ПАРАСАТ ПЕН ПАЙЫМ
Осылайша әкенің жұмыс бабымен отбасының көшіп жүруіне байланысты Ұзаққали мектеп есігін мұнайлы өңірдің қара шаңырағы – Доссорда ашып, әрі қарай оқуды Исатай ауданындағы қазіргі Ғ.Мәсәлімов атындағы орта мектепте жалғастырды. Ол осында 10 сыныпты оқитын жылы Биалай аға енді өзінің туған жері Қызылқоға ауданына қызметке жіберіліп, отбасы түгелдей сол жаққа қоныс аударады. Сөйтіп, Ұзаққали Қызылқоға ауданындағы Орлыкөл орта мектебін бітіріп шықты.
— Әкеміздің жұмыс бабымен көшіп-қонып жүргенде үш жерде білім алған екенмін, — дейді Ұзекең мектепте оқыған жылдарды еске түсіргенде. — Бір қарағанда, әр жерде білім алу шәкірт үшін онша оңайға соқпайтыны белгілі. Ал, екінші жағынан келгенде, жақсы ма деп те ойлаймын. Себебі, сыныптас достарым көп, олардың қай-қайсысымен кездессем де, мектепте оқыған кездерді сағынышпен еске алып жатамыз. Әйтсе де, балғын кездегі достардың орны бөлек екен. Исатай ауданының Х.Ерғалиев ауылындағы мектепте бірге оқыған сыныптастарым мен үшін ерекше ыстық. Олармен кездескен сайын баяғы құлын-тайдай тебісіп, бірге жүрген балалықтың балдәурен шақтары еске түседі. Олардың да маған деген ықылас-пейілі бөлек…
«Өзі жақсы кісіге, бір кісілік орын бар» дегендей, Ұзекең қайда оқыса да мектептің алды болып, үлгілі тәртібімен көзге түсе білді. 1965 жылы ол Қызылқоғадағы Орлыкөл орта мектебін жақсы бітіргеннен кейін білім іздеп, Алматыға жол тартты. Қатарластарымен бірге ауыл шаруашылығы институтына емтихан тапсырып, сыннан сүрінбей өтті де, механика факультетінің студенті атанды. 1970 жылы осы институтты ойдағыдай аяқтап, қолына инженер-механик дипломын алып шықты. Жолдамамен сол кездегі Махамбет аудандық «Казсельхозтехника» бірлестігіне қатардағы инженер болып қызметке кірісті.
— Еңбек жолын жаңа бастаған жас маманға қиындықтар аз кездеспейтіні белгілі ғой, — дейді Ұзекең сол жылдарды еске алғанда. — Әрине, қиналған сәтіңде қасыңда ақылшы ағалар болғаны қандай жақсы. Менің өз ісіме жақсы маманданып кетуіме А.Әменов. М.Жұмабаев сияқты білікті инженерлердің көмегі аз болмады. Олардың ағалық ақыл-кеңесі, үлгі аларлық бай тәжірибесі зор әсерін тигізді деуге болады. Осының арқасында ұжымға етене араласып, үлкенді-кіші адамдармен тез тіл табысып кеттім…
Бұдан кейінгі жылдарда Ұ.Елеубаев өндірісте ысылған маман ретінде қызмет баспалдақтарымен жоғарылай берді. 1973 жылы оған үлкен сенім көрсетіліп, Махамбет аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды.
