Жарнама
Қоғам

Пітір садақа қайда жұмсалады?

Жуырда әлеуметтік желіде садақаға қатысты жарияланған мынадай пікір  назарымызды аударды.

Мешітке барып, өзінің отбасының атынан пітір садақа бермек болған ер адам ақша салатын жәшікті таба алмапты. Сұрастырып көрсе, сол жердегі діни қызметкер қаражат салу үшін бір нөмірді көрсетеді. Сөйтсе, ол жеке тұлғаның банк шоты екен. Содан «жыл сайын осы үрдіс қаншалықты шынайы жүзеге асып жатыр, неліктен садақаларымыз мешіттің шығыс есебіне жұмсалады?» деп әлгі адам түсініспеушілігін танытқан.

Облыстың бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы көпшіліктің назарын аударған осы сауалға жауап берді. Оның айтуынша, халықтың санасында «пітір тек жағдайы төмен адамдарға ғана беріледі» деген түсінік қалыптасқан. Негізінен шарты солайы солай ғой, бірақ бұл мәселенің екінші жағы да бар.

 –Еліміздің Конституциясына сәйкес, Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет болып табылады. Аталған заңның тиісті бабында діни негіздегі партияларды қаржыландыруға жол берілмейтіндігі көрсетілген. Сондықтан Алланың үйінде еңбек етіп жатқан және ондағы шығын мәселелерінің аз да болса бөлігі тұрғындардың садақасымен шешімін тауып отырады.

Пітір садақа – әр адамның жан садақасы. Жылына бір рет Рамазан айында беріледі. Мөлшері 2 келілік ұн бағасымен өлшенеді. Осыны Алла разылығы үшін кімге бергісі келеді, ол өз еркінде. Мысалы, жағдайы төмен, ағайын-көрші арасында қиын жағдайдағы отбасылар болуы мүмкін. Соған беруге болады. Біз оларға «міндетті түрде мешітке әкеліп берсін» демейміз. Ал, мешіт – Алланың үйі. Алланың үйін тазалап, онда білім беріп, күнделікті келушіге Құран оқып, сұрағына жауап іздегендерге пәтуа беріп, мешіт ішінде қызмет етіп отырған кім деген сұрақты әркім өзіне қойсын. Соның жауабын ойланса, берген 640 теңге садақасын іздемес еді деп ойлаймын.

«Иманғали» мешітінің өзінде 35-ке жуық қызметкер бар. Онда тек діни қызметкер емес, мешітті таза ұстап отырған қызметкер де еңбек етеді. Күніне қаншама адам келеді, олардан соң мешітті тазалау қанша ма еңбек?! Оған қоса кадр, заңгер, есепші, күзетші, ұстаздар, бағбан, қасапшы, сантехник бар. Олардың барлығына жалақы қайдан беріледі деп ойлайды? Қала берді коммуналдық қызметтің ақысы төленуі керек. Ал, мемлекет тарапынан мешітке бір тиын да бөлінбейді. Сол себепті біздер мешітке түскен садақамен ғана күн көреміз. Ол қаражат бәрін бірдей қамтуға жете ме, жоқ па, ол бөлек мәселе. Садақа жәшігінің жанына мешіттің ресми шотының QR коды көрсетілген. Оны есепші, бас имам мен ҚМДБ қадағалай алады. Ондағы қаражатты жалақыға да, коммуналдық қызмет пен қайырымдылық бастамаларына, қала берді ұйымдастырылатын шараларға да теңдей бөліп жұмсаймыз. Мөрленген жәшікті 5 адамнан құралған комиссия ашады. Ал, келген адамдардың ақшасын жеке шотына аударған жағдай болса, оны анықтаймыз, — деді Алтынбек Ұтысханұлы.

Түскен аз-мұз садақа мешіттің шығындарын толық өтеуге жетпейтін көрінеді.  Сондықтан иман жолында жүргендерге жанашыр, жомарт жандар, кәсіпкерлер қолұшын созатындығы белгілі болды. 

– Мәселен, өңірде қызмет ететін имам баспананың жоқтығынан қатты қиналып жүрген еді. Оның жағдайын бір меценатқа айтқанымызда, ол сөзімізді жерге тастамай, оған үй алып берді. Сондай-ақ дінге қызмет етіп жүрген 6 баласы бар азаматымыз да пәтерлі болды. Мұның бәрі ауқатты, қолы ашық жандардың зекеті деп түсінеміз. Айтқым келетіні, садақа берерде алдымен өзіңіздің ниетіңіз дұрыс болсын, артынша ғайбаттап, садақаңызды жоққа шығып, күнәға батудан сақтаныңыз. Арты қандай болса да Алла көріп тұр ғой. Нағыз болмаса, өзіңіз білетін жағдайы төмен отбасыға бергеніңіз де абзал,- деді сұхбаттасушымыз.

Осы мәселеден тағы бір проблема туындайды. Бір ғана «Иманғали» орталық мешітінің жағдайы осындай болғандықтан, қазір шағынаудандар мен ауылдарда мешіт тұрғызғысы келетін жамағатқа арнайы талап қойылады екен. Мешіт салынса, имамның үйі жанынан тұрғызылуы керек және ішінде асханасы болуы тиіс. Сондай-ақ кемінде 2 жыл имамның жалақысын жамағат болып қамтамасыз етуі керек. Осы өтінішке қол қойса, құрылысқа рұқсат беріледі. «Әйтпесе, дін қызметкерлері де адам, олар да күн көруі керек» деп түсіндірді облыстың  бас имамы.

Діни қызметтер ақылы ма?

«Халыққа көрсетілетін діни қызметтің ақысы шарықтап барады» дейді әлеуметтік желі қолданушысы. Осы орайда «мұны кім бақылап отыр?» деген сұрақ туындайды. «Таяқтың екі ұшы бар» демекші, бұл мәселеде де екінші бір адамдардың кесірі тиіп жататынын айтып қалды Алтынбек Ұтысханұлы.

– Біріншіден, діни жоралғыларға тек мешіт қызметкерлері бара бермейді. Бізден бөлек халық арасында молда ретінде танылған жандар бар. Қала берді діни қызметті үйреніп алғандар да аз емес. Оларға заңды түрде тосқауыл болмағандықтан, біз де ештеңе айта алмаймыз. Мәселен, діни қызмет көрсететін адамды кебіндеуге, жаназасын шығаруға, асына қатысу, кейінгі қаделері бар, соның бәріне шақырады. Ол кісі өзінің уақытын қалауынша бағалайды. Сол жағдай бізге де күйе жағады. Анықтай келе, ол адамдар мешітте істемейтін ауыл молдалары немесе кебіндеуді үйреніп алғандар болып шығады. Ал, мешіттегі дін қызметкерлері ондай қызметі үшін белгілі бағаны сұрамайды. Әркім өз шама-шарқына қарай, еңбегін бағалап, қолын құр қайтармай, ниеттерін білдіріп жіберіп жатады. Тек мешіттегі неке қию рәсімінде құжатты жасау үшін 3 мың теңге сұралады, ал қалғанын жастар имамның қызметінің ақысы деп беріп кетеді, — деп түсіндірді ол.

Малика ТӘКЕЖАНОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button