«ӨТКЕН ЖЫЛДАРҒА ӨКПЕМ ЖОҚ»
«Әнмен көңіл жұбатып, мауқымды басамын…»
— Ғаділбек Шәмшиденұлы, Алматыда 60 жылдай уақыт бойы тұрып келсеңіз де, кіндік қаныңыз тамып, бақытты балдәурен шағыңыз өткен жер – Атырау өлкесі ғой…
— Иә, менің туған жерім – сол кездегі Гурьев облысының Теңіз ауданы (қазіргі Атырау облысының Құрманғазы ауданы). Ес білген шағымда өскен ортам аудан орталығы Ганюшкин селосы болатын. Ауылға оралған сайын сонау бір жылдары өзі ұшырған өлкем сағыныштың күйін шертіп қарсы алады. Атамекенін кім сүймейді?! Кіндік қанымыз тамған қасиетті топыраққа аяқ басқаннан-ақ жүрегім атой салып, кеудені қуаныш кернейді.
— Балалық шақтан қандай естеліктеріңіз қалды?
— Мені анам үш қыздан кейін дүниеге әкелген. Сондықтан болар, әкем де, әсіресе, анам Мүслима мені ерекше жақсы көрді. Анамның маған деген мейірімі бөлек еді. Әкеме өтініш етіп айтқан көрінеді. «Өзге балаларыңды қалай тәрбиелесең де өз еркің. Ғаділбекке қолыңды тигізе көрме, бұл өзі мен үшін бір ерекше бала» дейді екен. Әкем өмір бойына анамның осы тілегінен аттаған емес.
Балалық шақтан еске алатын жеке өз басыма қатысты тағы бір мезет – менің ән айтуға құштарлығым болатын. 1949 жылы алтыншы сыныпта оқып жүргенімде аудандық өнерпаздар байқауына қатысып, халық әні «Юран-айды» орындап, жүлделі екінші орынды алдым. Жүлде сыйлықсыз бола ма, сол көркемөнерпаздар жарысында арқаға асынатын портфель берді. Алғашқы сайыс, алғашқы жүлде. Сахна. Қошемет. Саған, сенің өнеріңе арналған алғашқы қол шапалақ. Жасөспірім кезіңде көрсетілген мұндай құрмет пен қолпаштау, өнер жолында қанаттандырып, жігер береді.
— Бірақ, өзге мамандықты таңдауға не себеп болды?
— 1953 жылы мен мектеп бітірдім. Менің арманым әнші болу еді. Бірақ, әкем әншілік жолды таңдауыма қарсы болды. «Құдай берген дауысың бар екен, әніңді айта жатарсың. Ал, мамандық таңдаудың жөні басқа», деп әңгіменің ашығын айтты. «Шіркін, дәрігер болсаң ғой…» деп көкейіндегі ойын да білдірді. «Шіркін…» деуінің жаны бар. Өйткені, ол заманда, әсіресе, ауылдық жерлерде дәрігер мамандардың жетіспеуі себепті, адам емдейтін дәрігерлер, тіпті, екі ставкамен еңбек ететін.
Қандай ата-ана болмасын, қай кезде де балаларының материалдық игілікке қол жеткізгенін, адал еңбегімен жақсы табыс тапқанын қалайтыны рас қой. Әкемнің де бағыт сілтеуі, жөн айтуы көңілімнен шыққан болса керек. Оның тағы бір себебі бар. Әкем өз ойын білдіре отырып, «сен, бірақ, дәрігер бола алмайсың ғой. Өзің жиіркеншексің…» дегенді қосып айтты. Бұл енді мені қайрау болды. Менің бойыма біткен тағы бір қасиетім, біреу бірдеңені «сенің қолыңнан келмейді» десе болды, мен ерегісіп, сол іске ұмтылатыным бар. «Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» дейді. Сол жалғыз ауыз сөз, әкемнің айтқан сөзі менің жігерленуіме, болашағымды айқындауыма бірден-бір басты қозғаушы күш болды. Сол жылы Алматыға мединститутқа келіп оқуға түстім.
Ауылдан шыққан «Менделеев»
— Сіз өзіңіздің бір естелігіңіз-де «Қазақ мектебін бітіргендерді институтқа қабылдау үшін емтихандар ана тілінде өткізіледі деген болатын бізге. Бірақ, Алматыға келген соң білдік, олай болмай шықты» депсіз. Қазақ мектебін бітірген ауыл баласына мединститутқа түсу үшін орыс тілінде емтиханды тапсыру қиынға соқты ма?
— Емтиханда химия пәнінен сынақ қабылдаған Горковский деген ұлты орыс оқытушы менің билеттегі сұрақтардың жауабын біле тұра, өз ойымды, білім дәрежемді орыс тілінде жеткізе алмағандықтан, берген жауабыма «үштік» баға қоятынын айтты. Мен қатты намыстанып кеттім. Мектепте барлық пәннен, оның ішінде химияны да өте жақсы оқығаным сонша, балалар маған «Менделеев» деген «айдар» тағатын. Химия пәнінен ғана емес, жалпы, мен оқыған мектепте білім беру сапасы күшті болды. Шындығында, о бастағы негізі дұрыс қаланған білім болашағыңа кепілді білім екенін сонда білдім. Біз үшін, қазақ мектебін бітіргендер үшін жалғыз қиындық – жоғары оқу орнында орта білім беретін қазақ мектебін бітіргендерден қабылдау емтиханының орыс тілінде алынатыны болды.
Институтқа қабылдау емтиханында «үштік» баға қоямын деген ұстаздың сөзі намысымды оятты. Арқамнан біреу қамшымен осып жібергендей әсер етті. Мен емтихан қабылдап отырған Горковскийдің қолынан шап беріп ұстай алдым да, «қоймаңыз, үштік бағаны, мен химияны кем дегенде «төртке» білемін. Пәндердің бәрін қазақ мектебінде, қазақша оқығандықтан, ойымды орысша түсіндіру қиын болып тұр, билеттің жауабын ана мұғалімге айтып берейінші» деп, байбалам салдым. Қарсы үстелде емтихан қабылдап отырған мұғалім, қазақ әйел – Мүнира Садыққызына тапсыруға рұқсат беруін өтіндім.
Емтихан қабылдаудың белгіленген ережесіне сай өз міндетін атқарып отырған жоғары оқу орнының мұғалімі ауылдан келген бала айтты екен деп көне қойсын ба, оған көнбеді. «Жарайды, үш формула беремін, отырып дайындал, есепті асықпай дұрыс шығарсаң, «төрттік» баға қоямын» деді. «Анау орынға отыр» деп, орын ұсынды. Мен «жоқ, отырмаймын. Қасыңызда, осы жерде тұрып орындаймын тапсырманы» дедім де, есепті лезде шығарып беріп едім, әлгі Горковский таңғалғанын жасыра алмай «Қай мектептен келдің? Сені кім оқытты?» деп сұрады. Мен өзім оқыған мектеп пен ұстазым туралы айтып бердім. Сөйтсем, Горковский маған мектепте білім берген ұстазыммен қатар оқыпты. Жауабыма қанағаттанған ол маған «төрттік» баға қойды.
Шортанбай – шыңдалу мектебі
— Алматының белді оқу орнын бітіре тұрып, еңбек жолыңызды ауылдан бастауыңызға да туған жерге деген сүйіспеншілік сезімі әсер етті ме?
— Қиғаш өзенінің бойына қолымда дипломым бар, қолтықтаған сүйікті жарым Сәлимамен 1960 жылдың жаз мезгілінде оралдым.
Мен оқуымды бітірген соң бірінші жылы қарапайым дәрігер болдым. Ал, Сәлима ол кезде студент еді, екі айдан соң ол оқуын жалғастыруға кетті. Кейін мен Алматыға үш айлық білім жетілдіру курсына аттанып, оқудан қайтқан соң ауданның бас дәрігерінің ұйғаруымен Шортанбай балық зауытының 50 орындық ауруханасының бас дәрігері болып тағайындалдым. Төңіректегі төрт ауылдың ортасындағы Шортанбай селосында орналасқан учаскелік аурухана менің еңбек жолымдағы шынығу мектебім де болды.
— Ауылдық жер. Мүмкіндік аз. Құрал-жабдық жеткіліксіз. Жас маманның алдынан қандай қиындықтар кездесті?
— Жұмыс жеңіл болған жоқ. Оның үстіне ол уақытта асфальт дегеніңіз бұл өңірде тіптен жоқ. Шоқырақтаған қара жол. Ал, Шортанбайдың жері саз-балшықты екенін білесіз. Көктемде қар еріп, жер-дүние ми-батпаққа айналады. Артынша желмен, күнмен жер кебірсіп, әлгі батпақ кепкенде, жолдың ойқы-шойқысы шыға келеді. Күзгі жауын-шашынды күндерді айтпай-ақ көзге елестету қиын емес. Ауылдық жердің емханасы қалалық мекемелерден бөлектеу. Жұмыс режимі деген атымен жоқ. Өйткені, кенеттен сырқаттанып қалған немесе жарақат алған адам қабылдау уақытына қарай ма?! Жедел жәрдем де – өзің, шұғыл шешім қабылдап, емдейтін де – өзің. Қиындық адамды шыңдайды. Талай-талай ауыртпалықты бастан кеше жүріп, жұмыс істедік. Бірақ, Шортанбайдағы жылдар мен үшін шыңдалу мектебі болды.
Бір күні емханаға аяғы ауыр (баласы жатырдан тыс біткен), халі нашарлаған бір әйелді алып келді. Жатырдан қан кеткен. Дереу операция жасамаса, болмайды. Қыстың іші, ақтүтек боран. Қолымыздан келетін көмек шектеулі. Шағын емханада мүмкіндік шамалы. Содан Астрахан қаласындағы облыстық емхананың бас дәрігеріне телефон соқтым. Жағдайды түсіндіріп, шұғыл түрде санавиация жіберу керектігін айттым. Ол маған «сіздің емдеу мекемесі бізге (Ресейге) қарасты емес, өздеріңнің облыс орталығынан, Гурьевтен шақыр» деп, маңайына жолатқысы келмеді. Өйткені, жағдайдың ауырлығынан (қансырап қалған адамның өмірі үлкен жауапкершілік жүктейді) өзіне жауапкершілік алғысы келмеді. Мен де алған бетімнен тайынбаймын «Гурьев алыс, уақыт жоямыз, адамға көмек шұғыл керек, оның үстіне қақаған қыс, үскіріп тұрған ақтүтек боран. Егер науқасқа бірдеңе бола қалса, мен сізді сотқа берем, көмектен бас тартқаныңыз үшін» дедім. Ол кезде одақтас Республикалардың бір-біріне көмек көрсетуде жүктелген міндеттемелері бар болатын. Әлгі батырсынған бас дәрігер «жарайды, жарайды, айқайға баспаңыз, одан да самолет қондыратын жерді белгілеңдер» деп райынан қайтты. Сөйтіп, жүргенде, қыстың қысқа күні ұясына батып та кетті. Екі-үш жерге от жағып, көрінетіндей жарық белгілеп, қонуға болады деген белгі жасап, самолетті қондырып алдық-ау. Батыл сөйлеп, шұғыл кіріскен әрекеттің арқасында науқас әйелді ажалдан құтқарып қалдық.
Оңтүстік астанадағы жылдар
— Мұнайлы өлкеден оңтүстік-ке оралған кезіңіз туралы баяндап берсеңіз…
— 1966 жылы елден Алматыға көшіп келдік. Мен Қазақтың онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының екіжылдық клиникалық ординатурасына түстім. Екі жылдан кейін, ординатураны бітірген кезде академик С.Б.Балмұханов мені Мәскеу қаласына үшжылдық мақсатты аспирантураға жіберетін болып, ұсыныс жасап, қазан айында оқуға шақырылдым.
Аспиранттық өмір жаңа белестер мен ғылым жолында жаңа мақсаттарды алға қойғанмен, мен отбасы жағдайымен аспирантураны біржола қойып, Алматыға оралуға бекіндім. Сонымен, Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы, Алматыдан алпыс шақырымдық жердегі Қырбалтабай деген ауылда учаскелік емханаға бас дәрігер болып орналастым.
Совхоз басшылығы үш айдың ішінде аурухананың қасынан өзіме арнап үй салып берді.
