Жарнама
Қоғам

ӨЗ ҰЛЫН, ӨЗ ЕРЛЕРІН ЕСКЕРМЕСЕ, ЕЛ ТЕГІ АЛСЫН ҚАЙДАН КЕМЕҢГЕРІН…

— Кемелінен асып түскен кемел ойымен келешектің кілтін тағы да нақты ұстата білген Елбасымыз – Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің үстіміздегі жылдың 11 қарашасында жасалған «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында: «Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымыздың мақтанышы да, гүлденген келешектің сенімі де «Мәңгілік Ел» деген құдіретті ұғымға сыйып тұр. Отанды сүю, бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп табыстау деген сөз. Барша қазақстандықтардың жұмысының түпкі мәні осы»  деп қадап айтты.

Расында да, мәртебелі болашақ туралы армандай отырып, мерейлі өткенімізді де жадымызда сақтағанымыз жөн. Өйткені, тарихты жеңіл-желпі аңыз сөздердің жиынтығы деп қарайтын адамдар тарихтан тағылым ала алмайды. Сол себепті де, тарихтағы тар жол, тайғақ кешулердің ізін уақыт ешқашанда ұмыттырмақ емес. Нақ осы егемендігіміз шарықтап, орныққан бейбіт заманды маңдайымызға жазған Тарих біздің ұрпаққа тәуелсіздік бастауында тұру құрметін бұйыртты. Бұл – біздің бақытымыз. Алайда, егемендіктің оңайлықпен келмегенін Елбасымыз әркез қайталап айтып келеді, міне, тарихқа тағзым етудің, Тәуелсіздігіміз жолында жанын пида еткен ерлерімізді ұлығылаудың мәні де осында жатыр деп білемін.

— 1836-1838 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Исатай Тайманұлына кесене орнату  батырдың 200 жылдық мерейтойы өткен 1991 жылдан бері айтылып келе жатқаны мәлім. Биыл бір топ атыраулықтардың қолдауымен ұзақ жылдар бойы көкейде жүрген осы мәселе оң шешімін тауып, батыр басына кесене орнатылды. Осындай игілікті іске бастамашы болып, ел тілегін бір арнаға тоғыстырғаныңыз сіздің азаматтық батылдығыңыз деп білеміз. Бұл істі қолға алғандағы көздеген түпкілікті мақсатқа қаншалықты дәрежеде қол жеткізілді?

— «Өткенсіз бүгін жоқ» деген қағиданың мән-маңызы туралы жаңа айттым ғой. Енді, нақтырақ айтсақ, әр халықтың тарихында есімі мәңгі өшпестей сақталған тарихи тұлғалар болады. Қазақ халқының тарихындағы сондай киелі тұлғалардың бірі әрі бірегейі – Исатай батыр. Дауға салса – алмастай қиған, сезімге салса – қырандай қалқыған, ойға салса – қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан бола білген Исатай батырдың өмірге деген құштарлығы, азаттықты аңсауы қашанда еңсесі түскен елді қайыра түлетіп, қайтадан тәуекел тұғырына қондырып отырғаны ақиқат.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай: «Исатай мен Махамбеттің – екеуінің де аңсаған арман-мұраты – елдің еркіндігі мен тәуелсіздігі, бірлігі мен ынтымағы болатын». Осы орайда, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің ұмыт қалған дүниелерімізді қайта жаңғырту бағытында осынау игілікті істі назарынан тыс қалдырмай, жан-жақты қолдау көрсеткенін, кесене құрылысының сапалы әрі уақытылы салынуын жіті бақылауда ұстағанына Қобда елі дән ризашылықтарын жеткізгенін де айта кеткен жөн.

Бабаларын қалтқысыз қастерлей алған халық балаларының болашағын да қапысыз қамдай алмақшы. Сол себепті де, Исатай ауданының әкімі қызметін атқарған уақытымда Ақтөбе облысының Қобда ауданымен екіжақты ынтымақтастық меморандумын жасақтап, көп жылдар бойы айтылып келетін батыр басына кесене салу мәселесін көтерген болатынбыз.

Осы шараның ізін суытпай Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде батыс өңірінің белгілі зерттеушілерінің қатысуымен «Ұлттық тарихты зерделеудегі өлкетанудың ролі» тақырыбында өткізілген республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда батыр басына кесене тұрғызу мәселесі тарихшылар тарапынан толықтай қолдау тапты.

Исатай батыр атындағы қоғамдық қор ашу, Атырау облысының Исатай ауданында батырға ескерткіш орнату, ата-бабаларымыздың даңқты тарихы атының тұяғымен жазылып, Исатай батыр мәңгілік мекенін тапқан қасиетті Қобда жерінде кесене салу сияқты үлкен парасаттылық пен жауапкершілікті талап ететін сауапты істі қолға алғандағы біздің басты мақсатымыз – Исатай батырдың тарихтың ақтаңдақ қатпарларының астында қалып қоймай, өзіне лайықты бағасын алуына ықпал ету болатын.

Исатай батыр рухын ұлығылау, оның арда есімін Елбасының Мәңгілік Ел болу идеясының басты бір негізіне айналдыру, сол арқылы кейінгі ұрпаққа патриоттық тәрбие беру шараларын жүзеге асыру мақсатында, ең алдымен,  Исатай ауданының орталығы – Аққыстау селосындағы мәдениет үйінің алдына батырдың мүсін-ескерткіші (төмендегі суретте) орнатылды. Екіншіден, құм ішінде елеусіздеу қалып бара жатқан Исатайдың әкесі, заманында елінің беделді адамдарының бірі болған Тайман қарттың басы да қарайтылып, ескерткіш белгі қойылды. Исатай ауылындағы батыр атындағы мектепте арнайы мұражай жасақталып, әрбір құнды жәдігердің өткен тарихты қайтадан жаңғыртуына баса назар аударылды.

Күні кеше ғана, өкпек желді қарашаның 20-сыншы жұлдызында Ақтөбе облысы, Қобда ауданының Шейітсай жерінде бой көтерген Исатай Тайманұлы кесенесінің салтанатты ашылу рәсімі өткізілді. Жарты ғасырға жуық уақыт бойы елдігіміз бен азаматтығымызға сын болып келген күрмеулі мәселе осылайша өз шешімін тапты.

Бізге Исатай батырдың жерленген жері туралы өлкетанушылар мен тарихшылардың пікірі екіге жарылып, қайшылық тудырғаны да белгілі. Бұл жөнінде төрелігін айтуға тырысып, арғы-бергі нақты деректерге жүгініп өзіміз де әлденеше рет қалам тербедік. Осы хақында өзіңіз не айтар едіңіз?

— Жалпы, зерттеуші тарихшылардың бір бөлігі «Исатай батыр Шолақмолада жерленген» деген пікір айтса, енді бір шоғыры «мәңгілікке тыныстаған жері – Шейітсайда» деген қорытынды жасап келгені рас. Айталық, жергілікті тарихшы-ғалым, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Амангелді Шамғонов тарихи деректерге жан-жақты талдау жасай келіп, «Исатай батыр Шолақмолада емес, Шейітсайда жерленген» деген қорытындыға келеді. Сонымен қатар, тарихшы-ғалым Исатай Кенжәлиев, ақтөбелік белгілі журналист Идош Асқар, ғалым Хаттар Дүйсенәлиев те өздерінің зерттеу мақалаларында  «батыр жерленген жер – Шейітсайда» деген нақты байлам жасайды.

Жалпы айтқанда, Исатай бастаған шаруалар көтерілісінің соңғы шайқасы осы Шейітсайда болған, батырдың ақтық демі де осы жерде үзілген. Демек, менің ойымша да, «Исатай қаза болған жер осы – Шейітсай» деген пікір шындыққа жанасады. Ел халқының ауызында жүрген аңыз әңгімелерде де батырдың соңғы соғысы нақ осы жерде болғандығы айтылады.

