Отбасының шырқы неге бұзылады?

200909210713a3692770d Қоғам

Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмысында ата-ананың ұрпаққа аманаты, баланың перзенттік парызы, олардың бір-біріне қатысты тәрбие үлгілері бар. Алайда, қазір осы құндылықтардың өміршеңдігі жойылып барады. Тәртіпсіз ұл мен қызды, шайпау әйел мен маскүнем ерді тоқтататын аузы дуалы ел ақсақалы, абыз ата, ақ жаулықты ана азайғандай.

Сондықтан, жазылмаған дала заңымен реттелген отбасылық қарым-қатынастың дұрыс жолын қазір заңмен де, отбасы институтын нығайту арқылы да жүйелеу маңызды. Жасыратыны жоқ, бүгінде отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық – өзекті мәселе. Қоғамдағы неше түрлі қатыгездіктерді көргенде, «осылар шынымен адам ба?» деп үрейленеміз. Қасындағы жұбайына зорлық көрсетіп, ортадағы бейкүнә балалардың обалына қалып жатқандар да көп. Көршісінің қиын жағдайын көре тұра, қол ұшын бермейтін өзге де жағдайлар қоғамды аздырып барады. Масылдыққа әбден үйренген кейбір ер адамдар әйелінің тапқанын ішіп-жеп, оларға орынсыз тиісіп, ақырында ашуын ұл-қызынан алуы кімді де алаңдатпай қоймайды. Республикада соңғы жылдары отбасылықтұрмыстық қылмыстардың өсуі байқалады. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру мен кісі өлтіру саны еселеп ұлғайды. Өткен жылдарды зерделеп қарасақ, отбасылықтұрмыстық бағытта мыңнан аса құқық бұзушылық жасалған екен. Ішкі істер органдарына

отбасылық-тұрмыстық зорлықзомбылық белгілері бойынша түскен өтініштердің саны мыңнан асады.

Көпшілігі туыстық қатынастарды ескере отырып немесе мәселенің ушығуынан қорқып, жария етпейді. Соның салдарынан қазір «бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деген көрініс белең алды. Бір ғана мысал, Жылыойдан келген Ш. есімді адам қызғаншақ күйеуінен үнемі таяқ жеп, қысымшылық көрген. Ажырасайын десе «ұят боладымен» өзін өмір бойы құрбан етіп келген көрінеді. Жасы 60 – қа жақындаған. Өзінің жасап жатқан әжептәуір қызметі де бар. Бір өкініштісі, осы уақытқа дейін балалары да қатыгез әкеден озбырлық көріп келіпті. Осыдан 2-3 жыл бұрын Жылыойда тағы бір отбасының шырқы бұзылған болатын. Маскүнем отағасы әйелін балаларымен қосып сабапты. Ол ақыры Атырау қаласындағы тұрмыстық зорлықзомбылықтан зардап шеккен әйелдерге арналған дағдарыс орталығына орналастырылды. Кейін Атырау облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысында әр ауданда отбасын қолдау, отбасылық жанжалдарды шешу және балалары бар әйелдерге уақытша мекен беру жөніндегі орталықтар құру жөнінде тапсырмалар беріліп, мәселе шешімін тапты. Мәселен, Жылыойда өткен жылдан бастап «Бақытты отбасы» отбасын қолдау кабинеті ашылып, жұмысын атқаруда. Мұнда қиын жағдайға тап болған отбасыларға жанжақты бағыт-бағдар беріліп, психологиялық, әлеуметтік, заңгерлік көмектер көрсетіледі.

Бұл қолдау кабинетінен әр сала бойынша кеңес те алуға болады. Кабинет әлеуметтік, білім, денсаулық салаларындағы жауапты орындармен, аудандық полиция бөлімімен бірлесіп қызмет жасауда. Осы уақытқа дейін отбасын қолдау кабинетіне әртүрлі мәселелермен әр санаттағы 63 ана қабылдауға келген. Оларға әрқайсысының мәселелері бойынша қажетті кеңестер берілген. Биыл Исатай ауданында қиындыққа тап болған жандарға демеу көрсету мақсатында отбасын қолдау орталығы ашылады. Қазір Құрманғазы ауданында «Аналар кеңесінің» жұмысы өте жоғары деңгейде ұйымдастырылуда. Балғаным Хасанова төрағалық ететін бұл кеңесте 10 шақты клуб жұмыс жасайды. Ал, Мақат ауданында Әкелер кеңесінің жұмысы зор қарқын алып келеді. Басқа аудандарда да осындай кеңестердің жұмысын әлі жандандыру қажет.

Атырау қалалық № 7 емханасында ішімдікке тәуелді, ойынқұмар адамдарға психологиялық тұрғыда тегін көмек көрсететін кабинет ашылып, жұмыс жасауда. Ендігі уақытта отбасының шырқын бұзып, алкоголизмге тәуелді болғандарды емдеп, әрі қарай оны үйіне жіберіп қоя бермей, сол жерде психологиялық тұрғыда көмек көрсетіп, жұмыс жасайтын арнайы орталық ашу қажет. Бұл бүгінгі күннің қажеттілігіне айналғаны ащы болса да шындық. Жуырда Атырау қаласындағы дағдарыс орталығына бардым. «Отбасымның шырқы бұзылды» деп сол күні осы орталыққа жеткен бес әйелдің тағдыры бес түрлі. Әдетте мәселелер жұбайының ішімдікке құмар болғанынан туындаушы еді ғой, бұл жолғы жағдай мүлдем өзгеше. Күйеуі емес, ата-енесінің алкоголизмге тәуелді болғаны соншалық, айрандай ұйыған отбасының ойраны шығыпты. Ата-ененің бұл сорақылығынан әбден мазасы кеткен келіні дағдарыс орталығын паналауға мәжбүр болған. Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері сөз болғанда неше түрлі тағдырларды мысалға келтіруге болады. Кейбір жанұялардың «ұят боладыға» салып, «жарасын» жасырып жатқандары қаншама?! Қазір жасөспірімдер арасындағы қатыгездіктің де белең алып  жатқаны рас. Қоғамдағы осындай келеңсіздіктерді көргенде жан түршігіп, өзек өртенеді.

Бұл келеңсіздіктердің барлығының бір шешімі – ұлттық идеологияны жандандыру

қажет. Қоғамдағы тәртіпті күшейту маңызды. Бүгінде әр адам «өз еркім» деген оймен өмір сүріп, неше түрлі сұмдықтарға бой алдырып жатыр. Мәселенің алдын алу үшін әрбір отбасындағы тәрбиенің іргетасын мықтап қалауымыз керек. Бұл іске әрбір ата-ананың зор жауапкершілігі қажет. Күнделікті күйбең тірлікпен қатар, отбасы құндылықтарынан бір сәт те ажырап қалмау маңызды. Жас ұрпақтың болашақта қоғамның кірпіші болып қалануы үшін алдыңғы жолдардың түзу салынуы қажеттігін ұмытпасақ игі. Сонда ғана әрбір отбасының түтіні түзу шығып, зорлықзомбылық, қатыгездік деген озбырлықтардың алдын алған болар едік.

Зәмзагүл ЖАЛМУРЗИНА,

Атырау облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспекторы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз