өзекті мәселеге – ортақ шешім

Атырау облысының территориясы – 11,8 млн. га

Оның ішіндегі ауыл шаруашылығы алқаптары – 9 млн. 700 га

Қосалқы жерлер көлемі – 6 млн. 500 га

2772 агросектор өнімін өндіруші  – 2 млн. 400 га жерді пайдалануда

Жеке меншіктегі жер – 76 мың га

Жалға берілген жер көлемі – 2,3 млн. га

 

Жер  және  маңдай  тер

Жері бар адам – ең бай адам. Өмірде жолы болған адам.

Мысалға, солтүстік американдық үндістерде «жер – байлық емес, ол ата-бабадан қалған мирас. Жер – болашақ ұрпақ үшін алынған несие» деген жақсы ұғым бар. Мұның барлығы, Жер ананың қасиетті де, киелі мирас екендігін көрсетеді.

Осы ретте «ҚР-ның Жер кодексіне» енгізілген өзгерістерге байланысты халықтың ерекше қызығушылық танытып, мәселенің қоғамдық резонанс деңгейіне көтерілуінің өзін қалыпты жағдай деп қабылдауға болады. Тіпті, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жер тағдырына алаңдаушылық танытқан халыққа ризашылығын жеткізді. Бұл халықтың рухани тұрғыда биік екендігін көрсетеді.

Екінші мәселе, осындай күрделі кезеңде кейбір саяси топтардың ұпай жинап қалуға тырысатындығы ойландырады. Дәл қазіргі жағдайда біздің алдымызда мұндай арандатушылықтың алдын алу міндеті өткір тұр. Халқымыз бүгінгідей қаржы дағдарысы кезінде  бірліктің ең маңызды фактор екендігін ұғынса деймін.

Осы орайда мәселеге Елбасының тікелей араласып отырғандығына бұқара назарын аударғым келеді. Мәселеге байланысты, ең алдымен, мораторий жарияланды, Министрлер кабинетінде өзгерістер орын алды және арнайы жұмыс комиссиясы құрылды. Және оның құрамына сала мамандары, жермен күнделікті жұмыс атқарып отырған аграрлардан бөлек, Мұхтар Шаханов сынды ел сыйлайтын тұлғалар енгізілді. Комиссия құрамында «Родина» агрофирмасының жетекшісі Иван Сауэр де бар. Ол кісіні жеке басым жақсы танимын. Ең бастысы, ол – өз саласының кәсіби маманы. Міне, осындай қадамның өзі жер мәселесіндегі сұрақтардың жан-жақты сараланып барып шешілетіндігін көрсетеді. Өйткені, олар – шын мәніндегі ахуалмен таныс адамдар. 

Айта кетер жай, жер игерілмей жатпауы керек. Жерді игеруге байланысты мәселе қазір Германия, Ұлыбритания сынды алпауыт елдерде де өткір тұр. Бүгінгідей экономикалық қиындық жағдайында  қолда бар байлықты тиімді пайдалану маңызды. Сондықтан, өз жерімізге технология енгізіп,  толыққанды игеруге жұмыстанатын кез жетті.

Александр ДУМЛЕР,

облыстық мәслихат депутаты.

Сенімге  селкеу түспесін!..

«Шетелдіктер қазақстандық жерлерді жаппай жалға алып жатыр» деген ақпарат шындыққа сай келмейді. Себебі, олар қазіргі кезде 65 мың гектар жерді, яғни алқаптың 0,065%-ын  жалға алып отыр» деп мәлімдеді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, жер комиссиясының мүшесі Мұхтар Құл-Мұхаммед Алматыда өткен кездесу барысында.

Белгілі болғанындай, ел аумағында ауыл шаруашылығы мақсатында жүз миллионнан  астам гектар алқап пайдаланылады. Оның ішінде сатып алынған алқап көлемі – 1,3 миллион гектар. Ал, қалған бөлігі жалға алынып отыр.

Бас партия төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің айтуынша, жерді жалға беру институты – аграрлық секторға ұзақ мерзімдік капитал тарту үшін қажет. Онсыз ауыл шаруашылығы секторының отандық экономиканың локомотивіне айналуы екіталай.

 «Азаматтардың алаңдауына еш негіз жоқ. Себебі, жер мәселесіне қатысты Мемлекет басшысының ұстанымы берік. Қазақстандық жердің шетел азаматтары мен компанияларына сатылуына Президент түбегейлі қарсы. Бұл мәселе отандық заңнамада анық көрсетілген және де оның сақталуы қатаң бақылауда» деді ол.

Өз  тілшіміз.

Бірлік  ұйыған  елге береке  ұялайды

 

Адамзат баласы қауымдасып, бір мекенге топтасып өмір сүруге бейім жаратылған. Топтасып өмір сүрудің де өзіндік хикметі бар. Егер қайсыбір қауымның өмір тіршілігінде бірлік, ынтымақ, имандылық, өзара келісім, ортақ түсінік сынды құндылықтар басты орынға қойылса, сол халықтың берекесі артады.

