
Отбасы — қоғамның алтын діңгегі
Бүгін, 15 мамыр — Халықаралық отбасы күні
Отбасы – адамзат өміріндегі ең қасиетті де қастерлі ұғым. Ол – қоғамның алтын діңгегі, ұлттық құндылықтар мен рухани мұраның бастау бұлағы. Адам бойындағы ізгі қасиеттер мен адамгершілік құндылықтар ең алдымен отбасында қалыптасады. Сондықтан да отбасы институтының негізін сақтау – кез келген мемлекет үшін аса маңызды міндет.
Бүгінде отбасы – тек туған-туыстық қарым-қатынастың емес, ел ішіндегі әлеуметтік тұрақтылық пен рухани тұтастықтың кепілі. Ата-ана мен бала арасындағы сыйластық, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық, отансүйгіштік пен еңбекқорлық – мұның барлығы ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі.
Осы орайда, жыл сайын 15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай елімізде, соның ішінде Атырау қаласында да игі дәстүрге айналған ауқымды іс-шаралар өткізіліп келеді. Биыл да бұл мереке шеңберінде қала әкімдігі мен оған қарасты округтерде отбасы құндылықтарын кеңінен насихаттау, отбасы институтын нығайту мақсатында түрлі кездесулер, танымдық семинарлар, мәдени және тәрбиелік маңызы зор кештер ұйымдастырылуда.
Атап айтқанда, дәл бүгін, 15 мамыр күні сағат 19:00-де қала тұрғындарының сүйікті демалыс орны – “Керемет” демалыс орнында “Отбасым – бақыт мекенім” атты мерекелік кеш өтеді. Бұл шара отбасылық құндылықтарды дәріптейтін концерттік бағдарлама, ұлттық ойындар, қолөнер бұйымдары көрмесі, сондай-ақ көпбалалы, үлгілі отбасыларды марапаттау сынды мазмұнды бағыттармен толықтырылмақ. Балаларға арналған ойын алаңдары мен шығармашылық шеберлік сағаттары да ұйымдастырылады.
Мұндай іс-шаралар отбасылық берекені арттыруға, ата-ана мен бала арасындағы байланысты тереңдетуге, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға зор ықпал етеді. Сонымен қатар, жас буынның бойында отбасыға деген жауапкершілік пен құрмет сезімін қалыптастырады.
Отбасы – ұлттың негізі, ал берекелі отбасы – бақытты елдің кепілі. Біз бұл бағыттағы жұмыстарымызды үнемі жаңғыртып отыруымыз қажет. Себебі, мызғымас мемлекеттің іргетасы ең алдымен үлгілі отбасылардан қаланады. .
Берекелі отбасы – бірлігі бекем елдің тірегі. Сондықтан да отбасы институтын дамыту – мемлекет үшін ғана емес, әр азаматтың жүрек түбіндегі ортақ борышы болуы тиіс.
Гүлшат МАҒЫНТАЕВА,
Атырау қалалық ішкі саясат бөлімінің ақпараттық және жастар саясаты секторының меңгерушісі, қала әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы