Жарнама
Қоғам

ӨЗ ҚҰҚЫН БІЛГЕН ҰТЫЛМАЙДЫ

Шыны керек, белгілі бір кәсіппен айналысып жүргендердің бәрі бірдей өз құқықтарын біле бермейді. Оларды осындай қиын жағдайлардан сақтандыру тұрғысында облыстық жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер одағының атқарушы директоры Нина Темірбаева, құқықтық статистика және арнаулы есеп орталығы басқармасының бөлім бастығы Сәуле Төлегенова, одақ заңгері Валентина Клименко кәсіпкерлер қойған сауалдарға жауап берді.

Кәсіпкерлерге түсінік жұмысын жүргізген мамандардың айтуынша, өтіп бара жатқан жыл ішінде кәсіпкерлерге айтарлықтай тексеру жүргізілмеді. Бұл тексеру жұмысын шектеген мораторийге байланысты болды. Енді жаңа 2015 жылдан бастап кәсіпкерлерді тексеру қайтадан қолға алынады. Айтқандай, тексерушінің қолында өзінің жеке бас куәлігі, тексеруге рұқсат беретін екі мөр соғылған арнаулы құжаты болуы керек. Әрі тексеруші прокуратураға тіркелуі міндетті. Тағы бір ескеретін жайт — кәсіпкер тексерушіге құжаттарының көшірмелерін ғана береді. Осы тұста кәсіпкерлер одағының атқарушы директоры Нина Темірбаева: «Егер кәсіпкердің соңғы үш жылдағы кірісі бұрынғыдай болса, оған тексеру жүрмеуі де мүмкін. Ал, егер соңғы жылдары кіріс көлемі едәуір түсіп кетсе, онда күдік туып, тексеру жүруі ықтимал…» — деді.

Сондай-ақ, тексерушінің қолындағы құжатта кәсіпкерді тексеретін күні көрсетілетін көрінеді. Сол бойынша ол сол уақытта баруы міндетті. Бұдан басқа, кездесу барысында алдағы 2015 жылы жаңа «Әкімшілік кодексі» жарияланатыны туралы да әңгіме болды. Кездесуге келген кәсіпкерлердің бәрі дерлік: «Біз өз құқымызды біле бермейміз ғой. Мына кездесу үлкен сабақ болды. Алдағы уақытта да кәсіпкерлікке қатысты шығып жатқан заңдармен таныстырып отырса, өте жақсы болар еді», — десіп, оны ұйымдастырушыларға көптен-көп алғыс айтты.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button