Жарнама
Қоғам

ПРОФЕССОРДЫҢ ОЙМЫШТЫ ОЙЛАРЫ

 

Замандардан – замандар аттап, бір жыраудан бір жыраудың көмейінде ұя салған, сөйтіп ғасырлардың пердесін ашып біздің бүгінгі күнімізге жеткен поэзия сол замандар сырын көз алдымызға әкеледі. Жыраулар тарихта орны бар батырларды дәріптеген, өздері өмір сүрген кезеңді өз көздерімен көргендіктен соншама дәлдікпен, нақтылықпен жырлайды. Автор осы еңбегінде ХІХ-ХХ ғасырда Батыс Қазақстан өлкесінде өмір сүрген ақын-жыраулардың жырларының тіл өрнегі, өлең өлшеміне тоқталады. Қазақ әдебиетінің теориялық негіздеріне сүйене жазылған ғылыми еңбекте дыбыс үндестігі, айқындаулар, теңеулер, ауыстырулар (метафора), алмастырулар (метономия) мен мегзеулер (синекдоха), тұспалмен айту (символ), кейіптеулер, айшықтау (фигура), қайталаулар, шендестіру мен егіздеу секілді  көркемдік ерекшеліктеріне бөлек-бөлек тоқталады. Мысалы, «Айқындаулар» ежелден қазақ жырының қайталанбас бояуы.

Ғалым Қ.Жүсіп осыған келгенде батыс өлкесі ақын-жырауларының суреттеулеріндегі, әсіресе, Махамбет қолданған «атадан туған аруақты ер», «қара нар керек біздің бұл іске», «қоғалы көлдер, құм, сулар», «қара ұлына дос болып», «жауырыны қақпақтай», «қара айдары тоқпатай, «опасыз мынау жалғанда», «арыстандай ақырған», «бақадай шулап тұрғанда», Мұрат ақынның стилінен көрінген «Адыра қалғыр, көк Жайық», «Қызыл шай, жез самаурын саздың суы, сәскеде пісуші едің әзер қайнап», «ат мініп ала мойын, жібек жауып, мырзалар жүруші еді одағайлап», «ақты қой, қылаң жылқы, қып-қызыл нар тең ауды төрт-түлік мал шауыттаған», «сөзіме жаман кісі түсінбейді, арнайы ер түсінер сөзге мұңдас» деген жыр үзінділерін алып, сөзге жігер, қайрат беріп, ажарлап тұрғанын баяндайды. Ал, әдеби шығарманың мазмұнын құнарландырып, пішінін ажарландырып, көркемдейтін құралдардың бірі – теңеуге келгенде автор ерекше шабытқа түскен. Қазақ әдебиеті тілін зерттеушілер З.Қабдолов, З.Ахметов,  Қ.Сыдиықовтардың еңбектеріне тоқтала отырып, Батыс Қазақстан өлкесі ақын-жырауларының құбылысты суреттеудегі күшті әсерге бөлейтін, мәнді мазмұн беретін шеберліктеріне баға берген жерін атап өтеді.

Бұдан әрі профессор Абыл Өтембетұлы, Махамбет, Есет Қараұлы, Қашаубай жырау, Қалнияз Шопықұлы, Сүгір Мырзалыұлы, Нұрым Шыршығұлұлы, Құлманбет, Қашаған Күржіманұлы, Досжан Қожбанұлы, Ақтан Керейұлы, Аралбай Оңғарбекұлы, Өскенбай Құлманбетұлы, Өмір Көшекбайұлы, Насихат Сүгірұлы, Сарышолақ Боранбайұлы, Айса Байтабанұлы, Закария Сағындықұлы, Әбубәкір Кердері, Шернияз Жарылғасұлы, Мұрын жырау, Шынияз Шанайұлы, Тұма Балтабасұлы, Сүгір Бегендікұлы және басқа да ақын-жыраулардың, айтыскерлердің ұзақ толғаулары мен дастандарындағы, айтыстарындағы теңеулерді мысалға ала отырып, қазақтың жыраулық дәстүрінің, жалпы қазақ поэзиясының сәнін келтіріп, жоғары үлгісін көрсететіндей дәрежеде тұр деген баға береді. Сөйтіп, төкпе Мұрат ақынның қиялы өмір суреттерін «адам сезімінің иірім-иірімдеріне сыналап тықпай, жайдарлы жылылықпен, күн сәулесіндей жайлы етіп таратады» дей келе төмендегідей үзінді береді:

Жылы қылып сөйлейін

Жазғы желдің лебіндей,

Анық қылып сөйлейін

Ақ теңгенің мөріндей,

Шалықтатып сөйлейін

Айдынның шалқар көліндей.

Асыл қылып сөйлейін

Базардың алтын зеріндей.

Жабыстырып сөйлейін

Тұтқыр сары желімдей.

Сұлу қылып сөйлейін

Қос жорғаны мініп ап,

Түскен жаңа келіндей.

Жатық қылып сөйлейін

Жазыққа біткен ыраңдай.

Жарастырып сөйлейін

Сәукеленің бетіндей,

Тымақты шаңқан қылаңдай.

Әдебиет зерттеушілері ауыстырулар немесе метафоралар сөз қолданысындағы ең керемет әдемі сиқырлы құбылыс деп бағалаумен келеді. Ауыстыру ұқсаттырмай бір затқа баланып тұрған затты сол заттың дәл өзі деп білу ұғымын береді. Автор осы еңбегінде мынадай дәлел келтіреді: «Исатай арыстандай» десек, онда тек батырды арыстанға ұқсаттырып тұрмыз деп түсіну керек, бірақ арыстанның өзі емес. Ал «Арыстан еді-ау Исатай» десек, Исатай арыстанның дәл өзі деген ұғым тудырады» (23 б.).

Әдебиетші Қ.Жүсіптің осы еңбегін оқи отырып, Батыс Қазақстанның ХІХ-ХХ ғасыр басындағы ақын-жырауларының жыр өлшемдері мен ұйқас түрлеріне де кеңірек зерттеулер жүргізгенін байқадық. Олардың «жеті-сегіз буынды төкпе шұбыртпалы жыр», «он бір буынды шұбыртпалы жыр», «он бір буын қара өлең ұйқасымен туатын жырлар» деп үшке бөліп нақты мысалдар келтірген.

Қорыта келгенде, ғалымның бұл еңбегі әдебиет сүйетін қауымға, мұғалімдерге, студенттерге ақын-жыраулар шығармаларының тілі мен өлең құрылыстарына байланысты танымдық құрал ретінде пайдалануға болады.

Ал, енді профессор Қ.Жүсіптің «Оймышты ойлар» атты кітабына тоқтала кетсек, бұл туынды оның соңғы жылдары республикалық, облыстық мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған ғылыми  мақалаларының жинағы болып шықты. Кейіпкерлері де қаламымен құс тістеген, атақтары елге танымал өнер адамдары, ақындар, ғалымдар, журналистер. Атай кетсек, композитор Илия Жақанов, әнші, дәулескер күйші Нариман Үлкенбаев, ақындар Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева, Нұралы Әжіғалиев, әдебиетші-ғалым Қабиболла Сыдиықов, Сабыр Қазыбаев, тілші-ғалым Құсекен Шәукенов, ғажап сынықшы – Қамария, журналистер Зейнеп Ахметова, Берік Қорқытов, Теңдік Жауырұлы және тағы да басқа туралы толғаныстар, ғылыми талдау-тұжырымдар, естеліктер енген. Автор өз еңбектері туралы былай деп жазады: «Аттары аталған бұл адамдар туралы жазуды қасиетті борышым деп есептедім. Себебі сынықшы Қамария ана тоқсан бес жасқа келіп дүние салды. Қасиетті халық емшісі Қамарияның елге жасаған жақсылығын Атырау тұрғындары ешқашан ұмытпақ емес». Ия, шындығында да қолынан жылулық сезініп қаншама адамның өмірін сақтап қалған, мыж-мыж болып қалған дене сүйектерін жинап қайта тұрғызған емші анамыз туралы «Қасиетін Алла дарытқан…» атты естелікті оқымауға еш шараң жоқ.

«Оймышты ойлар» атты кітапты оқып, қазақ халқының бақыты, игілігі жолында маңдай терлерін төккен, бойындағы күш-қайраттарын жұмсаған, таланттарымен барша жұртты бірі әуезді әнімен, бірі орындаушылық шеберлігімен, енді бірі ақындық талантымен, тағы бірі ғұлама ғалымдығымен, журналист-жазушылық және публицистикалық шығармаларымен ел құрметіне бөленген тұлғалар бейнесін тереңірек тануға мүмкіндік аласың. Айталық, «Феномен» атты мақаладан сәл ғана үзінді берсек: «…Ілия – лирик ақын. Алғашқы кезде оның бірқатар әндері өзінің сөзімен шықты, ілгеріректе мүмкін композитор әніне лайық сөз таба алмаған болар. Сондықтан, өзінің ақындық талантын іске қосқан. Әуелі туған мелодиясының мінезіне сай сөзді өз көкірегінен туындатты» [14 б.], — дей келе, ақынның «Асылым», «Әсел», «Бозкөл», «Бұлбұл еді», «Даниярдың әні», «Жайлаукөл кештері», «Көгілді көлме», «Қыземшек», «Сырымбет», «Толағай», «Доссор вальсі», «Мақаттың ерке бұлбұлы», «Құлсары», «Маңғыстау» және басқа да өлеңдеріне зерделі талдау жасайды.

Бұл талдау мақаламды аяқтай келіп, мынадай тұжырым жасадым: Ғалым-ұстаз, ақын-жазушы, журналист Қадыр Өтегенұлы Жүсіптің жоғарыда көрсеткен қос еңбегі қалың оқырманның жүрегіне жол табады, сөйтіп оқырмандардың, оның ішінде әдебиетшілердің әрдайым үстел үсті кітабына айналады.

Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік

университеті тарих-филология факультетінің деканы,

тарих ғылымдарының кандидаты.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button