Жарнама
Қоғам

ӨР МІНЕЗДІ, ӨРШІЛ АҚЫН

 

Қазақ көркемсөзі қашанда аузымен құс тістеген небір таланттарға кенде болмаған. Олар өздерінің көңіл түкпіріндегі сұлу, көркем ойлары арқылы оқырман қауымды рухани сусындатып, Әдебиет атты киелі өнерге адал қызмет етеді. Бәз бірі тіршілігінде-ақ атақ-марапатқа ие болып, құрметке  бөленіп жатса, бәз бірі айғай-шусыз, атақ-марапатсыз-ақ аянбай тер төгеді.  Сондай қаламгердің бірі – көрнекті ақын ағамыз Мақсұт Неталиев деп білемін.

Иә, сөз арасында айта кетейік, өткен ХХ ғасырдың  1960-85 жылдарғы әдебиетіміздің «Алтын кезеңінің» алыптарының алды 20, соңы 10 томнан шашу шашып, еңбегінің өздері көре алмаған зейнет-қайырын өзгелерге рухани тәбәріктеп жатса, енді бірі шулы ғасырдың даңғазалау шоу-насихатына ілінбестен, бойы мен сойын жасырған асылдай тарих тұңғиығына сіңіп барады. Кітаптан жерінген, интернетке телінген жаңа заманның толқын-толқын жастары мен жасамыстары, әсіресе, орысша сөйлеп, батысша ойлайтын, заманауисымақ тәлім-тәрбие көргендері бұл барымыз бен нәрімізді айдалада иесіз қалған әсем сарайдай, әншейін бір қат-қабат қаланған тас қабырғадай көретінін шықпас көзіміз көріп отыр. Әйтсе де, «алдыңғы буыннан асып тудық» деп қаншама кеуде соққанымен, өздерінің де бітіргені шамалы: бірі туған топырақта түлегеннен бас-қаның бәріне еліктеп, түп қазығын таба алмай басқа өрісте сандалса, енді бірі барлық дүниедегі жалғыз жаратылыс кіндігі өзіндей біресе күлгенін, біресе күңірене күрсінгенін жырлаумен әуре… Қалай құбылса да, басын тауға да, тасқа да ұрғылағанымен де түптің түбінде ұлтының ұлықтығы, азат рухтың өзегі, табиғилық пен тазалықтың тұнығы сол бастауларда екенін, әрине, іштей сезеді.

Осы орайда, құрдымға жеткенше қанат-қабаттары қабыспайтын, жалдама өзеннің егіз жаға-жарлауытындай  екі ғасырмен қоссаң да қосылмайтын қос қоғамның куәгері, 80 жастың сеңгіріне көтерілген Мақсұт Неталиев ағамыз басқаша тың жол таңдапты. Қаламы құрғамаған, жорғасынан жаңылмаған 60 жылдық ақ қағазбен, қара сиямен арпалысқан азапты түндер мен күндерін ұрлаған барша қазына-байлығын бар-жоғы 100 баспатабаққа, бес томға сығымдап сыйғызыпты. Өзін «Мақсұт ақын» атандырған бары мен байлығы, жан дүниесінің лүпілі мен жан дауысына – өлең-жырына екі-ақ кітабын, тағы бірін – таңдамалы аударма жырларға арнаса, қалғаны – сұрыпталған қарасөздері: жинақы естелік, жұп-жұмыр мақала, сын, толғау, очерктер. 

Әрине, бүгінгі күні заманында дүркіреп жүретін Махаңдай ақындардың зейнетақысы мен жәрдемақысы наны мен шайына ғана жететіндігі ешкімге құпия емес, алақанын жайса, сақалын сатса, демеуші де табылуы мүмкін. Әйтсе де, ғұмырын баспагерлікпен өткізіп, қаншама қазақ кітабының тағдыр-талайын көзбен көріп, көкірек көзімен сезгендіктен де ақын талғам таразысын барынша ауырлатып, іріктеуін тым іріден тураған сынды. Заманында бала-шағаның нәпақасын айырған, ұрандатқан, жалаулатқан, өткінші саясаттың тапсырысымен жазылған шұбар жылан жолдарынан  бас тартуын біз туабітті қисық-қыңыр мінезіне сай өнер алдындағы адалдықпен, мәрттікпен мойындауы деп ұқтық. Қалай дегенде де «аз – алтын, көп – көмір» демекші, бұл бірегей шешімнен ойлы-ойсыз оқырман ғана емес, сөз иесінің өзі де көп нәрсе ұтқандай…

Ақын тойына орайластырылған бес томдықтың алғашқы кітабы ғана жарыққа шығып үлгерді, екінші томы терілу үстінде. Ендігі аз-кем сөзіміз осы таңдаулы қос кітап туралы болмақ. Ал-ғашқы кітап сеңгірлі сексенге келген ақынның барша шығармашылық жолын баяндағандай сегіз тарау-жылдардан тұрады: «Жырлайды гүлдер» (1960-65), «Сағыныш саздары» (1965-70), «Қайдасың, гүлім?» (1970-75), «Менің замандастарым» (1975-80), «Көктемім едің» (1980-83), «Қырдағы қызғалдақтар» (1983-85), «Солмайды гүлдер» (1985-87), «Нұрлы шақ» (1987-90). Бұл жыр-жолдардың ортақ өзегі – туған жер, Атырау мен Алатау арасы, оның сан суретті табиғатына деген ыстық махаббаты, іңкәр құштарлығынан туған балауса гүлдей балғын сағынышы, көңілді де көгілдір көктемі, жаз гүліндей жайнаған жастығы, отты да нұрлы шағы. Әрине, бұл тақырыпты жырламаған  ақын мен ақынжандылар жоқ, десек те Махаңның олардан бөліп айтар өзгешелігі – ерекше бір ішкі саз, өзінше өрнек күй сезіледі. Оқырман жұрт Жүсіп (Қыдыр), Жұмекен жырларынан қашанда шертпе, не төкпе күйдің сарынын іздеп, қуалап оқып отырса,

«Туыппын мен қар еріп жөнелгенде,

 Шұғылаға шартарап бөленгенде…

Сонда мені тірлігім тербетіпті,

Домбыраның күйімен, өлеңмен де» деп ақынның өзі жырлағандай, дәулескер күйші М.Неталиев күмбірлі жырларының біресе буынын сындырып, біресе екпінді өзгертіп, кейде өлең соңын өзгеше шалт, шорт кесіп аяқтайды. Қазақтықтың қос шегі – жыр мен күйдің, сөз бен саздың үйлесімдігі, әсіресе, кең тынысты поэма-дастандарда ерекше айшықталады. «Арыстан еді-ау Исатай», «Мәнсия» (М.Мәметова), «Мұхиттағы төртеу», «Тоғыз балдық тербеліс» дастандары мен көптеген балладаларының өміршеңдігі, сірә, осы саз сарындылығында, ән әуенділігінде жатса керек. Ал, екінші томға ақын құлақ бұрауы мүлдем басқа, әуен сазы өзгеше өлең-жырларын екшеп, таңдаған.

Бұл топтаманы азаматтық лирика, заман, уақыт туралы толғаныстар, ақын мінезі, қазақ қоғамының тынысы десек те болады. Барша шығармашылығынан дәм татқызғысы келгендей, ақын балаларға, жас бүлдіршіндерге арнаған сәтті өлеңдерін де ұмыт қалдырмаған. Тағы да қайталағымыз келеді – ақын өз өлеңдерін өзі таңдап, топтастырған. Таңдауы біреу –

«Шөп те – өлең…

Шөңге де – өлең…

Өлең де өлең

Жазбасам, осы өлеңді –

Өлем бе мен?!

Өлмеймін!

Өлмеу үшін жазам кейде,

Жазғанын біреулердің көрем де мен.

Жазайын қысқа, мейлі…

Көлемді өлең,

Кезім жоқ сол биіктен  төмендеген.

Арманым – дақ түсірмей өтсем деймін,

Киелі…

«Сөз патшасы – өлеңге» мен?! — деген ақын жолдары.

Бүгінде, көйлек көк, көз ашық, бірақ көкірек тұман заманда жоқшылық, таршылық тек Мақсұт ақынның басында ғана емес; біреуге дәрі, ал енді біреуге құны бес тиынға татымайтын бес кітаптың ендігі бағы мен соры сіз бен біздің қолымызда. Оны тұтынсақ – басып шығарсақ, сатып алсақ, төрге оздырсақ, кәнеки… Елулік, отыздық санатындағы өрісті, өркенді елдердей өзгенің өңі тозған қаңсығын емес, өзіміздің өзегімізді жарып шыққан құндылықтарды дәріптесек, кәнеки… Дарынды дара тұлғаның жаратқанын ұлтымыздың игілігіне, буыны қатпаған ұрпақтың тәрбиесіне жарата білсек, кәнеки…

Ғарифолла ӘНЕС,

«Арыс» баспасының директоры,

филология ғылымдарының докторы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button