МЕКТЕПТЕГІ МЕРЕКЕЛІ КҮН

Алғаш құрылған күнінен бастап аймақтың әлеуметтік саласын дамытуға белсенді атсалысып келе жатқан «Каспий Құбыр Консорциумы» (КҚК-К) акционерлік қоғамы таяуда тағы да бір игілікті іске мұрындық болды. Нақтылай кетсек, аталмыш компанияның демеушілік көмегімен Атырау қаласындағы №22 орта мектеп ғимаратына жапсаржай салынып, пайдалануға берілді.

Бұл «КҚК-К»-ның  тарапынан жалғасын тауып, көптің игілігіне жараған  тағы бір жақсы ісі болды. Іргетасы осыдан 45 жыл бұрын қаланған мектепте дәріс алатын оқушылар санының жылдан-жылға көбейіп, белгіленген жүктеменің арта түсуі біраз қиындықтар келтіретін. Бір ғана мысал: жоба бойынша 450 балаға арналған мектеп екі ауысымдық әдіспен жұмыс жасайтын. Тек жаңадан ғана тәмамдалған 2013-2014 оқу жылында мұнда 1082 оқушы дәріс алып шыққан.

Осындай салмақты сәл де болса жеңілдетіп, қалыптасқан ахуалды оңалту мақсатында компания басшылығы 60 млн. теңге көлемінде демеушілік қаржы бөліп, екі қатарлы қосалқы ғимарат салып беруді ұйғарды. Ал, құрылыс-монтаж жұмыстарын мердігер мекеме ретінде анықталған, бұл салада тәжірибесі де жеткілікті «Верцхли-2010» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мойнына алып, белгіленген мерзімінде  жоғары жауапкершілікпен атқарып шықты. Осылайша, бас-аяғы бір жылдың шамасында 120 оқушыға шақталған алты пән кабинеті, салтанат залы бар, заманауи санитарлық-техникалық жүйемен қамтылған, кең де сәулетті ғимарат игілікке берілді.

Жаңа нысанның тұсаукесер рәсімінде мектеп директоры Сара Қабибуллина салтанатты сәтте жиналғандарды қуаныштарымен құттықтады.

– Өздеріңізге мәлім, салынғанына жарты ғасырға жуықтаған бұл мектеп қаладағы байырғы білім беру мекемелерінің бірінен саналады. Бүгінгі таңда мектепалды даярлық топтарын қосқанда мектебімізде 42 сынып жұмыс жасайды. Оларда оқитын мыңның үстіндегі шәкіртке 70-ке тарта мұғалім дәріс береді, бәрі де дерлік – өз ісінің білгірлері, майталман шеберлері. Араларында жоғары санатты, тәжірибелі, үнемі шығармашылық ізденіс үстінде жүретіндері де аз емес. Соның нәтижесінде әр жыл сайын жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, сабақ үлгерімінен де, сапа көрсеткіші жөнінен де айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп келеміз. Мектеп мақтанышына айналған, мемлекеттік сынақтарда жоғары нәтижелерді көрсетіп жүрген шәкірттеріміз де жеткілікті, – деді Сара Фатихқызы. – Осы жетістіктерді әрі қарай да жалғастырып, биіктерден көріну үшін бірінші кезекте мектептің материалдық-техникалық базасы уақыт талабына сай болуы керек. Осыдан сегіз жыл бұрын «Аджип ҚКО» компаниясының көмегімен мектеп үйі толықтай күрделі жөндеуден өткізілген-ді. Енді, міне, «КҚК-К» компаниясы жаңа да жарық, жайлы жапсаржайды сыйлап, тек ұстаздарды ғана емес, шәкірттер мен ата-аналар қауымын да үлкен қуанышқа кенелтуде. Сол себепті де осы отырған баршаңыздың атыңыздан қаржылай демеуші және мердігер компаниялардың басшыларына зор ризашылығымды білдіремін. Өз кезегінде осыған ұйытқы болған салалық бөлім, басқарма басшылығына да рахметімді айтамын.

Келесі кезекте сөз алған Атырау қалалық білім бөлімінің әдіскерлік кабинет меңгерушісі Нұрлы Қабдешова да әріптестеріне, демеуші, құрылысшы кәсіпорындардың өкілдеріне жылы лебізін арнады. Содан кейін  «КҚК-К» компаниясы бас директорының орынбасары Қанатбек Жумин мен «Верцхли-2010» ЖШС директоры Алексей Эпиташвилиге қалалық білім бөлімі басшысының атынан жазылған Алғыс хаттарды тапсырды.

– Пейілдеріңізге бек рахмет. Бұл біздің Атырау өңірі үшін жасалған, соның ішінде әлеуметтік салаға бағытталған бірінші қадамымыз емес. Он бес жылдан бері мүмкіндігіміздің шеңберінде осындай көмек-қолдауымызды көрсетудеміз. Мәселен, былтыр Махамбет ауданының Ақтоғай селосында жаңа мектеп үйінің салынуына себепші болдық. Бүгін, міне, сіздермен де көптен күткен қуаныштарыңызды бірге бөлісіп, салтанатты сәттің куәсі болудамыз. Және де мұны консорциумның қаражатына жүзеге асырылған айтуға тұрарлық ірі жобалардың біріне санаймыз. Одан бөлек, жаңа нысанға көрімдік ретінде қазіргі заманда аса қажетті оқу құралдарының бірі – интерактивті тақтаны тарту етіп отырған жайымыз бар, – деп түйіндеді «КҚК-К» компаниясы бас директорының орынбасары Қанатбек Райханұлы.

Осылайша, ағынан жарылған әріптесінің ойын «Верцхли-2010» ЖШС директоры Алексей Пектрович те құптады. Мердігер мекеме басшысының әңгімесінен құрылыс-монтаж жұмыстарының кестеге сай, сапалы жүргізілгенін, әсіресе, көп жылдар бойына проблемаға айналып келген мәжіліс залының да осында қамтылып кеткені өте дұрыс ойластырылған шаруа болғандығын аңғардық.

Құттықтаушылар легіне мектептің ата-аналар комитетінің төрайымы Оксана Турыжникова қосылып, егемен еліміздің ертеңі – балалар үшін жасалып жатқан жақсылыққа риза көңілін жеткізді.

Осы сәтті пайдаланып, біз әңгімеге тартқан ұстаздар да бұл күні зор қуаныш үстінде екендіктерін жасырмады. Солардың бірі – география пәнінің мұғалімі  Маргарита Закарьяева өз ойын былайша сабақтады:

– Он бес жылдан бері ұстаздық етемін. Азды-көпті жетістіктерім де баршылық. Тек, өз алдына пән кабинетінің жоқтығы мені де, әріптестерімді де қатты қынжылтатын. Жапсаржайда сол жағы ескеріліпті. Салтанат залының да бірге салынғандығына қатты қуандық.

Ағылшын тілінен дәріс беретін Альфия Бисенғалиева да қосалқы ғимараттың пайдалануға берілуімен байланысты көп мәселенің түйіні шешілгенін атап айтты.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз