Жарнама
Қоғам

Қорымдар құпиясы немесе «Жаналыда» кімдер жерленген?

Қазақ тарихының толық ашылмаған құпияларының бірі – көне қорымдарда жатыр. Бүгінде көп алысқа бармай-ақ, екі-үш ғасыр уақыт аралығында қалыптасқан қорымдарды танымайтын жағдайға жеттік. «Онда кімдер жатыр, басындағы араб әрпімен жазылған мәтіндерде қандай сыр бар, қай істерімен тарихта қалды?» деген сұрақтар соңғы жылдары ғана көпті  толғандыра бастады. Атырау өңірі де сырын ішіне бүккен құпия қорымдарға толы. Солардың бірі – Махамбет ауданындағы төре-сұлтандардың, соның ішінде Нұралы ханның ұрпақтары жерленген Жаналы қорымы.

корыммм

2010 жылдан бері Атырау облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген қорым Жайық өзенінің сол жағалауындағы Алға ауылынан солтүстік-батысқа қарай 21 шақырым жердегі шағын төбеде орналасқан. Мұнда жалпы саны 23 құлпытас бар. Ол алғаш рет 2005 жылы тарих ғылымдарының докторы, профессор С.Әжіғалиев бастаған Батыс Қазақстандық кешенді этноархеологиялық экспедициясымен зерттелген болатын. Зерттеушілер қауымда Нұралы ханның ұрпақтары жерленгенін анықтаумен ғана шектелген.

Ал, 2013 жылы қорымдағы құлпытастарды алғаш рет Р.Өтеуғалиев оқыса, кейін маңғыстаулық Н.Құлбаев оқылған мәтінге түзетулер енгізген. Осыған байланысты Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекция басшысының орынбасары Ф.Байдәулетов «Құлпытас сырын ашайық!» мақаласында: «қорымдағы жерленген адамдардың басым бөлігі төре-сұлтандар екенін дәлелдеді және оның ішінде Қожа руының да өкілдерінің есімдері барын анықтады» дей келе, «алайда, олардың кім болғаны, қандай ізгілікті істер атқарғаны белгісіз. Сондықтан, оларды зерттеу тарихшыларымыздың назарынан тыс қалмауы тиіс» деп орынды мәселе көтерген-ді.

Біз осы мәселені анықтау мақсатында биыл маусым айында іскер азамат С.Сидағалиевтің ұйымдасты-   руымен, Алға ауылының ақсақалы Б.Әміровтің жол бастауымен аталған қорымға аттандық.

Сонымен Жаналы дегеніміз кім? Тарихтан бізге белгілісі Жаналы сұлтан – Нұралы ханның қырық ұлының бірі. Ол  шамамен ханның төртінші ұлы, Пірәлі, Мұхаметәлі сұлтандардан соң 1753 жылы Орынборда аманатта ұсталды. 1771 жылы ақпанда Нұралы ханның қалмақтарға қарсы шайқастарына қатысқан бес ұлының – Есім, Арыстан, Абылай сұлтандардың қатарында болды. Кейін оның аты мұрағат қорларында Сырым бабамыз бастаған ұлт-азаттық қозғалыс кезеңінде аталады. Бұл кезеңде Жаналы сұлтан Гурьев қаласынан қашық емес жерлерді жайлап, шекарадағы орыс әкімшілігімен байланыс орнатқан. Ол 1792 жылы Амандық батырдың 600 адамымен Ресейге қарсы көтерілгенін жазады. 1794 жылы ел тыныштығын сақтау мақсатында Жаналы сұлтан Кіші жүздегі орыс тұтқындарын босату барысында көзге түседі.

Ал, 1797 жылы 27 наурызда Есім хан өлтірілген тұста Жаналы сұлтанның өзге сұлтандардан ерекше көзқарасы байқалады. Ол Сырым батырды хан өліміне кінәламай, керісінше «Есімді шекті, шөмекей, ысық, адай руларының қазақтары өлтірді», келесі дерегінде «Сырым елде О.А.Игельстром келісімімен ханды Тілеп Қойбасұлы өлтірді» деген мәліметтерімен Орынборға белгілі болады. Бізге мәлімі одан Сүйінішқали, Қуаныш-қали, Балқан, Палуан, Бабаәлі, Қадір  сұлтандар тараған. Сүйінішқали сұлтанды атақты қазақ ханы     Арынғазы «менің балдызым» деп жазса, кей мәліметте ол туралы «беріш руының 11 бөлімін басқарған» делінген. Сондай-ақ, оның аты Қарауылқожаның қызы Шынқараға үйленуімен және Арынғазы хан қайтыс болған соң оның жесірі Мәдинаны әмеңгерлікпен   алуымен де тарихта қалады.

Ал, Жаналыұлы Бабаәлі сұлтан да 1815 жылы беріш руын басқарған екен. Оны мұрағаттағы қазақ сұлтандарының Шөке Нұралыұлына Бөкей ханның қайтыс болуына және оның артында қалған өсиетіне байланысты жазған хаты айғақтайды. Жәңгір сұлтанның жастығын ескеріп, уақытша басқаруды Шығай сұлтан-ға тапсырудың маңыздылығын алға тартқан сұлтандар арасында Нұралыұлы Жаналы сұлтаның ұрпағынан тек қана Бабаәлі сұлтан ғана көзге түседі. Міне, осы Бабаәліден 1794 жылы «атасы Жаналыдай болсын деген» ырыммен қойылған Жаналы сұлтан туылған. Қорымдағы құлпытастағы «Әлмархум әлмағфур. Кіші жүз Беріш руының сұлтаны Бабалы бин Жаналы опат болды 27 жасында 1236-ыншы жылда (хижра), бұл тасты істетті марқұм-ның анасы Әнемхан, Ақтан қойды» деген жазулар тікелей Нұралыханұлы Жаналының немересі екенін дәлелдейді. Жаналы Бабаәліұлы біздің жыл санауымызбен 1821 жылы қайтыс болған. Сонымен, бірінші Жаналы – Нұралы ханның баласы, ал, екінші Жаналы – ханның шөбересі. Яғни, қорымның «Жаналы» аталуы тікелей Нұралы хан ұрпақтарына тиесілі екені анық.

Енді осы қорымда жерленген Ф.Байдәулетов жазған құлпытастардағы белгілі тұлғаларға да тоқталсақ. Бізге белгілі жанның бірі – хижра бойынша 1251 жылы, яғни, 1834-35 жылы қайтыс болған сұлтан Өзбекалы Нұралыұлы. Ол ХІХ ғасыр басында аты шыққан Өзбекқали (Ақсарт) сұлтан. Оның есімі Қаратай сұлтан бастаған ұлт-азаттық қозғалысы кезеңінде шықты. Қаратай хан 1806 жылы орыс әскерилері ұстаған қазақтарды босату үшін Өзбекқали мен Хиуа керуендерінің басшысы Ерназар Уайсовты Орынборға келіссөзге жібергенде патша саясаткерлері Өзбекқалиды «Қаратайдың бірінші қолдаушысы» деп қамап тастайды. Екі жыл қамауда жатып үлкен күшпен елге оралады. Оны босатуға Қаратаймен қатар, Бөкей хан да атсалысады. Елге оралған соң ол Бөкейдің сенімді серігіне айналады. Ал, оған белгі қойған ұлы Мырзалы (тарихи деректе Мұртазағали, шежірешілер Мұртаза Әлі деп жазады) 1803 жылы дүниеге келген.

Осы жерде жерленген 1845 жылы 61 жасында қайтыс болған Нұралы ханның ұлы Әбілғазы ханның әйелі Қарабайқызы Айымжан ханым мен 1853 жылы 80 жасында қайтқан Нүрке Қарабайұлы 1715-1718 жылдары Қазақ хандығының бас ханы болған Қайып ханның шөбересі, Қарабай сұлтанның ұрпағы. Қарабай сұлтан бір деректе, Нұралы ханның қарындасына, екінші деректе Нұралы ханның қызы Айдарханымға үйленген. Қалай десек те,  Қарабай сұлтан  ата жолын жалғастырып Әбілқайыр ханның шаңырағына күйеу бала болады. Қарабай 1757 жылы төрт айдай Хиуа ханы да болып сайланған. Кейін Қарабайдың қызы Атан ханым Бөкей сұлтанға тұрмысқа шығып, олардан Жәңгір хан туылған.

Осында мәңгілік мекендеген Нүрке сұлтан туралы 1850 жылы 26 қазанда Орынбор Шекаралық комиссиясында «Қарабаев Нуреке, сұлтан, ешқандай қызметте емес. Жасы 70 те. Шеркеш руымен бірге. Көшіп-қону тұрағы: жазда – Ойыл, Қиыл өзені бойлары, қыста – Гурьев қаласы маңы. Отбасында төрт әйелі, бір ұлы бар» деген дерек сақталған. Ал, құлыптаста  ол 1853 жылы 80 жаста қайтыс болды делінген.

Қорыта келе, қорымда жерленген төре тұқымдары ішінен Нұралыхан ұлы Өзбекалы сұлтан, Нұралыхан шөбересі Жаналы сұлтан, Қарабай сұлтан ұлы Нүрке, қызы Айымжан  туралы деректер анықталып отыр. Алайда, әлі де іздеу, зерттеу жұмыстарын жалғастыру – келер күннің еншісіндегі жұмыстар.

Әбілсейіт Мұқтар,

тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button