Жарнама
Қоғам

ӨРКЕНИЕТ КӨШІМЕН ӨРКЕНДЕГЕН ӨҢІР


Тарихымызды таразылар  сәт

— «Өткенсіз бүгін жоқ» демекші, осы жерден сәл шегініс жасасақ…

— Тарихымызды таразылап көрсек, Қызылқоға ауданын құру туралы шешім 1944 жылдың наурыз айында қабылданып, сол жылдың қыркүйек айында аудандық пария комитетінің бірінші ұйымдастыру пленумы өтті. Бұл кезде жаңа құрылған ауданда 30 колхоз бен бір ғана совхоз болатын.

Кешегі ел басына күн туған отты жылдарда қызылқоғалық азаматтар да қолдарына қару алып, елін жаудан қорғауға қан майданға аттанды. Тылда қалғандары да жанқиярлық еңбектің үлгісін көрсетіп, Жеңіс күнін жақындатуға лайықты үлестерін қосты. Соғыстан кейін, елуінші жылдардың басында ауданда үш бірдей машина-трактор стансасы ұйымдастырылып, шаруашылықтардағы науқанды жұмыстардың жандануына, белгіленген межелерден көрінуіне септесті.

Алпысыншы жылдары ұсақ ұжымшарлар ірілендіріліп, кеңшарларға айналдырыла бастады. Махамбет ауданының «Заурал» кеңшарынан бөлініп шыққан Энгельс атындағы кеңшар біздің ауданның қарамағына беріліп, Қызылқоғада енді жеті ірі шаруашылық пен «Гурьев» асыл тұқымды қаракөл қой зауыты тұрақты жұмыс жасады. Уақыт өткен сайын олардың өндірістік, материалдық базасы нығайып, әлеуметтік жағдайы да жақсарды. Заманауи үлгідегі білім беру, медицина, мәдениет мекемелері, сауда және тұрмыстық қызмет көрсету орындары қатарға қосылды. Ауыл шаруашылығының науқанды жұмыстарын атқаруға қажетті қуатты техника-көліктер көбейді. Жаңа да жайлы тұрғын үйлер, басқа да әлеуметтік нысандар бой көтерді. Жетпісінші жылдары халықтың әл-ауқаты түбірімен жақсарып, тұрмысы түзелді. Ауданымыздың «Қызыл тулы Қызылқоға» атанған даңқты жолы басталды. Шалғайдағы өңірдің аты ел асып, Одақ көлеміне танылды. Бірнеше мәрте республикалық, одақтық социалистік жарыстардың жеңімпазы атанып, орталықтың ауыспалы Қызыл туын қанжығасына байлаған ауданымыздың аты Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесінің «Алтын кітабына» жазылды. Төрт түліктің қай түрінен де мал басы өсіп, өнімі молайды. Ортақ табысқа қосқан қомақты үлестері, ел игілігі жолындағы ерен еңбектері үшін өңірімізден 11 Еңбек Ері шығып, ондаған саңлақтарымыз жоғары мемлекеттік марапаттарға ие болды. Олардың санатында Досымбай Кеңесов, Мырзақұл Сартов, Қанаш Қожахметова, Ізбасар Құдайбергенов, Әби Ерқалиев, Жақсы Кенжебаев, Әлшен Төлепов, Қалыбай Жұмағалиев, Көлбай Сисенбаев, Әбілғазы Мақұтов, Салық Рысқалиев және басқаларын атауға болар еді. Бұлардың арасынан Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланып, халық қалаулысы атанғандары да баршылық. Аға буынның өнегелі еңбек дәстүрі бұдан кейінгі кезеңдерде де лайықты жалғасын тауып отырды. Ежелден ауызбірлігі, ынтымағы жарасқан жұртымыз тоқсаныншы жылдардың басындағы нарықтық қатынастарға көшу үрдісімен бірге келген қиындықтарды да жеңе білді.

Әлеуметтік сала әлеуеті

 — Тәуелсіздік алған жылдары Қызылқоға өңірі қайта түледі ғой…

 — Шынымен де, тәуелсіздік жылдарында қайта түлеген өңіріміз өзгелер  сияқты өркенді өзгерістерді бастан өткеріп, ел қатарлы көшіне де ілесті. Ауданның барлық әлеуметтік сала нысандары заман талабына сай жаңартылып, соңғы үлгідегі ақпараттық технологиялармен, құрал-жабдықтармен, қатты-жұмсақ жиһаздармен жарақтандырылды, материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымдары жақсартылып, жолдар асфальттанды, табиғи газ бен ауыз суға қолымыз жетті. Басқасын былай қойғанда, аудан орталығы Миялы селосы бұл күндері адам танымастай ажарланып, өзгеріп кетті десем, артық емес.

Негізінен, ауылшаруашылықты аудан болып есептелінетінін Қызылқоға жерінде кейінгі кездері мұнай өндірісін дамытуға да бетбұрыс басталғаны белгілі. Осылайша, аудан аумағында орналасқан «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында алғашқы ұңғыманың іске қосылу, былайынша айтқанда ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысып, «қара алтын» өндірушілерге сәттілік тілеуі олардың алдағы жұмысына тың серпін беріп, жаңа биіктерге жігерлендіргені сөзсіз. Аталған кәсіпорынға жалғаса жерімізде жұмысын жүргізе бастаған «Мәтен» бірлескен кәсіпорны, басқа да осы лекке қосылған шетелдік компаниялар қазыналы аймақтың байлығын игерумен қатар оның әлеуметтік мәселелерін шешіп, жергілікті тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартуға, инфрақұрылымдарды дамытуға өзіндік үлестерін қосуда.

Кәсібі  бардың нәсібі  бар

— Аудан экономикасының ілгерілеп, әлеуетінің көтерілуінде жыл санап қанатын кеңге жайып келе жатқан шағын және орта бизнестің, тұтастай алғанда кәсіпкерліктің алар орны мен атқарар рөлінің зор екендігі түсінікті.

— Оныңыз жөн. Нақтылай кетсем, бүгінгі таңда аудандағы шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 900-ден асып жығылса, оның 21-і заңды тұлға, 164-і шаруа қожалығы және 729-ы жеке кәсіпкер болып отыр. Қазірде екі орталық базар, 141 сауда нүктесі, 35 қоғамдық тамақтандыру, 43 түрлі қызмет көрсету орны және 11 өндірістік нысан халыққа қызмет көрсетеді. Тек өткен жылдың өзінде ғана мұнда оннан астам бизнес объектісі іске қосылып, 30-ға тарта адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Ауыл шаруашылығын, яғни, агроөнеркәсіп кешенін өркендету бағытында да ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстарымыз жеткілікті. Осы мақсатта ауыл кәсіпкерлерінің бастамаларына бірден-бір қолдау көрсетіп келе жатқан «Аграрлық несие корпорациясы», «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-дарының облыстағы өкілдіктеріне қоса ауданымызда «Бастау-Қызылқоға» несие серіктестігі құрылып, басқа да қаржыландыру институттарының филиалдары өз жұмыстарын жүргізуде. Бұдан бөлек, асыл тұқымды түлік шаруашылығын дамытуға бағытталған «Сыбаға», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», сондай-ақ «Агробизнес-2020», «Ақ бұлақ»  бағдарламаларының да селодағы шағын бизнестің сәтті басталып, табысты өркендеуіне, тұрғындардың тұрмыстық әлеуетінің артуына тигізер септігі мол.

Осы тұста тағы да қайталап инфрақұрылымды ауызға алсақ, елді мекендердің нобайы құбыр бойымен келетін «көгілдір отынмен» қамтылса, тек кейінгі бірер жылда облыстық маңыздылықтағы 130, селоішілік 24 шақырымнан астам жол жаңадан төселсе, келер жылы  жалпы ұзындығы 195,5 шақырымды қамтитын «Миялы-Қарабау-Индер» тас жолын күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады деп күтілуде. Сайып келгенде, мұның бәрі қызылқоғалықтардың алдағы күнге де үміт-сеніммен қарап, өмір сүру сапасын жақсартуына кепілдік берері даусыз.

Мемлекеттік тәуелсіздігін жариялағалы бергі жылдарда Қазақ елінің де әлем алпауыттарымен терезесі теңесіп, олардың да өз кезегінде Елбасымызбен кеңесетіні игі үрдіске айналғандығына көзіміз жетті. Бұған дейін БҰҰ-дан бастап, беделді бірнеше халықаралық ұйымға мүше, төраға болып, төрден орын алған республикамыз ендігі жерде өзара экономикалық қарым-қатынас, ықпалдастық, интеграциялану мәселесінде де көшбасшылық танытуда. Жақында ғана Қазақстан, Ресей Федерациясы және Беларусь Республикасы басшыларының Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімге қол қоюы және де мұндай тарихи оқиғаның егемен елдің ордасы – Астана қаласында, Ақордада өткізілуі осы айтқанымызды айғақтағандай. Сөз жоқ, бұған бәріміз де бек қуаныштымыз. Нұрағаңдай көреген Көшбасшысы бар елде тұратынымызға, сол елдің азаматтары болғанымызға өзімізді бақытты санаймыз. Менің бұл пікіріме жерлестерім де толығымен қосылады және Елбасының сарабдал саясатын бірауыздан қолдайды деп есептеймін.

Өркендеп, өсу үстіндегі өңіріміздің ертеңінің бүгінгіден де нұрлы, болашағының жарқын, келешегінің келісті, қолға алынған істеріміздің өрісті боларына еш күмәнсіз сенемін. Тағы да құшағында тербеткен алтын бесік, кіндік қанымыз тамған киелі топырақ — Қызылқоға ауданының 70 жылдық мерейлі тойы құтты болсын, әр шаңырақта шаттық орнап, құт-береке, ырыс қонсын, әр күніміз қуанышқа толсын!

— Әсерлі әңгімеңізге бек рахмет!

Сұхбатты жүргізгендер Мағрупа ҚАЗИХАН,
Дәулетқали АРУЕВ.
Қызылқоға ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button