Бұл өзі былай болған еді: Ұзекең бір-ер аптадай Орал қаласына қызмет бабымен барып, шаруаларын тындырып қайтады. Ауылға оралған соң басшысынан бірер күнге рұқсат сұрап, жұбайы Рыстымен бірге Жылыойдағы қайын жұртының ауылына кетпей ме. Бір күн өткеннен кейін түн ортасы ауа барған үйіне біреу телефон шалады. Трубканы көтерген Ұзекең аң-таң жағдайда қалыпты. «Ұзаққалимысың, амансың ба, мен Қуанышбаевпын ғой» дейді телефон тұтқасының аржағындағы дауыс. Ол кісі сол кезде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы еді. Бұлай боларын ойламаған Ұзаққали біраз абдырап қалады да, өз-өзіне келген соң, жұмыстағы басшысынан рұқсат алып келгенін баяндайды. Осыны сезген хатшы даусын бәсеңдетеді де:
— Айналайын балам, мезгілсіз телефон шалғаныма айып етпе, таңғы пойызбен облыс орталығына келерсің. Бірден обкомға бар, сол жерде сені күтеді, мен сенің кандидатураңды аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына ұсындым. Қалғанын сол жерде айтады, — деп сөзін аяқтайды. Осы сәтте оның есіне комсомол комитеті бірінші хатшысының облысқа қызмет ауыстырып кеткені түседі де, әңгіменің шындығына көз жеткізгендей болады…
Аудан жастарын басқара жүріп, ол партиялық жұмыстың сынынан сүрінбей өтті, адамдармен қарым-қатынастың сан тарау жолдарын меңгерді. Сол жетпісінші жылдардың орта тұсында республика көлемінде қомсомол-жастар шопандар бригадасын құру кең қанат жайып, бұл бастамаға барлық жерде үн қосу қажет болды. Аталмыш бастамаға орай ауданда да бірнеше жастар бригадалары құрылып, іске кіріскенін жерлестеріміз ұмыта қойған жоқ. Ал, Ұзаққали болса, аудан жастарының жетекшісі ретінде сол жұмыстардың басы-қасында жүрген еді.
Жасыратыны жоқ, біреуге туған жер ыстық болса, екіншілерге өскен орта қымбат. Олай дейтініміз, Ұзаққали өзінің еңбек жолын бастап, азаматтық қалыптасу кезеңін өткізген Махамбет ауданын ерекше ыстық санап, жүрегіне жақын тартады. Содан да болар, ол бұдан үш жыл бұрын республика Парламентіне депутат болып Астанада жүргенде «Махамбет – құтты мекенім» деген естелік кітабын жарыққа шығарды. Мұнысы бір жағынан киелі мекен, өскен ортаға деген құрметі болса керек.
Осы кітабында ол өзінің сүйікті мекеніне, қызметтес, сыйлас болған абзал азаматтарға арнаған жүрек тебіренісін былайша жеткізіпті:
«Көктемнің шуақты күндеріндей жарқырап, жаныма жылу төккен, қайратыма қайрат қосқан жалынды жастық дәуренімді сол киелі мекен – Махамбет ауданында өткіздім.
Мен өзімнің тағдырыма, өткен өміріме ризамын. Талай жақсылар мен жайсаңдардың саясында жаныма қуат таптым, олармен дәмдес болдым. Үлгі тұтып, қамқор ағам деп бағаладым. Ол адамдардың кейбірі өмірден өтіп кетті, көп сәттерде оларды сағына еске аламын, жылы жүздерін түсімде көремін…».
Жер киесі дегеннен шығады, Ұзекең осы Махамбет ауданының киелі топырағында еңбек жолын бастап, атқа қонғанын ерекше мақтан тұтады. Өйткені, ол облыс орталығындағы бір үлкен мекемеде аз ғана жыл басшылық қызмет атқарғаны болмаса, қалған кездің бәрінде де өмірі мен қызметін осы ауданмен тығыз ұштастырған еді. Ол біраз жыл аудандық партия комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарып, аймақтың шаруашылық, өндірістік және әлеуметтік салаларының дамуына шама-шарқынша үлес қосты. Қызмет істеген жылдарда бірнеше басшымен қызметтес болған Ұзекең сексенінші жылдардың орта тұсында осы ауданды басқарған Болат Майдыровты ерекше қамқор, талапшыл ұстаз ретінде санайды екен. Онымен жұмыстас болған кездерді Ұзаққали былайша еске алады:
