
Президент кеңесшісі имамдармен кездесті
Атырауға жұмыс сапары барысында Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев «Иманғали» орталық мешітінде облыс имамдарымен кездесті. Кездесу барысында дін саласындағы өзекті мәселелер мен ел қауіпсіздігі төңірегінде келелі ойлар ортаға салынды.

– Біз көбіне дін өкілдерімен кездескенде тек діни тақырыптарды қозғаймыз. Бірақ бүгінгі күні бұл жеткіліксіз. Дін қызметкерлерінің мәселелеріне кешенді көзқарас қажет. Себебі бұл салада жыл сайын көтерілетін, шешімін күткен өзекті мәселелер бар, – деп әңгімесін бастаған Мәлік Нұржанұлы ел тыныштығы мен тұрақтылығы жолындағы имамдардың еңбегіне ерекше тоқталды.
Президент кеңесшісі өткен жылы Рамазан айында Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың нәтижесіне тоқталып, соның негізінде бірнеше заңның қабылданғанын атап өтті. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен 53 тармақтан тұратын Жарлыққа қол қойылғанын да айтты. Бұл – ел дамуындағы 53 нақты мәселе күн тәртібіне шықты деген сөз.
– Соңғы жылдары еліміз түрлі сындарлы кезеңдерді бастан өткерді. Арыстағы жарылыс, солтүстік пен шығыстағы алапат өрттер, пандемия, қыс ортасында істен шыққан жылу электр орталықтары, көктемгі су тасқыны – мұның бәрі елдің бірлігі мен ұйымшылдығын сынаған сәттер болды. Осындай қиын шақтарда дін қызметкерлері тек рухани емес, материалдық көмек көрсету жағынан да белсенділік танытып келеді, – деді Мәлік Отарбаев.
Президент кеңесшісінің айтуынша, былтырғы су тасқыны – соның айқын мысалы. Бұл апат Атырау облысын да айналып өтпеді. 2674 үй жарамсыз күйге түсіп, 3600-ге жуық өтініш облыс әкімдігіне жолданған. Барлығына дерлік тиісті көмек көрсетілген. 396 кәсіпорын зардап шеккенімен, олар да қолдаудан тыс қалмады. Осындай сәтте мешіттер мен имамдардың елмен бірге еңбек етуі – ұлт тұтастығының көрінісі.
– Сіздер тек діни саланың өкілі ғана емессіздер. Мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда да белсендісіздер. Қазіргі таңда ел ішіндегі тұрақтылық – сыртқы саяси ықпалдармен тығыз байланысты. Сондықтан мемлекеттің басты міндеті – қауіпсіздікті қамтамасыз ету, – деді Президент кеңесшісі.
Сондай-ақ, ол бүгінгі таңда дінді бетперде етіп, ел тәуелсіздігіне нұқсан келтіргісі келетін теріс пиғылды күштердің бар екендігін де жасырмады. Мұндай жағдайда имамдарға артылар жауапкершілік еселеп артады. Себебі дінге қызмет ету – мәртебе ғана емес, үлкен жауапкершілік. Әрбір имамның сөзі мен ісі мың ойланып, жүз өлшеніп барып жүзеге асырылуы тиіс.
Өз кезегінде облыстың бас имамы Болатбек Ұласқанұлы да дін мен мемлекет арасындағы байланысты айрықша атап өтті.
– Дін – халық пен мемлекетті жалғайтын алтын көпір. Біз әрқашан ұлттық құндылықтар мен елдің жетістіктерін насихаттап келеміз. Мемлекетіміз зайырлы болғанымен, дінге деген құрмет жоғалмайды. Президентіміздің Қағбаға баруы – халықтың рухани серпілісіне жол ашты. Бұл – мемлекет басшысының дінге деген шынайы құрметінің көрінісі. Біз де осы сенімді ақтауға бар күш-жігерімізді салудамыз, – деді бас имам.

Кездесу соңында Мәлік Отарбаев мешіт жанынан ашылған «Азан» радиосының жұмысымен танысты. Радионың бас редакторы Жанат Жұмағалиева 2023 жылдың қыркүйек айында эфирге жол тартқан «Азан» радиосының бүгінде тыңдармандардың көңілінен шығып отырғанын жеткізді.
– Қазір 2025 жылдың алғашқы жартысына дейін 630 мыңнан астам қаралым жинадық. Біз шынайылықты бағалағандықтан жарнамаларға көп сүйенбейміз. Тыңдармандарымыз мобильді қосымша арқылы көлікте де тыңдай алады. Қызығушылық артып келеді. Викториналар ұйымдастырып, халықпен кері байланыс орнатудамыз. Көшедегі блиц-сұхбаттар арқылы жұрттың сұранысын анықтап отырмыз, – деді бас редактор.
Радионың «Атамұра» бағдарламасы – дәстүр мен ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттап жүрген маңызды жоба. Қазіргі таңда радиода он бес қызметкер тұрақты түрде жұмыс істейді.
Кездесу соңында Мәлік Нұржанұлы радио ұжымына сәттілік тілеп, бірлік пен ынтымақты сақтауға, заң мен тәртіпті әрдайым басшылыққа алуға шақырды.
Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген автор