От жағып, күл шығаратын ауылдарға газ қашан жетеді?
ІРГЕСІНЕН МҰНАЙ АЛЫНЫП ЖАТСА ДА, ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН КҮЛ ШЫҒАРЫП, КӨМІР ЖАҒУҒА МӘЖБҮР ХАЛЫҚ КӨГІЛДІР ОТЫНҒА ҚАШАН ҚОЛ ЖЕТКІЗЕР ЕКЕН? ИСАТАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ПОЛЫМБЕТ ХАСАНОВ ҰЗАҚ ЖЫЛДАРДАН БЕРІ ХАЛЫҚТЫҢ СҰРАНЫСЫН ТУДЫРЫП КЕЛГЕН ЖАСҚАЙРАТ, ҚЫЗЫЛ ҮЙ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРІНЕ ГАЗ ЖЕЛІСІН ТАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСАТЫНЫН АЙТТЫ. ДЕГЕНМЕН, БІРНЕШЕ ЖЫЛДАН БЕРІ ШҰҢҚЫРЫ ҚАЗЫЛҒАНЫМЕН, ҚҰБЫРЫ ТАРТЫЛМАЙ СОЗБАЛАҢҒА ТҮСКЕН КӨГІЛДІР ОТЫННЫҢ ЖӘЙІ ҚАҒАЗ БЕТІНДЕ «ҚАТҚАНЫМЕН», ЖОЛДА ЖАТЫП ҚАЛМАСА ИГІ…
ИСАТАЙ АУДАНЫНДАҒЫ БАҚСАЙ, НАРЫН, СБОРНЫЙ ЖӘНЕ КОБЯКОВО-ЗАБУРЫН СУАРУ-СУЛАНДЫРУ ЖҮЙЕЛЕРІН СУМЕН ҚАМТУҒА АУДАНДЫҚ БЮДЖЕТТЕН 152,7 МЛН. ТЕҢГЕ БӨЛІНІП, БЕКІТІЛГЕН КЕСТЕГЕ СӘЙКЕС КАНАЛДАРҒА СУ БЕРІЛГЕН. ӨТКЕН ЖЫЛЫ БАСТАЛҒАН «ҚЫЗЫЛҮЙ» КАНАЛЫНЫҢ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ДА БИЫЛ АЯҚТАЛҒАНЫ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ. БҰЛ ТУРАЛЫ ӨҢІРЛІК КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІНДЕ ӨТКЕН БРИФИНГТЕ ИСАТАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ПОЛЫМБЕТ ХАСАНОВ АЙТЫП БЕРДІ.
Малдың жайын баққан біледі
Исатай ауданында асыл тұқымды мүйізді ірі қара өсіретін алты шаруашылық бар. Оларда 1 676 бас мал өсірілуде. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің, азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, бағаның негізсіз өсуін болдырмау жəне күнкөрісі төмен отбасыларға əлеуметтік қолдау жасауға ықпал ету мақсатында 31 кəсіпкермен меморандум жасақтау туралы келісімі алынғанын айтқан Полымбет Хасанов барлық округтер бойынша дүкендердегі əлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына күн сайын мониторинг жүргізілетінін жеткізді.
Оның айтуынша, əлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында аудан орталығы Аққыстау ауылында əр аптаның жұма күні, Х.Ерғалиев ауылында əр аптаның бейсенбі күні ауыл шаруашылығы өнімдерінің жəрмеңкесі ұйымдастырылып келеді.
Жəрмеңкелерде жергілікті кəсіпкерлермен қоса, көршілес Махамбет ауданы, Атырау қаласының кəсіпкерлері көкөніс өнімдері мен балық өнімдерін, Батыс Қазақстан облысынан келгендер сүт өнімдерін аудандағы азық-түлік дүкендерінің бағасынан 10-15% төмен бағамен ұсынуда. Ал аудан орталығында «Есенов» шаруа қожалығы төмен бағамен көкөніс, бау-бақша өнімдерін сатып отыр. Бүгінде ауданда бір мал сою алаңы мен төрт ет сататын дүкен, үш наубайхана тұрақты жұмыс жасайды.
