Өркениеттілік танытуымыз қажет
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жер кодексіндегі түзетулерге мораторий жариялауы өте орынды болды деп ойлаймын.
Өйткені, Мемлекет басшысы айтқандай, жаңа нормалардың мән-жайы халыққа толық жеткізілмеді. Заңның тетіктері көпшіліктің қатыстырылуымен талданып, талқыланбады. Егжей-тегжейлі түсіндірілмеді. Сондықтан, «жер шетелдіктерге жалға беріледі, Қазақстан азаматтарына жеке меншікке өту үшін аукционға шығарылады» дегенді естігенде жұрт абдырап қалды. Елдің кейбір түкпірінде алаңдаушылық, түсінбеушілік орын алды.
Ал, шынында бұл жағдай жалғаса берсе, мәселе ушығып, соңы жақсылыққа апармасы анық еді. Тәуелсіздіктің тірегі саналатын бірлігіміз бен тұтастығымызға нұқсан келуі мүмкін болатын. Мұның бәрінің алдын алып, бейбіт өмірімізді, тұрақтылықты сақтауда Елбасы оңды шешім қабылдай білді. Бұл Көшбасшымыздың Қазақстан халқының болашағына бейжай қарай алмай, тағы да көрегенділік танытуының белгісі деп білемін. Осынау жаңалықты біз де қалың жұртшылықпен бірге қуана қабылдадық.
Жақында бір топ депутаттармен бірге Мақат ауданының тұрғындарымен кездесіп қайттық. Жиын барысында жергілікті азаматтар өз пікірлерін ортаға салды. Елбасының шешіміне қолдау білдіруде.
Жер мәселесі қай уақытта болса да маңыздылығымен ерекшеленеді. Ендігі кезекте бұл төңіректегі пікірталас өркениетті негізде өрбісе деген ұсыныс бар.
Кеңес ҚОСЫБАЕВ,
«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары.