ОТАНДЫҚ ӨНДІРІСКЕ – КЕҢ ӨРІС
Дүниежүзілік дағдарысқа қарамастан экономикамыздың өсуі, алға қойған жоспарлардың іске асып, нақты нәтижелерге қол жетуі – қазіргідей экономикалық күйзеліске геосаяси келеңсіздіктер қосылып отырған тұста үлкен жетістік және Елбасының нық көзқарасы мен саяси біліктілігінің жемісі.
Әсіресе, мемлекет басшысының біздің экономикалық саясаттағы бағытымыздың дұрыстығын, қиыншылықтардың сыртқы нарықтың әсерінен кездесіп отырғандығын және сол кедергілерді жеңудің алдын алу керектігін айтқан сөздері әр қазақстандықтың көкірегіне патриоттық сенім ұялатқандай.
Бүгінгі күні мемлекеттің ұстанған басты бағыттарынының бірі – отандық өнім өндіру және бұл орайдағы жұмыстарды қолдау. Осыған сәйкес, кеңейтілген мәжілісте Елбасы жаһандық дағдарыс кезіндегі еліміздің экономикалық саясаты аграрлық секторға бағытталатынын және бұл салаға қызығушылықтың артып отыруы себепті, қаржы көлемін 500 миллиард теңгеге дейін көбейту керектігін баса айтты.
Осы орайда өңірімізде жұмыс істеп жатқан «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның басты мақсаты – Елбасы саясатына сәйкес бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру, қаржы құралдарын тиімді пайдалану және мемлекет тарапынан берілген активтерді басқару жолымен компания құнын жоғарылату болып табылады.
2010 жылдан бері республика бойынша қызметін пайдамен аяқтап келе жатқан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың бірі болып табылатын біздің қоғам, құрылғаннан бері 270 млн. теңге көлемінде таза пайда тапты. Алынған таза пайда есебінен Атырау облысының аудандарында әлеуметтік маңызы бар бірнеше жоба іске асырылды.
Облыс әкімінің тікелей қолдау көрсетуінің арқасында, бюджет тарапынан бөлініп жатқан негізгі қаржы өңірдің қажеттілігіне байланысты экономиканың басым бағыттарына, соның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу өндірістеріне, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы және медицина саласына бағытталған инновациялық жобаларға жұмсалуда. Атап айтқанда, олар – соңғы екі жыл ішінде іске қосылған Махамбет ауданының Бейбарыс ауылындағы жылдық қуаты 1 440 тонна сиыр сүті және 2 880 тонна сүт өнімдерін өндіретін «Гольштино-фриз мүйізді ірі қараға арналған тауарлы-сүт фермасы», Сарайшық ауылында орналасқан жылына 180 тонна ешкі сүті және 140 тонна ешкі сүтінің өнімдерін беретін «Заанен асыл тұқымды ешкі фермасы». Сонымен қатар, Алмалы ауылдық округіндегі жылдық қуаты 30 млн. дана «Евростандартқа сай жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы», Индер ауданы Көктоғай ауылдық округіндегі «Ет-сүт бағытындағы малды өсіру және шұбат, айран, қымыз өндіретін мал кешені» жобалары Елбасының агроөнеркәсіп саласын қолдау саясатына сәйкес, облысымыздағы жасалып жатқан ауқымды істердің бірі десек болады. Президент тапсырмасына сәйкес бұл өндірістерде шығарылған өнімдерді облыс халқына қолжетімді бағамен делдалдарсыз тікелей ұсынатын боламыз. Енді сауда-саттық орындарында арнайы бөлімшелер ашу қолға алынады.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында қазақстандық тауарларды өндіріп, тұтынушыға тиімді бағамен ұсыну туралы Елбасының берген тапсырмасы – бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі. Біз бұл бағыттағы жұмысымызды одан әрі жандандырып, жалғастыратын боламыз. Өйткені, бұл – «Нұрлы жол» бағдарламасының дағдарыстан шығуға бағыттаған шешімі.
Абат ТАСИМОВ,
«Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы»
АҚ-ның басқарма төрағасы.