ОРАЗА ҚАБЫЛ БОЛСЫН!
Рамазан – Алланың рақымынан үміт ете отырып, ауыз бекітіп, құлшылық жасаған адамның тәубесі қабыл болатын ай. Осыған байланысты: «Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм): «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі», — деп айтты» делінген хадис бар. Сонымен қатар, бұл айда ібіліс пен оның әскері әлсіреп, адамдарды адастырудан қалады. Шайтанның кісенделетіні турасында мына хадис шәріпте айтылған. Әбу Һурайра (р.а) жеткізген хадис:
«Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм): «Рамазан айы келгенде, жаннаттың қақпалары айқара ашылып, тозақтың қақпалары түгелдей жабылады. Шайтандар кісенделеді»,- деп айтты» делінген (Бухари, саум 5, Муслим, сиям 1).
Демек, Рамазан айы келгенде Алла тағала жаннаттың қақпаларын айқара ашып, тозақ есіктерін жауып, шайтандарды кісендейтін болса, біздің де жүрегіміздегі мейірім есіктерін ашып, жағымсыз мінез-қылықтардың есігін жауып, нәпсімізді тыйып, тіліміздегі бос, керексіз сөздерді кісендегеніміз абзал.
Рамазан оразасы – Исламдағы бес парыздың бірі. Отыз күн оразада мұсылман кісі үшін тек белгілі бір уақытта ішіп-жеу және нәпсі қалауларынан ғана тыйылумен шектелмеуі тиіс. Ораза, сондай-ақ, адамды жалпы көркем мінезді, басқалармен жақсы қарым-қатынаста болуға, оның ішінде сабырлылыққа тәрбиелейді. Ораза ұстаушы адам өзінің ораза екенін әрдайым есінен шығармауы тиіс. Кез келген жағдайда әдептілік пен сабырлылық сақтап, жалпы жаман сөз, жағымсыз қылықтардан алыс болғаны жөн. Осы орайда адамзаттың асыл тәжі, ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм): «Ораза – (иесін күнәлардан, тозақтан қорғайтын) қалқан. Кім болса да, ораза ұстаған күні жаман сөз айтпасын, әрі ешкімге дауыс көтермесін. Егер оған біреу тіл тигізсе, не болмаса онымен ұстасып, төбелеспек болса, оған: «Менің аузым берік!» — деп ескертсін» деген (Бухари, саум 9, Муслим сиям 163).
Рамазан айының оразасы пендені есепсіз сауапқа бөлейді. Себебі, адам оразаны Алла тағала әмір еткені үшін, Жаратқанның разылығы үшін ұстайды. Сондықтан, ораза сауабының қаншалықты екенін тек Алла тағала ғана біледі. Имам Бухаридің риуаятында Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм): «Ұлылығы шексіз Алла тағала: «Оразаның жөні бөлек, өйткені, ораза тек қана Менің разылығым үшін ұсталады. Құлым ас-ауқаттан, сусыннан және нәпсісінің қалауларынан тек Мен үшін бас тартады, сондықтан оның қарымын (сауабын) Өзім беремін. Әрбір жақсылыққа он есе сауап жазамын», — деп айтты» десе (Бухари, саум 3), имам Муслимнің риуаятында: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм): «Адам баласының барлық амалдарының сауабы еселенеді. Әрбір жақсылыққа он еседен жеті жүз есеге дейін сауап жазылады», — деген.
Осы айтылған хадистердің әрі қарай жалғасын оқитын болсақ, мұсылман үшін отыз күн оразаның әр күнгі ауызашары мереке-мейрам екенін көреміз.
Сонымен қатар, қарын ашқанда адамның аузынан шығатын иістің мәртебесі қандай екенін білеміз. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм): «Мұхаммедтің жанын уысында ұстаған Алланың атымен ант етейін! Ораза ұстаушының аузынан шыққан жағымсыз иіс Алла тағаланың құзырында мисктен (хош иісті әтірден) де жұпары болып табылады. Ораза ұстаушының екі үлкен қуанышы бар: ауыз ашқанда, ауыз ашқаны үшін қуанады және Раббысымен қауышқанда, ораза ұстағаны үшін қуанады», — деп айтты (Бухари, саум 9, Муслим, сиям 163).
Біз Рамазан айының ерекшелігі мен артықшылығын айтып тауыса алмаймыз. Десек те, сол керемет артықшылықтардың бірі — пенденің құлшылыққа ерекше бөленуі. Оның ішінде Рамазанда бір ай бойы тарауих намазын оқу. Бұл намаз тек қана Рамазан айының оразасында ғана оқылады. Тарауих намазын оқыған кісі де күнәларының кешірілуіне қол жеткізеді.
Сондай-ақ, тарауих намазында және жалпы отыз күн оразада Құран Кәрімді хатым (толық бастан-аяқ оқып шығу) етудің орны бөлек. Себебі, Рамазан «ораза айы» деумен қатар, «Құран айы» деп те аталады. Құранның осы айда түсе бастағанын жоғарыда айтып өткен болатынбыз.
Рамазанда мұсылмандардың жасауға ұмтылатын сауапты әрі берекелі істерінің бірі — ауызашар беру. Жалпы, ауыз бекітіп, күні бойы аш жүрген адам баласы тағамның Ұлы Жаратушының құлына жайған дастарханындағы үлкен ырыс-берекесі екенін жете сезінетін болады. Кешқұрым ауыз ашқанда қатқан нанның да қаншалықты қадірлі екендігін біледі. Сондықтан, әрбір мұсылман адам қасиетті Рамазан айының берекесін құр жібермей, мүмкіншілігі болғанша пайдаланып қалуы керек.
Қадірлі мұсылман бауырлар! Келе жатқан Рамазан айы баршамызға мүбарак болсын! Алла тағала жасап жатқан дұға-тілектерімізді, құлшылық-ғибадаттарымызды қабыл еткей! Қашанда аспанымыз ашық, жүзіміз жарқын, Елбасымыз бастаған халқымыз аман, еліміз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болсын! Әмин!
Амантай САДИЕВ,
ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша
өкіл имамы, «Иманғали» орталық мешітінің
бас имамы.