Елдік пен бостандық жолындағы күресіміздің байырғы скиф, ғұн, оғыз, сақ, үйсін, қаңлы, қыпшақ замандарынан кешегі шерлі Желтоқсанға дейінгі сан ғасырлық шежіресінде ел бостандығы мен келер ұрпақтың тәуелсіздігі жолындағы Исатай батыр мен Махамбет бастаған қозғалыстың орны ерекше. Сондықтан да, батыр басына кесене тұрғызу ел тұтқасын ұстаған азаматтардың елдің ертеңін ойлағандықтан туған игілікті іс деп ұғынғанымыз абзал.

— Осы аз ғана уақытта ерекше ұйымшылдықпен іске асырыл-ған елдік шаруаға өзіндік үлес қосқандарды да біле отырсақ…

— Өз басым батыр басына күмбезді кесене орнатуға исатайлықтардың ерекше ықыласпен кірісіп, демеушілік қолдау көрсеткендігін баса айтқым келеді. Бұл істің «Сазанқұрақ» мұнай компаниясы тарапынан толықтай қолдау табуына бір адамдай атсалысқан мекеменің жергілікті өкілі, арда туған азамат Әлібек Семғалиевтің, сондай-ақ, Маңғыстау облысы, Жаңа-өзен қаласының әкімі Серікбай Өтегенұлы Тұрымовтың шынайы еңбегін ерекше атап өткен жөн. «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, Ел тегі алсын қайдан кемеңгерін» деген даналыққа сай, әрбір істі жүрек таразысына салып, үлкен жауапкершілік деп сезінетін осындай арыстай азаматтарымыздың көптігі көңіл қуантады. Кесененің ашылу салтанатында Исатай Тайманұлының бесінші ұрпағы, сексеннің сеңгіріндегі Ғазиз Жұмашұлы Шамақов ақсақал баба басын қарайтып, кесене тұрғызуда нақты істерді қолға алған облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетовке, ел азаматтарына батыр ұрпақтарының атынан шынайы ризашылық сезімін білдірді. Ғазиз ақсақал былтыр Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қабылдауында болғанын, сол кезде өңір басшысы Исатай Тайманұлына кесене міндетті түрде келесі жылы көтерілетінін айтқанын есіне алды. «Сөз бен істің бірлігі дегеніміз – осы» деді ол.

Ашылу салтанатына Атырау облысынан Жанай Беркәлиев, Зұлбұхар Сүйнешов, Рысқали Сисатов ағаларымыз да қатысып, өздерінің жүрекжарды қуаныштарын ағынан ақтарды.  Кесененің ашылуына орай өткізілген шарада қобдалықтар атынан қонақтарды қабылдаған Қобда ауданы әкімі Асқар Дүйсебалиев, өзге де белсенді азаматтар бұл атыраулық әріптестері мен қонақтарына мейілінше ілтипат көрсетіп, сый-тартуларын жасады. Өз кезегінде атыраулықтар да сый-сияпатын көрсетіп, қошеметке бөледі.

Жалпы, біз осындай тұлғаларымызға тағзым етуді тарихтан тағылым, ұлылықтан ұлағат алу үшін өткізуіміз керек. Өйткені, бұл – ел боламыз деген халықтың тарих алдындағы парызы. Тарихты елдің азаматтары жасайды. Қазақты еш уақытта сырттан жау ала алмайтынын, әлсіресе – алауыздықтан әлсіреп, күшейсе – бірліктен күшейетінін түсінген Исатай батырға ел болып кесене орнатылуы – сөз жоқ, тарихта қалатын оқиға. Бұл ретте көкжиекпен астасып, үнсіз мүлгіген бейіт-қорымдар  әлемдік ауқымдағы оқиғалардың куәсі екендігін ешкім жоққа шығара алмайды.

Мәртебелі болашақ туралы армандай отырып, егемендікпен нұрланған бейбіт өміріміз, қамсыз тірлігіміз жолында «күмбір-күмбір кісінетіп, күреңді мінген» жалаңтөс батырларды, «сөйлесе сөздің шешені, бастаса елдің көсемі» болған қазына кеуде қарттарды лайым жадымызда сақтау – ұрпақ алдындағы басты парызымыз.

Нұрлыбек Жұмахметұлы, биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап көршілес Батыс Қазақстан облысының Орал қаласы және Атырау қаласы әкімдіктерінің бастамасымен өз жұмысын бастаған «Жайық — Сарайшық» ғылыми экспедициясы туралы да айтсаңыз. Оның негізгі мақсаты қандай?

— «Жайық — Сарайшық» ғылыми экспедициясы қоғамда тарихқа деген жаңа көзқарасты қалыптастыру, тарихи деректерді насихаттау мақсатында екі облыс аумағындағы Жайық өзені бойындағы ортағасырлық қалаларды зерттеу бағытында жұмыстануда. Ғылыми-экспедиция үстіміздегі жылдың қыркүйек айында бұрын болған Сарайшық, Лаэти, Жайық қалаларының орнын зерттеумен айналысты.

Жайық бойы қалаларының жасын нақтылау және хронологиясына қатысты мәселелерге Қазақстан мен Ресей ғалымдарының назарын аудару, Жайық бойындағы ортағасырлық қалалардың тарихы жөніндегі оқу құралдарын әзірлеу, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу, топо-фото-бейне түсірілімдер, археологиялық қазбалар, далалық зерттеу жұмыстарын жүргізуді мақсат еткен ғылыми экспедиция қорытындысы бойынша ұлттық тарих пен археологияның ашқан жаңалықтары, жетістіктері бұқаралық ақпарат құралдары  арқылы одан әрі насихатталып, халыққа ұсынылатын болады.

«Жайық — Сарайшық» ғылыми экспедициясы құрамында Батыс Қазақстан облысының тарих және археология орталығы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Ресей Федерациясының Орынбор қаласындағы Ресей Ғылым Академиясының дала институты, Ресей Федерациясы Астрахан қаласындағы Астрахан мемлекеттік университеті, Мәскеу қаласындағы Ресей Ғылым Академиясы, Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институты ғалымдарының қатынасуы бүгінгі таңда тарихқа жаңаша көзқараспен қарап, оған дұрыс бағасын беруді қажет ететіндігін көрсетті.

«Жайық — Сарайшық» ғылыми экспедициясының қазіргі күнге дейін ашқан жаңалығы, қол жеткізген нәтижесі қандай?

— Ғылыми экспедиция жыл сайын тұрақты түрде тамыз-қыркүйек айларында зерттеу жұмыстарын жүргізетін болады. Зерттеу қорытындыларының негізіне сүйеніп, жергілікті ғалымдардың «Батыс Қазақстанның ортағасырлық қалалары» атты кітабын дайындау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Қайыршақты селолық округіне қарасты Томарлы селосынан оңтүстік-шығысқа қарай 1,5 километр қашықтықта орналасқан ортағасырлық Ақтөбе-Лаэти қалашығының орнын зерттеу, ондағы құнды  жәдігерлерді қорғау шаралары да – уақыттың еншісінде. 

Келер жылы Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіс туын желбіреткенімізге де 70 жыл толғалы отыр. Осынау торқалы тойды өз дәрежесінде атап өту бағытында нендей тағылымды шаралар белгіленіп, атқарылуда?

— Былтырғы жылы Минск қаласында ТМД елдері Ұлы Жеңістің 70 жылдығын тойлауға байланысты арнайы құжатқа қол қойған болатын. Осы жоспарды жүзеге асыру бағытында адамзат тарихындағы қанқұйлы соғыстың аяқталып, өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқтың, халқымыздың шексіз қаһармандығы мен қажыр-қайратының, еңселі елдіктің рухы өрлеп, қол жеткізген Жеңісіміздің 70 жылдығын үлкен көлемде атап өту мақсатында облыс әкімі бекіткен іс-шаралар кешені жасақталды.

Атырау қаласындағы жеке сектордағы, шетелдік компаниялар жанындағы емдеу-сауықтыру мекемелері қаладағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерін тегін емдеу, дәрі-дәрмекпен қамту мақсатында арнайы демеушілік көрсетіп, бүгінгі таңда Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің денсаулығын тұрақты бақылауға алып отыр. Сонымен қатар, тамыз айынан бастап әр айдың соңғы сәрсенбісінде соғыс және тыл ардагерлерімен дәстүрлі түрде кездесулерге тұрақты орын белгіленіп, бұл жүйелі ұйымдастырылуда. Ағымдағы жылдың тамыз айында өткізілген кездесуге облыстық Салық басқармасы, қыркүйек айында Атырау мұнай-өңдеу зауыты, қазан айында «ЕмбіМұнайГаз» Акционерлік қоғамы, қараша айында «Атырау Жарық» мекемелері демеушілік көрсетіп, қаладағы 52 соғыс ардагеріне қаржылай көмектерін ұсынды. Бұл үрдіс желтоқсан айында «Теңізшевройл» компаниясы тарапынан жалғасын табады деп отырмыз.

— Өңірімізден 9 Кеңес Одағының Батыры, 1 Халық Қаһарманы, 4 Даңқ орденінің иегері шыққаны мәлім. Жеңістің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында жас ұрпаққа солардың ерліктерін насихаттау бағытында қандай нақты іс-шаралар жүзеге асырылмақ?

Жоспар аясында облыс орталығында қыркүйек айынан бастап ай сайын «Ұлы Жеңістің Ұлы Батырлары» ұранымен олардың әрқайсысына арналған ерлік айлығы дәстүрлі түрде өткізілуде. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Боран Нысанбаевтың, қазан айында Александр Афанасьевтің, қараша айында Қайырғали Смағұловтың ерліктерін насихаттауға бағытталған тағылымды шаралар ұйымдастырылды.

Осы шаралар шеңберінде 30 қазан мен 4 қараша аралығында бір топ атыраулықтар Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұлов пен қазақ жауынгерлерінің жанқияр ерліктерінің куәсі болған Керчь қаласына арнайы іссапармен барып қайтты. Әскери-патриоттық экспедиция құрамында Қайырғали Смағұловтың келіні, тарихшылар, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, Атырау политехникалық колледжінің оқытушылары мен студенттері болды. Олар Қайырғали Смағұловтың соғыс жылдарындағы ең басты ерліктері өткен Керчь қаласының Эльтиген ауылында болу, майданнан оралмаған боздақтардың рухына тағзым ету, мұражайлардағы деректерді зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Ұлы Отан соғысындағы батыр бабаларымыз бен қаһарман аталарымызды, тылда еңбек еткен ардагерлерімізді ұлықтап, ерліктеріне бас иіп, оларды мәңгі ел жадында жаңғыртып дәріптеу – біздің басты мақсатымыз.

— Аға ұрпақтың абыройлы істерін одан әрі жалғап, бізден кейінгі ұрпақ жаңылмай жүретін тарихи сүрлеуді салуға азаматтық та, перзенттік те үлес қосатын қызметіңізге табыс, деніңізге саулық тілеймін!

 

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ,

ҚР Мәдениет қайраткері,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

 

P.S. Қашанда өткенге салауат айтып, жарқын болашақтан жақсы үміт күткен, бабалар басының қадірін арттыруды басты мұрат санаған азаматтардың әрбір ісі – кейінгі жас ұрпаққа таптырмас үлгі-өнеге.

Бүгін, міне, жаңа мыңжылдыққа нықтап қадам басқан шақта Исатайдай оғланымызға кесене орнатылып, батыр ерлігінің ұлықталуы – бар өнерін бармақтың басына, тілдің ұшына қондырған халқымыздың аңсаған арманының ақиқатқа айналып, ақ түйенің қарны жарылған мерейлі сәті деп білеміз.

Көк мұнар бұлттармен астасып, тарихи тамырластықтың ұлы арнасын орнатқан Исатай батыр басындағы күмбезді кесене біздің тарихи көшімізді ғасырдан ғасырға жалғай беретініне бек сенімдіміз!

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button