Жол азабын тартқан біледі
Брифинг барысында аудандағы құрылыс, жол мəселелері де айтылды. Білгеніміздей, Аққыстау ауылындағы ауылішілік автокөлік жолдарын қайта жаңғырту бойынша 31 көшеге жол салу жоспарланған. Өткен жылға бөлінген қаражатқа сəйкес 4,7 шақырым асфальттің төменгі қабаты салынған екен. Осы жылы Өркен елді мекенінің 7 көшесіне үш шақырымға жуық асфальттің төменгі қабаты төселген. Айтпақшы, биыл алғаш рет автокөлік жолдарын күтіп ұстауға қаржы бөлініп, Аққыстау ауылында 320 шаршы метр ойық-шұңқырлар пайда болған жерлерге жөндеу жұмыстары жасалып, аудан бойынша 200-дей жол белгісі орнатылған
Жұмыс жолда қалмаса екен
Іргесінен мұнай алынып жатса да, əлі күнге дейін күл шығарып, көмір жағуға мəжбүр халық көгілдір отынға қашан қол жеткізер екен? Аудан əкімі Полымбет Хасанов ұзақ жылдардан бері халықтың сұранысын тудырып келген Жасқайрат, Қызыл үй елді мекендеріне газ желісін тарту жұмыстары жалғасатынын айтты. Дегенмен, бірнеше жылдан бері шұңқыры қазылғанымен, құбыры тартылмай созбалаңға түскен көгілдір отынның жəйі қағаз бетінде «қатқанымен», жолда жатып қалмаса игі… Аудандағы инженерлікинфрақұрылым тарту жұмыстары туралы айтып берген Полымбет Хасанов инженерлік-инфрақұрылымды жақсарту мақсатында дайын жобаларының барын, ол жобаларды жүргізу үшін облыс əкімдігіне бюджеттік өтінім жолданғанын жеткізді.
Елдегі егін ерінге тиіп…
Биыл аудан бойынша 81 гектарға егін егілген. Оның ішінде көкөніс 10 гектарды, бау-бақша – 6 га, ал малазықтық дақылдары саналатын жоңышқа, суданка 65 гектарды құрайды екен. Көңілді жұбатқаны, жылдан жылға егістік көлемі көбейіп келеді. Оның үстіне, аудан басшысы баяндамасында каналдар сумен толтырылғанын жеткізіп еді, егістікке су барып, елдің мұрты майланып, жергілікті өнімді тұтынғанына қуандық. Өйткені, ауылда тұрса да тұрғындар жан-жақтан келетін кəсіпкерлердің жеміс-жидегі мен көкөнісін, сүт өнімдерін жəрмеңкеден алуға мəжбүр. Ал, мал азығын Батыс Қазақстан облысы мен Құрманғазы ауданынан тасып жүргенін естігеніміз бар…
Ауру көрсеткіші төмендеген
Ауданда тұрғындардың аурушаңдығы 3,8 пайызға төмендесе, туберкулезбен алғашқы аурушылық көрсеткіші 9,1 пайызға азайған. Тағы бір жағымды жаңалық, соңғы он айда ауданда 438 сəби өмірге келген. – Ауыл тұрғындарына жəне медицина саласының қызметкерлеріне жағдай жасау мақсатында Қамысқала, Тұщықұдық ауылдарындағы дəрігерлік амбулаторияларына жəне Зинеден ауылындағы фельдшерлік пунктке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қаржы бөлінді. Осы тұрғыда Тұщықұдық дəрігерлік амбулаториясының күрделі жөндеу жұмыстары толықтай аяқталды. Ал, Қамысқала жəне Зинеден ауылдарындағы медициналық ұйымдарға жөндеу жұмыстары жалғасуда, — деді аудан əкімі.
АЙТА КЕТЕЙІК, АУДАННЫҢ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МЕКЕМЕЛЕРІ ҮШ ЖОҒАРЫ БІЛІМДІ ДӘРІГЕРМЕН ТОЛЫҚҚАН.
Рита ӨТЕУҒАЛИ