ОРТАЛЫҚТЫҢ ҚЫЗМЕТІМЕН ТАНЫСТЫ
Алдымен қызмет көрсету залына келіп, инспекторға сауалдар қойған депутат тұтынушы азаматтардың Электронды үкімет жөніндегі пікірлерін білді. Депутатпен пікірлескен азаматтардың бірі Сергей Георгиев халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысына риза екендігін, өйткені құжаттарды рәсімдеп, тапсыру тетіктерінің неғұрлым жеңілдетілгенін айтты. Одан әрі мәжілісмен халықтың мемлекеттік орган басшылары мен министрліктерге тікелей байланыс жасай алатын кабинаның жұмысын да тексеріп көрді.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған нақты жүз қадамнан тұратын Ұлт жоспарында «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясын құру міндетінің жүктелгені белгілі. Бұл алдағы уақытта азаматтар мемлекеттік қызметтің барлық түрін орталықтандырылған жүйеден алады деген сөз. Осы мақсатта халыққа қызмет көрсету орталығында электронды цифрлық қолтаңба, қауырт желі, электронды кезек сынды тетіктер іске қосылып, сала жаңалықтармен толығуда. Мемлекеттік қызметтің неғұрлым жариялы болуы, жемқорлықты болдырмауға жол ашатын негізгі тетік болатынын ескерсек, халыққа қызмет көрсету орталықтарына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Сапар барысында орталыққа арнайы келуінің мәнісін осылай түсіндірген Мәжіліс депутаты Андрей Бегенеев тұтынушылар көңілінен шығу үшін бұл салада салмақтылықтың керектігін баса айтты.
Өз тілшіміз.