Қырбалтабайдан үш жыл өткен соң көшіп, Есік қаласына жұмысқа ауыстым. Ал, төрт жылдан кейін маған Тамақ өнеркәсібі министрлігінің Есік қаласына жақын жердегі жүз елу орындық «Пищевик» деген үлкен санаторийін басқару жүктелді. Тау ішінде орналасқан шипажайдағы жұмыс – жанның рахаты. Сол жұмыста жүргенімде студенттік кезден бергі жолдасым Камал Орман-таев деген академиктің кеңесімен 1977 жылы Үкімет аппаратына жұмысқа алындым. Ал, тоғыз жылдан кейін мені Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіне сектор меңгерушілігіне жұмысқа ауыстырды.
Коммунистік партия тарап кеткеннен кейін 1991 жылы тәуелсіз Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінде қызметке тағайындалдым.
«Тағдырым – тәңірімнің сыйы»
— Сіз қазір сексеннің сеңгіріне шығып отырсыз. «Қазақстан Республикасына ерекше сіңірген еңбегі үшін» деген арнайы атақпен дербес зейнетақы алып отырсыз. Өткен ғұмырыңызға көз жүгіртсеңіз өміріңіздің елеулі баспалдағы неден басталды дер едіңіз?
— Менің өмірімнің маңызды бөлшегі студенттік кезде болашақ жан жарым Сәлиманы жолықтыруымнан басталды.
Бірінші мамыр мерекесінде біз бір танысымыздың үйінде қонақта отырып, жолдастарым ән салуымды қолқалап, өтініш етті. Мен махаббат туралы ән шырқаған сәтте Сәлима «есінен танып қалыпты». Өзі солай айтатын. Екеуара нағыз ғашықтық сезімнің оянуына, қыз жүрегінің нәзік те шынайы қалауын табуға септігін тигізген менің бойымдағы ән айту өнері бізді жақындастырып жібереді.
Аллаға шүкіршілігімді ылғи да айтып жүремін. Жалғыз ғана «әттең-ай» дегізетіні — Сәлимам, қазір қасымда жоқ, сүйікті жарым, өмірдің қызығын менімен бірге ақырына дейін көрмегеніне қатты қиналамын. Құдайдың ісі – талқылауға жатпайтын іс. Көну керек…
— «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, сіз енді қолыңызға қалам алыпсыз…
— Иә, өткен жылы ұрпағымның өтініші бойынша «Тағдырым – тәңірімнің сыйы» кітабын жазуды бастағанда «Алғысөзге», негізінен, Жұмәлі атадан бергі тегімнің тарихын, әжем Қарағыздан естігендерімді өзек етуге ниеттендім. Бір әкеден тарап, ержеткен бесеуміз жайында қыс-қаша айтып өттім. Тұқым-тектен білетінім осы. Ендігі жазба тікелей өз отбасыма қатысты естеліктерден тұрады. Кітапты жазу барысында, ойдан ой туындап, балаларым нағашы жұрты туралы мәліметтерді де біле жүрсін деген ниетпен аналары Сәлиманың ата-тегінен де деректер қоса кеткенді жөн көрдім.
Отбасы мұрағатында сақталып келген фото-суреттер мен жанұямыздың атына дос-жаран, туыстар жазған құттықтаулар мен тілек өлеңдерді де, естелік жазбаларды да жинақтап, осы кітапқа енгіздім.
Сәлима екеуміз екі ұл, бір қыз өсіріп, қатарға қостық, осылардан тараған немере-жиендерім – әрі мақтанышым, әрі қызық-қуанышым. Үлкен ұлымыз Есей технология институтын, жоғары милиция мектебін бітірген. Ол отыз тоғыз жасында полковник атағын алды, қазір ҚР Қорғаныс министрлігінде қызмет жасайды. Ал, кіші ұлымыз Ғасал Ресей мен Қазақстан арасындағы адал ниетті әріптестік еңбегі үшін Ресей Федерациясы тарапынан «Ұлы Петр орденімен» марапатталды. Қазақ елінің білікті мамандарын өзге ел бағалап жатса, бұл ата-ана үшін өзгеше мерей емес пе?!
Қызымыз Ботагөз ата-ана жолын қуып, дәрігер мамандығын алды. Қазір кішкентай бөбектер тәрбиесімен айналысады.
— Сұхбатыңызға бек рахмет! Аман-есен отырып, жүз жасаңыз!
Сұхбаттасқан: Айгүл ЕРТІЛЕУ.