«ПЕРІШТЕЛЕР ЖЫЛАМАЙДЫ»

жерлес жазушының жаңа туындысы

Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, аудармашы, баспагер, жазушы, жерлесіміз Тәжібай Жанаевтың 75 жасқа толуына орай оқырмандармен кездесу кеші өтті. Шараны облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Азамат Жолаев ашты.

 

Тәжібай Жанаев бірнеше кітапты орыс, неміс тілдерінен қазақшаға аударған. Көптеген романдар мен повестердің авторы. Әсіресе, соңғы жазылған «Періштелер жыламайды» атты повесінің желісі автордың өз басынан өткен оқиғаларға құрылған. Балалық шағы соғыспен тұспа-тұс келген шығармашылық иесі жетімдіктің зардабын тартып жүріп, Көктоғайдағы балалар үйіне орналасады. Балалар үйінің директоры Ғазиз Ідірісов пен ұстаздардың біліктілігін, мейірбандылығын баланың көзімен суреттеген хикаятқа өзімен құралыптас соғыс жетім еткен балалар өмірі арқау болады.

«Періштелер жыламайды» повесі – жастардың да дүниетанымына, көзқарасына үлкен әсерін тигізетін, ізгілікке тәрбиелейтін туынды. Өйткені, оның кейіпкерлері, қаршадай жетім балалар қандай қиындықтан да жігерін жасытпай, мұқалмай алға ұмтылады.

Жазушының шығармашылығы туралы филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп жасаған баяндама жиналған жұртшылыққа көп мағлұмат бергені анық. Т.Жанаевтың мерейлі жасын атап өтуге арналған жиынға Н.Жантөрин атындағы филармония әншісі Елемес Мағазов қатысып, қазақтың қасиетті қара домбырасының үнімен көпшілікке рухани серпін беріп, жанын жадыратты.

Қазақстан Жазушылар Одағының Атырау облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев те өз кезегінде мерейгердің туындыларына жоғары баға берді. Оның балалық шағының ізі қалған Көктоғай ауылындағы бұрынғы балалар үйі, қазіргі таңда Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаевтың есімін алған мектеп туралы естеліктерді өрбітті.

Облыстық «Атырау» газеті бас редакторының орынбасары Нұрлан Қабылов жазушы Тәжібай Жанаевтың Қызылқоға ауданындағы Буракөл ауылының тумасы екенін, бала кезінде осы кісідей жазушы болсам деген арманды арқалап өскенін айтып, отбасы атынан шапан жапты.

Өз кезегінде Тәжібай Жанаев облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшылығына, кітапхана қызметкерлері мен барша оқырмандарға алғыс айтты.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз