
Отаншылдықтың жаңа бейнесі: білім, ғылым және технология
Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында жастарға қатысты айтылған ойлары – бізге жүктелер зор сенім мен үлкен жауапкершіліктің айқын көрінісі. Қазіргі жас ұрпақ үшін отансүйгіштік ұраншылдықпен емес, нақты іспен, біліммен және еңбектің нәтижесімен өлшенеді. Біз үшін патриотизм – жаңа идея ойлап табу, ғылыми жаңалық ашу, халыққа пайдасы тиетін жобаны жүзеге асыру.
Шын мәнінде, жастардың заманауи отаншылдығы жасампаздық пен жаңашылдыққа ұмтылудан көрінеді. Біз Қазақстанды дамыған, әділ әрі өркениетті мемлекет ретінде қалыптастыруға үлес қосқымыз келеді. Ол үшін білім мен ғылымды терең меңгеріп, заманауи технологияларды игеру – басты міндетіміз. Президенттің «жастардың дарыны мен біліміне сенемін» деген сөзі әрбір жасқа ерекше жігер береді.
Қазір дүние жүзінде жасанды интеллект, цифрлық шешімдер, биотехнология сияқты жаңа бағыттар адам өмірінің барлық саласын түбегейлі өзгертіп жатыр. Қазақ жастары бұл үдерістен шет қалмауы тиіс. Керісінше, біз жаңа дәуірдің көшбасшысы болып, әлемдік бәсекеге қабілетті буынға айналуымыз қажет. Бұл – біздің тарихи миссиямыз.
Абайдың «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген ұлағатты сөзі әрқайсымызға бағдаршам болуы тиіс. Біз осы құндылықтарды ұстанып, өзімізді үздіксіз дамытып, елге адал қызмет етуге міндеттіміз.
Президент айтқандай, әділ заң, білікті билік және саналы азамат – мықты мемлекеттің тірегі. Осы үштағанның ішінде жастардың орны айрықша. Өйткені елдің ертеңгі бет-бейнесін анықтайтын – біз.
Сондықтан елімізде жүргізіліп жатқан барлық реформалар мен бастамаларға белсенді қатысу – біздің парызымыз. Әрбір студент, әрбір жас маман өз саласында адал еңбек етіп, білімін шыңдап, қоғамға пайдасын тигізсе – Қазақстанның болашағы жарқын болары сөзсіз.
Бізге сенім артылды. Енді оны ақтап, елімізді жаңа биіктерге көтеру – біздің басты міндетіміз. Жастардың күші мен білімін ел игілігіне жұмсасақ, Қазақстанның келешегі кемел боларына сенімдіміз.
Абылай ҚҰРМЕТҰЛЫ,
«АМАNАТ» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы