ОТАРБАЕВ ОҚУЛАРЫ
Шығармалары әлемнің бірнеше тілдеріне аударылған жазушының туындыларын жастар арасына насихаттай отырып, жастардың шығармашылығын дамыту, дарыны мен қабілетін ұштауды алдарына нысана еткен кітапхана қызметкерлері мен ұстаздардың еңбегі атап өтуге тұрарлық.
Жазушының кітап көрмесі жасақталып, жиналған жұртшылыққа таныстырылды. Сонымен қатар, конференцияда оқушылар мен студенттерді прозалық шығармаларды оқуға баулу мақсатында көркемсөз оқу сайысы өтті. Бұл байқауға жазушының «Шыңғысханның көз жасы» және «Біздің ауылдың амазонкалары» атты туындылары таңдап алынды.
«Шыңғысханның көз жасы» – жарты құрлықты жаулап алып, атынан әлем үріккен ұлы қаған өмірінің соңғы кезеңін бейнелеген шығарма. Әміршінің жан сарайындағы түрлі толғаныстар мен иірімдерді таныту үшін, ешқашан жеңіліп көрмеген қолбасшы бейнесін ашу үшін ішкі монолог таңдап алынған. Бұл, әрине, жазушының шеберлігі.
Өмірден өткелі жатқан Шыңғысханның көз алдынан тұтас өмірі кино лентасындай сырғып, елес боп өтеді. Әкесінен жетім қалғаны, анасының әкесіз қалған балалар үшін шыбын жанын қиюға әзір болған сәттері, өздерінің аштықтан, жоқтықтан жапа шеккені бір өтсе, есейіп, қолына алғаш қару алып, намыс үшін жан алысып, жан беріскен шақтар да бір бұлдыр сағым арасынан қол бұлғап өткендей.
Ал, Сарайшықтағы «Секер көлі», ондағы «Алтын қайықта» көл бетінде ойға шомған қыздың бейнесі – қағанның көкірегінде қалып қойған арман. Бұндағы қыз өмірдің жалғандығын, адамның ешқашан арманына қолы жетпей өтетінін паш етіп тұрғандай. Жазушы символ арқылы осылайша жалған дүниені танытқан.
«Біздің ауылдың амазонкалары» әңгімесінде Кеңес өкіметі тараған тұстағы өліара уақыт, иесіз қалған ауыл, шарасыз адамдар кестеленген. Жазушы жастардың жаппай қалаға кетуінің қазақ ауылы үшін кесілген қатал үкім екенін астарлы түрде береді. Теңіз тамағына төніп отырған ауылда қалған үш әйелдің тыныс-тіршілігі шебер өрілген. Әңгіме философиялық тұжырымға құрылған. Автор оқырмандарға ой салу үшін шығарма шешімін де жұмбақ күйінде қалдырған. Осының өзінен суреткер талантының даралығы көрінеді.
Шараға Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжі, Атырау медицина колледжі, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті студенттері мен дарынды балаларға арналған «Дарын» гимназия-мектебінің оқушылары қатысты.
«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, көркемсөз оқуда мәнерлеп оқу нақышымен көзге түскен Атырау медицина колледжінің студенті Бекзада Қадырбаева, Қ. Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжінің студенті Айгүл Сауранбаева, дарынды балаларға арналған «Дарын» мектеп-гимназиясының шәкірті Медет Оразов және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті Әди Жоламанұлы «Сөз-сандық» кітабымен марапатталды.
Осы студенттер енді облыстық Мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасы, Қазақстан Жазушылар Одағының Атырау облыстық филиалы және Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхананың бірлесе ұйымдастыруымен өтетін «Рахымжан Отарбаев оқулары» аясындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық сайысында бақтарын сынамақ.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.