Жарнама
Қоғам

ПЕРЗЕНТ ПАРЫЗЫ

 

«…Әке өз перзенті үшін жауапкершілігіне қоса, сәбиіне қорған да болмақ. Әке – өмір мектебінің алғашқы ұстазы. Әкемізге қарап қана өз ойымыздың, пиғылымыздың түзулігі мен әр басқан қадамымыздың дұрыстығын аңғарамыз. Ұстаз-Әке лайланған санаңды тұнық қып, тазалық пен ізгілік сәулесін түсіреді. Ол – өмірдің тар  жол, тайғақ кешулерінде талмай, тынбай, шаршамай, асыл армандар мен алыс асуларға жол бастаушың. Ал, биіктік заңының талабы – еліңе бойыңдағыны бере де, халқыңа қалтқысыз, адал қызмет қыла да білуің. Өз басым әкемнің маған бергенінің қаншалықты шексіз, қымбат екенін тым кеш ұғындым. Оның ғибратты әңгімелері мен ойларын мезгілінде зейін қойып тыңдамағаным өзегімді өртейді. Әкем жайлы ойлай бастасам, санамда ғажайып бір сезім оянады. Уақыт өткен сайын оның тұлғасы кесектеліп, асқақтап бара жатқандай. Анам туралы ойлансам да дәл осындай сезімді бастан кешемін»,-деп толғанады автор.

Сәл шегініс жасасақ, кітаптың басты кейіпкері Қорқыт Байзақов 1912 жылы Индер ауданының Өрлік ауылында дүниеге келген. Еңбек жолы Жаманқала балық кәсіпшілігінде жұмысшылықтан басталады. 1925-1941 жылдары Доссор мұнай кәсіпшілігінде оператордың көмекшісі, оператор, есепші, бас есепші, кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметтерін атқарады. Ұлы Отан соғысы басталғанда әскер қатарына шақырылып, әуелі Одесса қаласындағы офицерлер даярлайтын училищені бітіріп, аға лейтенант шенін иеленеді. Бөлімше, кейіннен рота командирі ретінде 195-ші және 301-ші атқыштар дивизияларына қарасты 565-ші, 1050-ші полктердің құрамында ұрыс қимылдарына қатысады. Батыс, 3-ші Украин, 1-ші Беларусь майдандарындағы кескілескен шайқастарда қол бастап, қарауындағы сарбаздарымен бірге талай ерлік жасап, өрліктің үлгісін көрсетті. Сол үшін де «Қызыл Жұлдыз», «Жауынгерлік Қызыл Ту» ордендерімен, «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды.

Майдан даласынан елге аман-есен оралғасын еңбекке араласып, түрлі лауазымды қызметтерді атқарды. Туған жерінің, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлесін қосты. 1946 жылы Есбол (бүгінде Индер) аудандық қаржы бөлімінің бас есепшісі, меңгерушісі, 1947-1952 жылдары  Махамбет аудандық қаржы және жоспарлау бөлімдерінің бастығы, 1960-1970 жылдары Чкалов (кейіннен «Первомайский») атындағы кеңшарда партбюро хатшысы, Сарайшық ауылдық кеңесінің төрағасы, шаруашылықтың кадр бөлімінің басшысы болады. Зейнеткерлік жасқа жетіп, еңбек демалысына шыққаннан кейін де  ауылдың күнделікті тыныс-тіршілігінен қол үзбей,  түрлі шаруалар мен шараларға қолғабысын тигізді. 1979 жылы 67 жасында өмірден өтті.

Ата-анасынан алған тағылымды тәлім-тәрбиесін жалғастырып, өнегелі өмір жолдарын өрістеткен отбасындағы бірегей перзент, ұлықты ұл кітабында әкесінің көзін көріп, ғибратты сөзін естіген, үзеңгілес жүріп жұмыс жасаған үлкенді-кішілі замандастары мен еңбектегі ұстазы санаған шәкірттерінің, туысқандары мен ұрпақтарының  естеліктеріне де орын берген.

-Қорқыт тәтем Өрліктегі балалар үйінен бір жетім баланы қамқорлығына алып, оған «Байзақов» деп өз тегін береді.  Менің айтып отырғаным – тәтемнің қайырымдылығының, ешкімді де алаламайтын, бәрін де бірдей көретін кісілігі мен кішілігінің бір парасы ғана,-деп ағынан жарылыпты Қорекеңнің туыстарының бірі, немере қарындасы Дәмет Әбілқызы.

Орынғали Қарасаев, соғыс және еңбек ардагері, Атырау облысының Құрметті азаматы:

– Отан алдындағы борышымды өтеп, әскер қатарынан оралғанымда жарқын қабақпен құшақ жая қарсы алған ағалардың бірі осы Қорқыт Байзақов болатын. Соғыстан аға лейтенант шенін тағып, өңіріне жауынгерлік үш орденді қадап қайтқан сарбаз, сірә, некен-саяқ шығар. Расымен де, Қорекеңнің азаматтық, ерлік істері аз емес-ті. Бейбіт кезеңде де оның аты қара қылды қақ жарған әділдігімен, ел арасында орын алған кейбір кикілжің, дау-дамайлардың оң шешілуіне септігін тигізуімен, дуалы ауыздан айтылатын есті сөздерімен шықты….

Біз өз ойымызды кітап авторы Марат Қорқытұлының мына бір сөздерімен түйіндегенді жөн көрдік: «…Туған өлкеме келгенде әкем мен анамды білетін жандардың ыстық ықыласына бөлендім. Олардың аттары аталып, білетіндер мені «асылдың сынығы» деп төрге оздыр-ғанда кеудемді мақтаныш сезімі кернеп, өзіме қымбат, асыл да аяулы жандардың  аттарына кір келтіруге ешқандай қақым жоқтығын ұғындым».  

Дәулетқали АРУЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button