— Болат Ғабдолұлы мінезі салмақты, көңіл көкжиегі кең, өте қарапайым азамат ретінде есімде қалды, — дейді ол. — Аудан шаруашылықтарын, мал фермалары мен егіс алқаптарын талай рет бірге араладық. Сонда байқағаным – ол адамдармен ортақ тіл таба білетін, жәй сөйлеп көп мағына ұқтыратын, қашан да дауыс көтеріп, эмоцияға берілмейтін. Шаруашылықты жүргізудің жәй-жапсарын жақсы білгендіктен, ұжым басшыларына беретін тапсырмасы немесе айтар ұсынысы әрқашан нақты болатын. Дауыс көтеріп сөйлеу, орындалмайтын жөнді-жөнсіз тапсырмалар беру ол кісіге жат еді. Жасыратыны жоқ, біздер, кейінгі інілері Болат Ғабдолұлының жұмыс стиліне, ақыл-ой парасатына әркез қызығатынбыз…
Осындай парасатты азаматтың тәрбиесін алып, қамқорлығын көрген Ұ.Елеубаевқа облыс басшылығы үлкен сенім артып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, яғни 1994 жылы оны осы ауданға әкім етіп тағайындады. Жасыратыны жоқ, бұл жылдарда аудан басқару өте күрделі, әрі қиын болатын. Аудан бюджеті жетімсіз, ауылдарда жағдай өте күрделі, қазіргідей молшылық әлі сезіле қоймаған кез еді. Осындай өтпелі кезеңде басшылыққа келген Ұзекең күн-түн демей дамылсыз жұмыс жасап, өзінің орынбасарларына, аудан активтеріне және селолық округ әкімдеріне көбірек арқа сүйеді. Ең алдымен жергілікті жердегі жағдайды қалпына келтіріп, жұмыссыздар үшін қызмет орындарын ашуға, тұрғындардың әлеуметтік төлемдерін уақытылы алуына баса назар аударды. Нарық талабына сәйкес кәсіпкерлікке қолдау көрсетіп, оның өріс алуын назардан түсірмеді.
Ұзекең аудан әкімі болып тұрған кезде бірнеше рет ауданда облыстық, республикалық көлемдегі шараларды ойдағыдай өткізді. Соның бірі киелі жер, қасиетті топырақ – Сарайшық селосындағы мемориалдық кешеннің ашылуы болатын. Бұл шараға Елбасы Н.Ә.Назарбаев қатысып, өз бағасын берген еді.
Тоғыз жылға жуық бір ауданды басқарып, қызметте ысылған азамат Ұзаққали Елеубаев 2002 жылдың аяғына таман баламалы негізде республика Парламенті Мәжілісіне депутат болып сайланып, үш мәрте халық қалаулысы атанды. Парламентте жүрген жылдарда Ұзекең өмірлік маңызы бар көптеген заңдарды қабылдауға белсенді қатынасып, өзі туып-өскен аймақтың мүддесін табандылықпен қорғай білді, облыстағы күрделі әлеуметтік мәселелердің оңды шешілуіне қозғаушы, жанашыр болды. Әсіресе, Азғыр, Тайсойған полигондарының зардаптарын жою, Теңіз кен орнында адам денсаулығы үшін аса зиянды күкіртті залалсыздандыру сияқты күрделі мәселелерді дер кезінде қозғап, тиісті шаралар белгіленуіне ықпал етті. Cол Парламентте жүрген жылдарда ол «Құрмет» және ТМД елдерінің «Содружество» ордендерімен марапатталды.
Бір кезде өзі бір әулеттің үлкені атанған Ұзекең қазір аға жасына қадам басып, бір бақытты отбасының басшысы, ұйтқысы болып отыр. 1971 жылы ол кең Жылыойдың Рысты атты аруымен бас қосып, үлгілі жанұя қалыптастырды, ұл-қыздарын тәрбиелеп, қанаттандырды. Қазір олардың бәрі де – түрлі мамандықтың иелері, бір-бір шаңырақтың ұйтқысы. Бір ерекше айтар жағдай, жұбайы екеуі өмірден ерте кеткен бауыры Серіктің екі ұлын қолдарына алып, өз баласындай қамқорлап, тәрбиеледі. Бұл күндері олар да ержетіп, бір-бір отаудың тұтқасы атанды.
Ұзекеңнің ат үстінде жүріп, қызмет істеген жылдарда ие болған марапаттары, ие болған атақтары аз емес. Бірақ, біз оның бәрін санамалап айтып жатуды қажет деп санамадық. Ол ең үлкен марапат – елдің және өскен ортаның кіршіксіз сенімі мен ілтипаты деп санайды екен. Оның «ең жоғары марапатым – «Махамбет ауданының Құрметті азаматы» атанғаным» деген сөзі парасаттылықты танытса керек. Біз де ақпейіл азаматтың осы пікірімен риясыз келістік.
Сейілхан ҚАЙЫРЖАНОВ,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі.