ӨТКЕНГЕ – ТАҒЗЫМ, БОЛАШАҚҚА – ТАҒЫЛЫМ
Мемлекет құрылуының мерейтойына арналған шаралардың барлығы, ең алдымен, азаматтардың патриоттық сезімдерін арттыру мен қазақстандық мемлекеттілікті нығайтуға бағытталып келеді.
Елордамыз Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, сондай-ақ, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғыз Президенті Алмазбек Атамбаев, Түркия Ұлы ұлттық жиналысының басшысы Исмет Йылмаздың қатысуымен өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиын мерекелік шаралар қатарының қорытынды кезеңінің бірінші іс-шарасы болып табылады. (Жиынды ашып, жүргізген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөйлеген сөзі газеттің өткен нөмірінде толық жарияланды, — ред.) Атаулы мерекеге орай негізгі шаралардың екінші кезеңі Тараз қаласында жалғасады.
Елдің ең үлкен кітап көрмесі
Сол күні әйгілі ғалымдар, 18 елдің мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан, Иран, Египет, Белоруссия, Қырғызстан және басқа да елдердің мәдениет, ақпарат, білім және ғылым министрлерінің қатысуымен «Қазақ хандығынан – Мәңгілік Елге» ірі халықаралық кітап көрмесі мен Назарбаев университетінде «Ұлы даланың өшпес тарихы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.
Елдің ең үлкен кітап көрмесі саналған шарада отандық және шетелдік жазушылардың қазақ халқы мен Қазақ хандығының тарихына арналған еңбектері қойылды. Олардың қатарында Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы және қазақстандық жетекші баспалардың қорынан алынған бес жүзге жуық кітап болды.
Ал, ғылыми-тәжірибелік конференцияға әлемнің жиырма мемлекетінен келген шетелдік және отандық ғалымдар, халықаралық сарапшылар, бизнес қауымдастық өкілдері, жалпы алғанда, мыңнан астам қонақ қатысты.
Ұлы елдің өшпес тарихы
Жаңадан ашылған «Барыс» мұз сарайында ұйымдастырылған «Мәңгілік Ел» мерекелік театрландырылған қойылым салтанатты шаралардың шарықтау шегі болды. Екі мыңнан астам өнерпаз қатысқан мазмұны терең, ауқымды қойылым қазақ мемлекеттілігінің тарихын кеңінен баяндап берді.
Мерекелік көріністі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғыз Президенті Алмазбек Атамбаев, Түркия Ұлы ұлттық жиналысының басшысы Исмет Йылмаз да тамашалады.
Бұл көрермендер тек Олимпиада ойындарының салтанатты рәсімдерінде ғана тамашалай алатын ең ерекше және тартымды көрініс болды.
Шоудың әдеби сценарийі негізінде ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Тарих толқынында» кітабы алынған. Осы туынды театрландырылған мерекелік шараның негізгі арқауына айналды.
Мерекелік қойылымда Қазақ елінің тарихы мен қазіргі заманауи келбеті жеті тарау арқылы сахналанды. Әрбір тарауда мемлекетіміздің ел болып дамыған, ұлт болып қалыптасқан тарихи кезеңдері ән-күй, жыр-терме, хореография, хор секілді әртүрлі жанрлар арқылы қамтылды. Дала қасиеті мен халықтың болмыс-бітімі пластика тілімен суреттеліп, «Ұлы дала елі» деп аталатын тарауда «Алтын адамның» алаңға шығуымен басталған театрландырылған көрініс көрермендерді V-IX ғасырдағы Түркі қағанаты дәуіріне әкетті. Кейін Қазақ хандығының құрылуы көрініс тауып, қазақтың үш биі – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би туралы әңгімеленді.
XIX ғасырдың ұлы өнер, мәдениет және ғылым қайраткерлері туралы баяндалған «Дала ренессансы» тарауы кейін Қазан төңкерісі мен Ұлы Отан соғысына ұласты. Ал, алтыншы тарау Тәуелсіз Қазақстан тарихына арналса, соңғы бөлімде «ЭКСПО-2017» мен «Қазақстан–2050» стратегиялық құжатына арналған көрініс көрсетілді. Ал, финалдық кадрлар Ұлы дала халқының жаңа жарқын өмірінің нышаны — «Мәңгілік Ел» театрландырылған көрінісі арқылы паш етілді.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі өкілдерінің мәліметінше, бұл шараға «Наз», «Салтанат», «Туған жер», «Рухсара», «Жорға», «Шалқыма», «Алтынай» және тағы басқа би ансамбльдерімен қоса, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен келген өнер ұжымдары қатысты.
Қазақстан – Түркі кеңесінің төрағасы
Ақордада өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің V саммиті де ел тарихындағы атаулы мерекемен тұспа-тұс келді.
Ақпарат саласындағы ынтымақтастықты дамыту тақырыбында мерейлі саммитке Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен кеңеске мүше елдер — Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғыз елі басшысы Алмазбек Атамбаев, Түркияның Ұлы ұлттық жиналысының басшысы Исмет Йылмаз қатысты. Сонымен қатар, Түрікменстан Үкіметінің вице-премьері Сапардұрды Тойлиев те кеңестің арнайы қонағы болды. Ал, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бас хатшысы Р.Гасанов баяндама жасады.
Айта кетсек, өткен жылы бұл басқосу Түркияның Бодрум қаласында өткен болатын. Ендігі жылы кеңестің төрағалық тізгіні Қазақстанның еншісіне бұйырып отыр. Осы орайда, Елбасы өткен бір жыл бойына түркі елдері арасындағы ынтымақтастықты қалыптастыруға үлкен үлес қосып, кеңеске табысты төрағалық еткен Түркия еліне алғыс білдіріп, мемлекет басшыларына «түркілердің байырғы атақонысы – Қазақ жеріне қош келдіңіздерін» жеткізді.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаев бұл саммит түркі әлемінің интеграциясы жолындағы маңызды белес екендігін атап айтты.
Президенттің айтуынша, ұйым құрылғалы бері мемлекеттер арасында ынтымақтастық жолға қойылып отыр.
— Төртінші саммитте түркі әлемінің интеграциясы тұжырымдамасын әзірлеуге тапсырма берген болатынбыз. Тұжырымдама жобасын Түркі академиясы дайындады. Маңызы күн өткен сайын артып келе жатқан осы құжатты қабылдауды тездетуіміз керек, — деді Елбасы.
Түркі мемлекеттері арасында көлік инфрақұрылымын жетілдіру туризмді дамытуға да жол ашатынын мәлімдеген Президент Н.Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ пен Жібек жолы экономикалық белдеуі жобасының түйісуі Еуразия құрлығында экономикалық тұрақтылық пен өзара тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз ететінін баса айтты. Бұл ретте біздің елдеріміз Қытай, Ресей, Таяу Шығыс, Кавказ, Орталық Азия өңірлерінің экономикалық коммуникация, жол тараптарын біріктіретін құрлықаралық транзиттік көпіріне айналатынын жеткізді Елбасы. Сондай-ақ, ол Каспий теңізінің транзиттік әлеуеті мен өткізу қабілетін арттыру қажеттігін ұсынып, жоғары жылдамдыққа ие мультимодельді еуразиялық интеграциялық көлік дәлізін құрудың өзекті екенін де атап өтті.
«Бұл – еліміздің «Нұрлы Жол» бағдарламасының басым бағыттарының бірі. Көлік инфрақұрылымын жетілдіру – бәрімізге ортақ игілікті сала. Бұл туризмді дамытуға да көп мүмкіндіктер береді. Осыған орай, Түркі кеңесін «Қазіргі заманғы Жібек жолы» атты бірлескен туристік өнімді қолдауға шақырамын. Оны ұйымға мүше мемлекеттер туризм стратегияларына енгізген жөн», — деген Мемлекет басшысы Н. Назарбаев «Болашақтың энергиясы» тақырыбына арналатын «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне түркітілдес елдердің түгел қатысатынына сенім білдірді.
Былтыр ғана халықаралық ұйым мәртебесін алған Түркі академиясы аз уақыттың ішінде аса тиімді институт ретінде танылып үлгерді. Бесінші саммит отырысы барысында Н.Назарбаев түркі халықтарының аса бай мәдени мұрасын «Аталар мирасы» атты ғылыми жоба арқылы жарыққа шығаруды аталмыш академияға табыстау керектігін және түркі интеграциясының ортақ қорын құруды ұсынды.
ҚР Президенті өз сөзінде Түркі мемлекеттері ынтымақтастығы Сыртқы істер министрлерінің отырысы барысында Түркі академиясымен қатар Әзербайжанда құрылатын Түркі мәдениетінің жаңа мұрасы қорымен, қырғыз тарабы бастамашылық еткен Көшпенділер өркениеті орталығына қатысты шешім қабылдағанын атап өтті.
— Аталған институттардың барлық қаржылық құжаттары мақұлданды. Бұл –біздің мемлекеттеріміздің өзара ынтымақтастықты дамытуға деген ықыласының айғағы. Болашақта бұл мекемелер де түркі өркениетін дамыту ісіне зор үлес қосады деп сенеміз», — деді Елбасы Н.Назарбаев.
Саммит тақырыбы ақпарат саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесіне арналғандықтан, жиын барысында түркі әлеміне ортақ ақпараттық кеңістік құру жайы да сөз болды. Ортақ түркі телеарнасын құру тұжырымдамасын қабылдау осы бағыттағы маңызды қадам болғанын ерекше атап өткен Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы ендігі міндет жобаны бірлесіп ойдағыдай атқарып шығу екендігін айтты. Сонымен қатар, Түркістандағы Қ.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін Түркі әлеміне ортақ оқу орнына айналдыруды ұсынды.
Саммит барысында делегация басшылары ұйымның өткен жылғы қызметін қорытындылап, оның болашақта экономика, мәдениет, білім және ғылым, сондай-ақ, туризм және ақпарат салаларында ынтымақтастықты жүйелі түрде қалыптастыру үшін даму бағыттарын айқындады. Түркі әлемінің алдағы уақытта да институционалды негізде нығая түсу, оның аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі мәселелеріне ерекше көңіл аударылды.
Түркияның Ұлы ұлттық жиналысының басшысы Исмет Йылмаз өз сөзінде келер жылы Түркияда әлеуметтік гуманитарлық саммит өтетінін және Сириядағы жағдайды айта отырып, Түркия алдағы уақытта да терроризмге қарсы күресті батыл жүргізетінін жеткізді.
Сондай-ақ, Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев Қазақстан мемлекетінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаға салған ұсыныстарына қолдау білдіріп, ақпараттық қауіпсіздік үшін жаңа телеарнаның атқарар рөлі зор болатынын баса айтты. Бұған қоса, Әзербайжан елі өз мойнына алған жауапкершіліктің барлығын жақын айларда ғана атқаратынын жеткізді.
Ал, Қырғызстан Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев достық қарым-қатынастың арқасында өткен жылы Ыссықкөл жағасында көшпенділердің ойыны дүбірлі түрде ұйымдастырылғанын айтты. Енді келер жылы аталмыш ойындар екінші мәрте өтетінін айтқан ол әр саммит сайын елдер арасындағы достық қарым-қатынас пен іскерлік байланыс нығая түсеріне сенім білдірді.
— Келер жылы алтыншы саммитті Ыссықкөл жағасындағы Шолпан-атада ұйымдастыруды және оның тақырыбын ұлттық ойындармен байланыстыруды ұсынамын, — деді Қырғыз елі басшысы.
Саммиттің құрметті қонағы Түрікменстан үкіметінің вице-премьері Сапардұрды Тойлиев және кеңеске қатысқан елдер басшылары Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қонақжайлылығы және мерейлі саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыстарын білдірді.
— Осыдан бес жыл бұрын Әзербайжанда бауырлас төрт елдің басшылары бас қосып, стратегиялық маңызы зор ұйым құрған болатын. Осы бес жыл ішінде Түркі кеңесінің мәртебесін көтеру бағытында ауыз толтырып айтарлықтай игі жұмыстар жасалды. Енді түркі әлемінің ақсақалы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жыл бойына кеңеске төрағалық ететін болады. Қазақ хандығының 550 жылдығы біздің мерейлі саммитімізбен қатар келіп отыр. Бұл – ортақ мереке. Сондықтан, Қазақ елінің тереңнен бастау алатын тарихымен мақтанамын. Қазіргі таңда елдердің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ортақ арнаны жасақтау жөнінде хаттамасы дайындалуда және әр елдің ақпараттық агенттіктерімен байланысудамыз», — деді кеңестің бас хатшысы Р.Гасанов.
Соңында бесінші саммиттің декларациясы қабылданды. Сонымен қатар, Түркі кеңесі бас хатшысының орынбасарын және Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президентін тағайындау туралы құжаттарға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан елдері Президенттері мен Түркияның Ұлы ұлттық жиналысының басшысы Исмет Йылмаз қол қойды.
Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің келесі алтыншы саммитін 2016 жылы Шолпан-атада (Қырғызстан) өткізу ұйғарылып, оның тақырыбы ұлттық спорт түрлеріне арналады деп белгіленді.
Айгүл ЕРТІЛЕУ,
арнаулы тілшіміз,
Атырау — Астана – Атырау.
(Жалғасы бар.)