Тұрақтылық бар жерде татулық орнайды. Татулық бар жерге Алла береке нәсіп етеді. Ынтымағы ыдыраған елден ырыс та кетеді. Біз мұндай жағдайды алыстағы елден емес, жақындағы көршілерімізден-ақ көріп отырмыз.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап беретін, сонымен қатар, жаңа тарихи жағдайларда ұлтымыздың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі «100 нақты қадам» жоспарын жариялады. Бұл бағдарлама күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын болады. Осы құжатта әлеуметтік көмек, сапалы білім беру, медициналық көмек сынды халыққа қажетті мемлекеттік қолдаулар айтылды. Дұрыс білім алған, дені сау адам елдің игілігі мен өркендеуіне көбірек үлес қосатыны даусыз.

Мемлекет басшысы ешқашан жеті рет өлшеп, бір рет кеспей шешім қабылдамайды. Басшыға бағыну – кәміл мұсылманның бір парызы, ал басшылық қашанда халықтың игілігіне жарайтын шешімдер қабылдайды. Сондықтан, қазіргі таңдағы қоғам ішінде туындап жатқан түрлі мәселелерге кең түсіністікпен қарап, ел ішінде тыныштықты, ауызбіршілікті сақтап, ұйымшылдыққа ұйытқы болуға үлес қосу – әрбір мұсылманның міндеті болып  табылады.

Қазіргі күні біздің қоғамымызда жер мәселесіне қатысты жұртшылық тарапынан туындаған алаңдаушылықтарға байланысты «ҚР Жер кодексінің» жекелеген баптарына Елбасымыз мораторий жариялағандығы дүйім жұртқа мәлім. Сондықтан, жер мәселесін Елбасымыз айтқандай, ақылға салып, қоғамдық талқыдан өткізіп барып оңтайлы шешім жолын ұсынуымыз қажет.

Әрбір адамның жаны, өмірі – өзіне аманат болса, бүгінгі адамзат қоғамын тұтас қалыпта, дұрыс бағытта ұстап тұру да – баршаға аманат екендігін ұмытпайық. Қазақ елінің ішкі тұтастығы мен қауіпсіздігін, тыныштығын сақтауда құлдай еңбек етіп, көзіміздің қарашығындай қорғауымыз – азаматтық парызымыз, һәм мұсылмандық міндетіміз.

«Біз мемлекетімізге не бере алдық?», «Отан үшін не істедік?» деген сұрақтар әрбір мұсылманды мазалауы қажет.

Еліміздегі әрбір кәсіп немесе мамандық иесі өз саласы бойынша сапалы түрде қызмет етер болса, Елбасымыз меже етіп көрсеткен дамыған отыз елдің қатарына енуіміздің ауылы алыс  емес.

Ержан  қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі.

 

Ақылдасып алғанның айыбы  жоқ

Жер – тіршіліктің, молшылықтың, мемлекеттіліктің негізі. Бізде «жер тағдыры – ел тағдыры»  деп, халқымыз мекен еткен жеріне мейлінше маңыз берген.

Сондықтан да болар, Жер кодексіне енгізілген өзгерістер жайлы биылғы сәуір айында әртүрлі алып-қашпа әңгімелер басталып, бертін келе үлкен тақырыпқа айналды. Халық арасында көптеген сұрақтар да туындады.

Ақыры, бұл мәселеге Елбасы өзі араласып, Кодекске өткен жылы енгізілген төрт норманың күшіне енгізілуіне тоқтау салып, мораторий жариялады.

Елбасының бұл көрегенділігі көпшіліктің ойынан шықты және дер кезінде алынған өте дұрыс, әрі ұтымды шешім болды. Бұл жер мәселесін түбегейлі реттеуге, жерді пайдалану жөніндегі тәртіпті бір жүйеге келтіруге айрықша маңыз беретін тоқтам деуге саяды.

Жерді шетел азаматтарына бұрынғы қолданыстағы заңда, не қазіргі өзгерістерде «сату» деген сөз жоқ. Жер бұрын да сатылған жоқ.  Осылайша, аталмыш құжаттың талай жұрттың күмәнін туғызып, таласын қыздыра бастаған тақырыптарды қайтадан пысықтап, ойларын ортаға салуға, бір мәмілеге келуге  мүмкіндік те, уақыт та беріліп отыр.

Қазіргі жағдайда жергілікті лауазымды тұлғаларға, зиялы қауым өкілдеріне қалыптасқан жағдайды егжей-тегжейлі зерделеп, халыққа түсіндіріп, ұғынықты тілмен жеткізуді тапсырды. Қазір Мақат ауданында жер заңнамаларын түсіндіруге байланысты құрылған комиссия кәсіпорын-мекемелердің ұжымдарында болып, кесте бойынша кездесулер ұйымдастыруда. Жұртшылық мұны түсіністікпен қабылдауда.

Сәбит  ХАЛЕНОВ,

Мақат аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

 

Мұхтар  Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан»  партиясы  төрағасының бірінші  орынбасары:

Жалпыұлттық  диалог ортақ шешімге  бастайды

«Елбасымыз халықтық мүдденің ол үшін алғашқы орында екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Мұндай кең ауқымды жалпыұлттық диалог қазақстандықтарды мазалап отырған жерге қатысты барлық мәселелерді шешуге мүмкіндік беретіні сөзсіз».

(Жер комиссиясының Алматыдағы кездесуде айтқан сөзінен).

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз