ӨНЕР ҰЖЫМДАРЫНА – ПӘРМЕНДІ ҚОЛДАУ
Жиында негізгі баяндама жасаған ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің айтуынша, алдағы уақытта ұлттық мәдениетіміздің басты салалары – театр, кино, кітапхана және мұражай істеріне арналған Үкімет отырыстары жиі өткізіліп, саладағы мәселелер талқыланады. Соның негізінде Елбасы Жолдауында атап айтылған мәдени саясаттың ұзақ мерзімді тұжырымдамасы жасалатын болады.
Қазір елімізде 53 театр жұмыс жасайды. Отандық театрлардағы қордаланған күрделі проблемаларға тоқталған министр ең алдымен жалақы мәселесін сөз етті.
– Облыстық театрдың әр-тістері негізінен 30-40 мың теңге ғана жалақы алады. Ал, кейбір театрлардағы слесарь, сантехник, электрик сияқты жұмысшылар әртістерден әлдеқайда көп жалақы алып отыр. Сондықтан, өңір әкімдерінен облыстық театр әртістерінің және жалпы мәдениет саласы қызметкерлерінің осыны мұқият қарап шығып, оларды 1,7 немесе 2 көтерме коэффициенттерін пайдалану арқылы жалақыны жергілікті бюджет есебінен өсіруді сұраймын, — деді ол.
Сондай-ақ, министр, өрелі өнердің биік талабына сай ғимараттардың жетіспеушілігін де сынға алды. Мұхтар Құл-Мұхаммедтің атап өтуінше, бізге Кеңес заманынан мұра болып қалған 34 театрдың 21-і ғана типтік ғимаратта орналасқан болатын. Қалғандары ХІХ ғасырда немесе ХХ ғасыр басында түрлі мақсаттарға арналып салынған әр алуан ғимараттарда орналасқан. Тәуелсіздік жылдары 20 жаңа театр ашылып, оның төртеуіне заман талабына сай жаңа ғимарат тұрғызылған. Дегенмен, облыстық, тіпті кейбір астаналық театрлар ғимараттары қазір сын көтермейді.
Атыраудағы киелі орда — Махамбет атындағы облыстық драма театры 1975 жылы салынған болатын. Мұнда 176 қызметкер жұмыс жасаса, соның ішінде шығармашылық ұжым 54 адамнан тұрады. Қазір театрға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама жасақталу үстінде.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің тағы бір тоқталған мәселесі – кадр жетіспеушілігі. Министрдің айтуынша, Қазақстандағы тоғыз театр бас режиссерсіз жұмыс істеуде. Олардың ішінде министр Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Жезқазған, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан өңірлерін атап, облыстық театрларды жаңа буын, жас әртістермен толықтыру, шақыртумен келген әртістерді пәтермен қамту, театрдың жаңа қойылымдарын қаржыландыру мәселелерін көтерді. Соңғы екі жыл ішінде Ақмола, Атырау, Маңғыстау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солүстік Қазақстан, Жамбыл облыстық театрларына бірде-бір пәтер бөлінбеген.
ҚР Үкіметінің селекторлық режимдегі отырысында Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы, Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жа-манқұлов «мәдениет саласының оқу орындарын Мәдениет және ақпарат министрлігінің қарамағына беру керек және «Халық әртісі» деген атақты қайта жаңғырту қажет» деген ұсынысын білдірді.
Жиын соңында Үкімет басшысы Серік Ахметов облыстардың әкімдеріне өңірлердегі өнер ұжымдарының көкейкесті мәселелеріне назар аударып, нақты шешім алуды және осы кеңесте көтерілген ұсыныстарды Мәдениет және ақпарат министрлігі мұқият, жан-жақты қарап, Үкімет хаттамасына кіргізуді тапсырды.
Үкімет отырысынан кейін Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов кеңес өткізіп, өзінің орынбасарларына аймақтағы өнер ұжымдарының проблемаларын шешу жолдарын қарастыруды нақты жүктеді.