына деген сенім мен қолдау, – деді «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Абдолла Хамиұлы.