Жарнама
"ATYRAÝ"-ға 100 жыл!Қоғам

Осы жұрт Сара апаны біле ме екен?

«Ақ Жайық» газетінде қазақ бөлімінің аға редакторы қызметін атқарып жүрген кезім болатын. Апта сайын шығатын газетке материал сұрыптап, бас көтере алмай отырғанмын. «Гүлзада Ниетқалиеваға келдім» деген ашық дауыс саңқ етіп, назарымды аударды. Сөйтсем, көркі көзді баурайтын, ұзын бойлы, ерекше бір апай екен. «Сара Досниязова деген апаңмын ғой» деп бұрыннан білетіндей бауырына тартты.

Осы жұрт Сара апаНы

Сара Жантілеуқызының есімін облыстық «Коммунистік еңбек» газетінен көп кездестірген едім. Ол кісіні тәкаппар адам сияқты елестететін едім. Шындығында, Сара апам ашық-жарқын, әңгімешіл, «өзім» дегенге өзегін суырып беруге әзір жан болып шықты. Сол кездесуден кейін апалы-сіңлілідей жақын араластық. Ол кісінің өмірінің кей сәттерінен жазған «Жалғыздықтың мың күні» кітабын оқығаннан кейін, құрметім арта түскені шындық.

Жазған материалдары елдің көкейіндегіні тап басып, тереңнен қозғайтын. Поэзия патшайымы Фариза Оңғарсынованың соңына сіңлі болып ергенін жыр етіп айтатын. «Алматыдағы Фариза апамның үйінің кілті есік алдындағы кілемшенің астында жататын. Қашан барсақ та өзіміз ашып кіріп, өз үйіміздей емін-еркін жүретінбіз» деп сол бір шақтарды сағынышпен еске алатын. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақтың ұлы ақыны Фариза Оңғарсынованың 70 жылдығына қатысып, құттықтағаны да көз алдымызда.

Қай кезде де «Тартынбай сөйлер асылмын» деген Махамбет бабамыз сияқты өз ойын ашық айтатын, соңына жалтақтамайтын ол «Тағдыр — Таразы» атты республикалық журнал ашты. Аталған басылымда елдің мұңын, сан қилы замандастар тағдырын жариялап отырды. Құйрықты жұлдыздай жарқ еткен Сара апай туралы әріптестері де толғанбай сөйлей алмайды. Соның бір парасын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Төлеген БЕРІШБАЙ,

Қазақстанның Құрметті  журналисі

Айнымас асыл жан еді

Мен Сараны 1968-1969 жылдары Балықшы аудандық «Каспий таңы» газетінен білемін. Ол кезде оқушы болатын. Жоғары сыныпта оқи жүріп, жазғанын редакцияға әкелетін.

ҚазМУ-дың журналистика факультетін  бітірген соң мен алдымен, ол соңынан келіп, облыстық «Коммунистік еңбек» газетінде қызмет жасадық. «Совет құрылысы» бөлімінің тілшісі болған жылдарында өткір де ойлы мақалаларымен көзге түсті.  Әділ, ашық жазатын. Ағайындыққа, дос-жолдастыққа қарамайтын, шындықты шырқыратып бетке айтатын.

Жарқын бейнесі – мәңгі жадымызда.

Бағзай СУПЬЯНОВА,

журналистика ардагері

 Шыншыл да, әділ журналист

Сара Досниязовамен «Коммунистік еңбек» газетінде әріптес болдық. Өзіндік пікірін ашық айтатын, қай кезде де шындықтан ауытқымайтын. Жақсы журналист, өткір де белсенді материалдарымен елдің есінде қалды. Лездемелерде өзінің ой-пікірін тартынбай айтатын. Кей жерлерде өте ашық, кесіп тұрып айтатын. Жоғарыдан қорқып жалтақтау оған жат еді.

Кейіннен Алматыға кетті. Ол жерде де қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Елдегі ағайындарына жаны ашып, ұдайы көмектесіп жүретін.  Әттең, ғұмыры қысқа болды.

 

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button