Жарнама
Қоғам

Опындырар оңай олжа әлі тыйылар емес

2007 жылы елде «Ойын бизнесі туралы» заң күшіне еніп, ойын автоматтары мен казинолардың жұмысы тоқтатылған еді. Алайда, кейбір ойынханалар оған қарамастан әлі кәсібін жүргізіп отыр. Тіпті букмекер жағалап, оңай олжаға қарқ болғысы келетіндердің саны күрт көбейген. Оны құлағымыз шалып, көзіміз көріп те жүр. Бұл кесел соңғы уақытта ауылдағы ағайынның да мазасын қашырып үлгерді. Осындайда «Құмар ойындарды қалай тиямыз? Жастарды жуытпаудың жолы бар ма?» деген сауалдардың жанға жара салатыны бар, соған жауап іздеуге тырыстық.

Талай пендені сан соқтырып, қыл мойнына құрық ілген құмар ойын елдегі әрбір бесінші жасты тұзағына түсіріп тұр екен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырды. Мамандар да бір ауыздан бұған қатысты жарнамаларды жүгендеу керектігін айтып дабыл қағады. Қоғамды жайлаған жайсыз дерт жайлы ой қозғауымызға редакцияға хабарласқан орта жастағы азамат себепші болды.

– Биыл ала жаздай бір тыным таппай, білек сыбана еңбек еттім. Егін егіп, бала-шағамызбен Жер-Анадан ризығымызды тауып, күзде тәп-тәуір табысқа кенелдік. Балалардың сабақ киімінен, тамағынан артылған ақшаны буып-түйіп, келесі жылы үйімнің жөндеу жұмысына жұмсармын деп сақтап отырғанмын. Аяқасты қалаға жұмыс барысымен баруға тура келді. Ойға алған ісіме байланысты ұзын-сонар кезектен шаршап, таза ауа жұтуға тысқа шықтым. Сыртқы жарнамасы көздің жауын алатын шағын дүңгіршекке қалай кіріп кеткенімді өзім де байқамай қалдым. Кейін әбден ойынның қызығына түсіп, бар ақшамнан айырылғанымды білдім. Бармағымды тістеп, жер тепкілесем де, қаражатымды қайтарып алатын дәрменім жоқ, ішім удай ашыды. Алдағы жылы мектеп бітіретін қызым «Әке, маған қаладан жаңа ұялы телефон сатып алып келіңізші» деп өтініп хабарласқанында ақшаның жоқтығын айтып едім. Енді отбасымның, бала-шағымның бетіне қалай қарарымды білмей, әбден қиналып кеттім, — деді ол.

Өзегін өкініш өртеген әлі осындай қаншама жан бар?! Қазір жастар ай бойы маңдай терін төгіп тапқан жалақысын «бірнеше есе көбейтемін» деп әртүрлі ойындарға кіріп, енді одан шыға алмай әуре. Әсіресе, футболдан әлем чемпионаты кезінде букмекерлік кеңселердің айы оңынан туады. Атырау қаласындағы букмекерлік кеңселердің бірінде күзетші болып қызмет еткен Ерназар Құлымбетовтың әңгімесі өкінішті ұлғайтып, көп нәрсеге көзімізді ашты.

– Осыдан бес жыл бұрын букмекерлік кеңседе бір жылға жуық жұмыс жасадым. Шыны керек, онда келушілердің қатары күн санап өспесе, кемімейді. Бәс тігушілердің бірінің асығы алшысынан түссе, енді бірінің тауы шағылып, бар тапқанынан әп-сәтте айырылып, үйіне қайтарға ақша таппай отырады. Кейде әбден тісқаққан ойынқұмарлар жанына дос-туыстарын әкеліп, лас тірлікке қызықтырады. Тіпті жап-жас қазақтың қаракөз қыздары да ата-анасының оқуға төлеуге берген ақшасын ойынға тігіп, шарасыз қалғандарын көрдім. Ол жерде жалақым жақсы еді, бірақ ары қарай жұмыс істеуге дәтім бармады, — деп Ерназар біраз жайтты ашық айтты.

Тағы бір атыраулық Қобылан Мұңайтпасов – құмар ойынның құрбаны. Ол ойынханаларды жағалап, табанын тоздырмаған. Үйінен шықпай-ақ, ұялы телефон арқылы түрлі ойындардың жарнамасына қызығып, ақша салып, оны көбейтемін деп талай күнін босқа өткізіпті. Ойынға есепшотын тіркеп, алдымен 5 мың, 10 мың, ақыры бүкіл қаражатынан қапелімде қағылып қалғанын кеш ұққан. Бұл ойындар байлыққа белшеден батырам деп, керісінше басыңды бәлеге қалдырады. Себебі құмар ойынның құрығына түскен адам жеңілген сайын желігі басылмай, жүйкесі жұқара бастайды. Мұны білікті психолог мамандар да растап отыр.

– Құмар ойын – адамның білім-білігіне қарамастан сәттілік арқылы жүзеге асатын, жеңіл жолмен байлыққа кенелудің бір түрі. Әуелі ұйымдастырылған ұтысқа кенелген ойыншы оған да қанағаттанбай, олжасын еселей түскісі келеді. Ойынның шарты бойынша адам соңында жеңіліске ұшырауы тиіс. Барынан бір-ақ сәтте қол үзгенімен қоймай, келесі жолы бағым жанады деген соқыр үміттің жетегінде кететіндер де аз емес. Бұл қауіпті кеселге жетелейтін бірнеше себеп бар. Біріншіден, өз-өзіне деген сенімсіздік, төмен бағалау. Шынайы өмірден гөрі виртуалды өмірге жақын болу, өз сезімін басқара алмау. Екіншіден, өз-өзіне көңілі толмаушылық, жалғыздық, еңбек етпей бірден мұратқа жету тілегі, психологиялық ауруға деген бейімділігі, басқа да тәуелділіктер. Жапон ғалымдары соңғы зерттеулерінде ойынға тәуелділік «бақыт гармонының» жетіспеуінен де болатынын айқындап отыр. Сонымен қатар, тез пайда табам деп, тақырға отырғандарды әлеуметтік қолдау да осал жұмыс емес. Яғни, дос-туыстарының өзара жылы қарым-қатынасы, сүйікті ісімен айналысу, еңбекке және спортқа бейімділік, ең негізгісі – өзінің емделуге деген жоғары құлшынысы мен сенімділігі, — дейді Құрманғазы ауданындағы Ә.Сәрсенбаев атындағы орта мектептің психологы Арай Естаева.

Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сүйенсек, былтыр құмар ойындар мен бәс тігуге қатысты шаралар ұйымдастырған компаниялар 368 миллиард теңге табыс тауыпты. Салыстырмалы түрде алсақ, 2010 жылы ойын бизнесі 9,2 миллиард теңге пайдаға кенелген. Содан бері бұл сомалар жыл сайын өсіп келеді. 2014 жылы табысы 24 млрд. теңге болғанмен, содан кейін біртіндеп төмендей бастапты. 2019 жылы елде құмар ойындарға 13 миллиард теңге жұмсалған.

Пандемия кезіндегі статистикаға зер салсақ, бұл қызметтерге сұраныс күрт өскен. Көрсетілген қызметтер көлемі 2020 жылы 89 млрд. теңге, 2021 жылы – 501 млрд., 2022 жылы – 572 млрд. теңге болыпты. Табыстың денін Алматы облысындағы компаниялар иеленген. Ал, былтыр ойын бизнесінің кірісі 42%, яғни 572 млрд-тан 368 млрд. теңгеге дейін төмендепті.

Айта кеткен жөн, Қазақстанда ажырасқан 10 жұптың 7-еуіне лудомания себеп болады. Әрбір алтыншы қылмыскер де құмар ойынға қаражат іздеп, шалыс басқандар. Ал, бір жылда 3607 суицид тіркелсе, оның 20 пайызы лудомандардың «үлесі». Бұл – ресми түрде тіркелген дерек. Себеп-салдарын жасырып, есепке алынбағандары қаншама?!

Қоғамды жайлаған бұл дерттің алдын алып, оған қарсы күресу үшін қоғамда жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оның құрығына түскендерді қалай да құрсаудан шығару – қалың бұқараның міндеті. Осы ізгі мақсатта қалада «Жаңа өмір» психологиялық қолдау орталығы былтыр тамыз айында ашылған еді. Жоба авторлары Нұртас Нұрғалиұлы мен Тимур Рамазановтың өздері де талай жыл ойынның құрбаны болып, ерік-жігерімен ес жиған жандар. Бүгінде бастарынан өткен қиындықты басқалар қайталамасын, төңірекке пайдамыз тисін деген ниетпен орталық ашып, азаматтарға психологиялық және құқықтық көмек көрсетеді. «Respubliсa» партиясы да оларды қолдап, қазір бірлесіп жұмыс атқарып жүр. Жыл басталғалы 18-45 жас аралығындағы 131 адам орталықтың көмегіне жүгініпті. «Жаңа өмірдің» жұмысы басталғаннан бері жан-жақты көрсетілген көмектің нәтижесінде букмекерлік кеңселерге қаржы жұмсамай, тура жолға түсіп, өзін-өзі тәрбиелеп жүргендер саны артып келеді. Қазір тұрақты түрде қадағалаудағы 30 адамның ішінде қыз-келіншектер де бар.

Атырау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Бекболат Әнесов те заңсыз ойын бизнесімен күрес ешқашан күн тәртібінен түспейтінін айтты.

– Біздің қызметкерлер оқушылар мен студенттер арасында кездесулерді жиі ұйымдастырады, қаржы пирамидасы мен ойынқұмарлықтан аулақ болуды ескертеді. Кездесуге мұндай келеңсіздіктің салдарын түсіндіретін психологтар мен дін өкілдері де қатысады. Биыл жедел іздестіру шараларының нәтижесінде онлайн трансляция арқылы заңсыз ойын бизнесін жүзеге асырған қылмыскер де анықталды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді, — дейді басқарма басшысы.

Тұрғындар осыған қатысты немесе қаржы саласындағы құқық бұзу деректерін «1458» Call-орталығына хабарлай алады екен. Б.Әнесов тәулік бойы қызмет істейтін «қауырт желі» мамандарының хабарламаны қабылдап, кеңес беріп және тиісті шаралар қабылдауға міндетті түрде ықпал ететінін айтты.

Орасан зор зиян әкелетін құмар ойындарға дінде де тыйым салынған. Бұл жөнінде «Ассалям» мешітінің имамы Сабыржан Құлекешовтың да пікірін білген едік.

– Талай адамның отбасын ойран қылған қажетсіз ойындар жастардың да санасын улап барады. Ақырында өз әрекетінен жақсылық көрмеген кісіде өкініш пайда болатыны хақ. Тұрмыстағы көп жанжал құмар ойынның кесірінен туындайды. Үйдің берекесін қашырған құмарлықтан арылу оңай емес. Бұл туралы Мұхаммед пайғамбар өзінің бір хадисінде: «Кім өз досына: «Жүр, құмар ойын ойнайық» десе, садақа берсін», — дейді. Бұдан аңғаратынымыз, кімде-кім досына құмар ойынды ойнауға ұсыныс жасаса оның садақа беруі – міндет. Демек ол күнәсі үшін садақа беріп қана құтыла алады деген сөз. Ендеше, мұсылман бауырлар күнәлі іске өзімізді тәуелді етіп, өзгені итермелеп өмірімізді сүреңсіз етпейік, — дейді ол.

Әр лудоманның артында шайқалған шаңырақ – барымен баласының қарызын жапқан ана, көз жасы құрғамаған әйел, көңілі құлазыған бала тұр. Бәйгеге бәс тігетіндер бас тігуден де тайсалмайды. Мұндайда ұлы Абай ақынның:

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ…

немесе

Тамағы тоқтық, көйлегі көктік,

Аздырар адам баласын… — деген ақылға толы өлең шумақтары еріксіз ойға оралады.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – адамдық ақ жолдан аттамай, ешкімді алдап-арбамай, адал ас ішіп, абырой биігіне көтерілгенге не жетсін?!

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Коллажды жасаған Дәурен ҚУАНЫШ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button