АДАМНЫҢ АЛАСЫ ІШІНДЕ

«Адамның аласы ішінде» екендігінің бір мысалын қала прокуратурасының бөлім бастығы Бауыржан Еңсегенов айтып берді. Әңгіме Алматыдан келген алаяқтың атыраулық тұрғынды алдап соққандығы хақында. 
...Т.Исенов деген қу өзінің құрбысымен 2010 жылдың сәуір айында оңтүстік астанадан ат арытып жетеді. Атырауда тұрақтағаны Азаттық көшесінің бойындағы көп қатарлы №59 үй болатын. Содан жалдамалы жатағына орнығып, көзін үйреткеннен соң ол «оңай жолмен қалай пайда тапсам?» деп бас қатырады. Ойындағысы уақыт создырмай орындала кетеді. Пәтерақысын алуға келетін баспана иесінің баласы «іздегенге сұрағандай» еді. Жақынырақ таныса келе оның сеніміне мықтап кіреді. Алдымен, пәтерге уақытша тіркеледі. Одан соң жаңа танысының арқасында тым жақсы жұмысқа орналасады. Баспана қожайынының баласының автокөлік сатып алмақшы ойын біліп, алды-артына шығып және арбайды. Яғни, «Германиядағы таныстарым мен жақындарымның көмегімен қалаған «темір тұлпарыңды» астыңа мінгіземін. Бағасы базардағыдан көп төмен» деп сендіреді.

Әрине, кім қалтасындағы қаражатын әп дегеннен ұстата қойсын. Жәбірленушінің де біраз ойланған жайы бар. Алайда, алаяқ өз дегеніне жетіп тынады. «Ауди А6» маркалы көлікті алу үшін алдын ала 8600 АҚШ долларын сұрайды. Содан «Насиха» сауда орталығында тұрып, 5500 доллар мен 459 мың теңгені сытырлатып санап алады. Ақшаны уысына ұстаған ол уақыт создырмай қарасын батырады. Ал, армандаған көлігін арзандау бәсіне аламын деген адам келіскен күнін күтіп қала береді. 
Берген уәде, айтылған сөздің бәрі бос долбар екендігі көп ұзамай анықталып отыр. Құқық қорғау орындары ақшаны адамгершіліктен жоғары қойған арсыз жанды тез құрықтады. Ол қылмыстық кодекстің тиісті баптары бойынша бүгінде «айыпты» деп танылып, үш жыл мерзімге сотталды. Дүние-мүлкі тәркіленді. Жазасын жалпы режимдегі түзету колониясында өтейтін болды.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз