Өзекті сауалдарға толымды жауаптар

Жердің тиімсіз пайдаланылуы деген не және ол қалай бақылауға алынады?

– Ауылшаруашылық жерлерін тиімсіз пайдалану жердің оның топырағының құнарлылығының біршама төмендеуіне әкелетін тәсілдермен пайдаланылуын немесе жердің мүлдем пайдаланылмауын білдіреді. Ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жерлерді тиімді пайдалану Ұлттық экономика министрінің м.а. 2015 жылғы 27 наурыздағы № 268 бұйрығымен бекітілген Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану ережелері арқылы реттеледі. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымсыз пайдалану деректері жерлерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылау жұмыстарын жүргізу кезінде анықталады. Мұндай фактілер анықталған жағдайда бұзушылықтарға жол берген тұлғаларға жерді алып қоюға дейінгі әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылады.

Ауылшаруашылығына арналған жерлердің тиімсіз пайдаланылуы анықталған жағдайда мемлекеттік органдар тарапынан қандай әрекеттер жасалады?

– Егер бір жыл ішінде жерді пайдаланушы жер телімін тиімсіз пайдаланатын болса, онда оған бұзушылықтарды жою туралы жазбаша ұйғарым жіберіледі. Егер жыл өткен соң жағдай өзгермесе, онда жергілікті атқарушы органдар сотқа аталған жер телімін қайтарып алу туралы талап-арыз жібереді.

Аукционға қатысуға кімдер құқылы? Саудасаттыққа шетелдік инвесторлар қатыса алама?

– Аукционға ел заңнамасында қарастырылған жағдайлар мен тәртіпте Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мен заңды тұлғалары қатысуға құқылы. Шетелдіктер, азаматтығы жоқ тұлғалар мен шетелдік заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерінің сауда-саттығы бойынша аукциондарға қатыса алмайды. Шетелдік инвесторлар, сонымен қатар, шетелдік азаматтар тек ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жер телімдерін 25 жылға дейінгі мерзімге жалға алу құқығы ұсынылатын конкурстарға ғана қатыса алады. Шекара маңы аумағында шетелдіктерге қандай да бір жер телімін сатуға мүлдем тыйым салынған.

– Неліктен шетелдіктерге жерді жалға беру мерзімі 25 жылға дейінгі уақыт аралығы деп белгіленді?

– Себебі, ауыл шаруашылығы табиғи факторларға тәуелді көп салымды қажет ететін өндіріс болып табылады және оның өндірісі маусымдық сипатқа ие. Өнеркәсіптік өндірістен айырмашылығы, жермен жұмыс істеу оған салынған қаржы салымдарының орнын аз толтырады және алғашқы 15 жыл оған жұмсалған шығындарды ақтауға кетеді. Сондықтан ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жер телімдерінің жалға берілу мерзімі 25 жылға дейін деп белгіленді.

– Әрбір нақты жер телімінің құны анықталды ма?

– Әрбір нақты жер телімінің құны жер телімдері үшін базалық төлем ставкаларына сәйкес анықталады. Базалық ставкаларға жер телімінің сапалық жай-күйіне, оның орналасуына, сумен қамтылуына, қызмет көрсетілетін орталықтардан қашықтығына және т.с.с. байланысты түзету коэффициенттері (оны төмендететін немесе жоғарылататын) қолданылады. Мәселен, жер телімі елді мекеннен, инфрақұрылым нысанынан неғұрлым қашық болған сайын, оның төмендететін коэффициент соғұрлым төмен болады.  Бұлайша есептеу әрбір жер телімі бойынша жеке жүргізіледі.

Аукцион арқылы сату кезінде жер телімінің құны бірінші кезекте жер телімінің кадастрлық (бағалау) құнын көтеруді қарастыратын аукцион арқылы анықталады. Мұндайда егер екі аукцион қорытындылары бойынша жер телімі сатылмаған жағдайда, ол жер телімінің бағасын кадастрлық құнынан белгіленген ең төменгі шекке дейін (кадастрлық құнынан 50%-на  дейін) төмендетуді қарастыратын аукционға қойылады.

– Жер телімдерінің сатылуынан түскен қаражат қайда келіп түседі және олар қалай жұмсалады?

– Мемлекеттің ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жер телімдерін жекеменшікке сатудан түсетін қаражат Ұлттық қор есебіне аударылады және ол Қазақстан Республикасының заңнамасында, яғни бюджет заңнамасына сәйкес белгіленген тәртіппен пайдаланылады.

– Адал тер төгіп жүрген жалға алушының жерін бай инвесторлар тартып алып жүрмей ме?

– Ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жерлер қазақстандықтарға 49 жылға жалға беріледі. Егер жалға алушы жалға алған жер телімін сатып алғысы келсе, онда ол бұл жерді сатып алуға ең бірінші кезекте құқылы болады. Мұндайда жерді сату аукционсыз – жеңілдікпен (50%-ға)  және оның құнын 10 жылға бөліп төлеумен жүргізіледі. Алайда, бұған жерді жалға алушы оны өз мақсатында пайдаланса ғана жол беріледі.

– Сатуға нақты қандай жер телімдері қойылады?

– Ағымдағы жылы жергілікті атқарушы органдар жекеменшікке сауда-саттық арқылы бүкіл республика бойынша 1,7 млн. гектар ауылшаруашылық жерлерін сатуға шығаруды жоспарлауда. Тек Астана және Алматы қалаларында бұлай емес, себебі, аталған қалалардың бас жоспарында ауыл шаруашылығын дамыту қарастырылмаған.

Қазіргі кезде барлық аймақтарда 1 шілдеден бастап ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жер заңнамасына енгізілген жаңа түзетулер бойынша сатуға шығару үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде.

– Шетелдік азаматтың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімін жекеменшігіне алуға мүмкіндігі бар ма?

– Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін шетелдік азаматтардың жекеменшігіне иеленуіне жол берілмейді. Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 24-бабының 1-тармағына сәйкес шетелдіктер, сондай-ақ, жарғылық капиталындағы шетелдіктердің үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін 25 жылға дейінгі мерзімге жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығымен ғана иелене алады.

«Егемен Қазақтан»

(2 мамыр 2016 жыл).

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз