Құтқарушылар отбасы бақытының құпиясымен бөлісті

2b40cb87 dba6 4aed b747 ad1e0de193bd Қоғам

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде бір қызметте қоянқолтық еңбек етіп жүрген қызметкерлер бар. Айтулы күнге орай жұбайлық өмірдің жауапкершілігін қызметте де, үйде де абыроймен арқалап, өзгелерге үлгі болып жүрген отбасылар жайлы айтуды жөн көрдік.

Солардың бірі – Сырым Мұстафа мен Жазира Жанғазиева департаменттің «Өрт сөндіру жəне апаттық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінде қызмет етеді.

Отағасы Сырым Мұстафаұлы Көкшетау техникалық институтын тəмамдаған. Еңбек жолын №1 МӨСБ-нің өрт сөндірушісінен бастап, аға өрт сөндіруші, бөлімше командирі, қарауыл бастығы лауазымында қызмет еткен. Бүгінде өрт сөндіру кезекші қызметінің жедел кезекшісінің орынбасары лауазымын абыройлы атқаруда. Ал, жұбайы Жазира Жанғазиеваның азаматтық қорғаныс саласында қызмет еткеніне 20 жылға жақындапты.

0fdb92ec 8203 40ba 8f55 c5a2a7bbd8d5

Бір қызығы, Сырым мен Жазира осы қызметте табысып, шаңырақ көтерді. Екеуі де өнер десе, ішкен асын жерге қоятын жандар. Түрлі шараның көркі болған олар домбырамен күмбірлетіп, баянмен əндетеді. Осылайша, екі өнерлі жастың ұжымдағы шығармашылығы берік махаббатқа, содан кейін берекелі отбасыға айналды. Қазір өнегелі отбасы Нұрасыл, Ерасыл, Арсен жəне Хасен атты төрт ұлының бойына ғибратты тəрбиені сіңіруге үлес қосып жүр.

Ал, ұлдары «Біз ата-анамыздан сүйіспеншілікті, жауапкершілікті, қамқорлық пен құрметтеуді үйрендік» деп мақтаныш сезіммен айтады. Келесі кейіпкердің отбасын құтқарушылар династиясы десе де болады. Ол – азаматтық қорғау органдарының ардагері Омар Бержановтың жанұясы. Құрметті еңбек демалысындағы полковник жас буынға үлгі боларлық бақытты отбасының тірегі. Омар Құмарұлы 28 жыл отасқан жары Гүлнұр Сақтапбергенқызымен бірге қызғалдақтай ханшайым мен төрт ұлды қазақи ұлттық құндылықпен тəрбиеледі.

– Отбасылық бақыт көбінесе əйелдің дана болуына байланысты. Бірге өмір сүре бастаған жастар бір-біріне түсіністікпен қарауы керек. Ерлі-зайыптының басты міндеті – отбасылық ошақты сақтап қалу. Сонда ғана шаңырақтың береке мен бірлікке толатыны белгілі, – дейді ішкі істер органдарының ардагері Гүлнұр Төлешова.

Иə, «Əкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» демекші, ұлы Асланбек жастайынан əскери қызметкер боламын деп армандаған. Қызмет барысында алапат өртті сөндіріп, адамдарды құтқарған əкесінің «Ерлігі үшін» медалімен марапатталғанын көрген бала жүрегі осы мамандықты қалады.

Асланбек Омарұлы мектеп бітірген бойда ата-анасының ақ батасымен Ресейдің мемлекеттік өртке қарсы қызмет академиясына оқуға түседі. Əке жолын қуған ұл аталған оқу орнын 2019 жылы бітіріп, қазір Атырау облысы ТЖД өрт сөндіру қызметінің жедел кезекшісінің орынбасары, азаматтық қорғау аға лейтенанты. «Əкеден ұл туса игі, ата жолын қуса игі» демекші, əкесінің ізін басқан қайсар ұл «Ерлігі үшін» наградасымен марапатталған. Иə, отбасы ошақтың үш тағаны сияқты үш тіреуден – əке, ана, баладан тұрады. Мақалаға арқау болған осындай берекелі отбасылар қатары арта берсін деп тілейміз.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз