Жарнама
Қоғам

ӨНЕГЕМЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР

Қарасай мен Ұлсарадан 2 ұл, 1 қыз дүниеге келген. Мұса әкеден жастай жетім қалып, еңбекке ерте араласады. Қарасай шағын дәулетті, қонақ түсетін, елге қадірлі азамат еді. Анасы Ұлсара да жігерлі, ортасына сыйлы жан болды. Балаларына да жетімдік көрсетпей, адалдық пен еңбекқорлыққа баулыды. Барды ұқсата білетін жігерлі анасы сол тұстағы ауылдың қым-қуыт тірлігінде ел қатарлы өмір сүріп, ұлдары мен қызын өнегелі өмір сүруге үйретті.

Мұса, інісі Мүбәрәк, қарындасы Рәбиға жастай анасына көмектесіп, қалмақ байларының малын бақты. Кешегі Кеңес үкіметі тұсында қоғамға адал қызмет етті. Алғашқы серіктестікке, ұжымшарға мүше болып, қоғам дәулетін еселеуге атсалысты. Мал шаруашылығының барлық тауқыметін бастан кешті. Техника жоқ, бәрі қол күшімен атқарылатын шақ еді. Шөп те шапты, құдық та қазды, мал да бақты. Өзіне сеніп тапсырылған қай жұмысты да абыроймен атқарды. Оның қазған құдықтарын сол кездегі тұстастары үнемі тілге тиек етіп отыратын.

Кейіннен Индер ауданындағы Амангелді атындағы кеңшарда зейнет демалысына шыққанша шопан болып еңбек етті. Мал басын сақтап, төл алуда үнемі алғы лектен көрінді. Демалысқа шыққасын да үйде отырып қалмай кеңшар жұмыстарына араласты. Халқына қадірлі, еліне елеулі болды. Соғыстың қаһарлы жылдарында елде қалған әйелдер мен балаларға басшы болып, ферма меңгерушілігін атқарды. Тылдағы шаруаның ақсамауына, мал өнімдерін молайтуға бар күш-жігерін жұмсады.

Әріптестері, елге белгілі малбегілер Қобдан, Жақып, Шәріп, Шұғай, Есқазы секілді жандармен бәсекелесе еңбек етіп, абыройдың тұғырынан табылды. Тектінің тұяғы өле-өлгенше өз биігінен аласармай, ата-баба аруағын қастерлеп өтті. Оның есімі ел жадында сақталып келеді.

Бір қарағанда, фәни жалған көзді ашып-жұмғанша өте шығатын күрмеуге келмейтін қысқа жіп секілді көрінетіні рас. Бірақ, сол қамшының сабындай келте жолды ынтымақты тірлікке жалғастыра алған сирек тағдырларға жұрт үнемі құрмет пен төрін аяған емес.

Міне, осындай жандардың қатарында Мұса Қарасайұлы да бар. Ол жан-жары Жәміш екеуі дүниеге 4 ұл мен 3 қыз әкеліп, тәлім-тәрбие берді. Үлкен ұлы Орынғали – облысымызға белгілі абыз ақсақал. Қарасаев Орынғали Мұсаұлы Ұлы Отан соғысының ардагері, комсомол, партия жұмыстарында болған. Жұбайы Дәметия екеуі төрт перзент өсірген. Қызы Әлия дәрігер, облыстық балалар ауруханасында ұзақ жылдар басшы болған, облыстық денсаулық сақтау басқармасын басқарған бірден-бір басшы қыз. «Бар ғұмырын адам жанын арашалауға арнаған ғажайып дәрігер, үлкен жүректі азамат Әлия Орынғалиқызы Қарасаеваның халыққа сіңірген еңбегі –  кейінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Атырау халқы елінің аяулы қызын қашан да мақтан етеді, қадір тұтады. Ол сөнгелі тұрған ғұмырға жан бітірген, өшкелі тұрған үмітке дем берген асыл жан еді» деп жазылған 2009 жылы 12 желтоқсанда қайғылы қазаға ұшыраған Әлияны еске алып шығарылған «Ардағымыз Әлия» деген кітапта.

Қалам Орынғалиқызы – ғалым, профессор, «Қайнар» университетінің Ақтау филиалының директоры. Жұбайы ғылым докторы Ақылбек екеуінің перзенттері Мәдия биыл Лондондағы университетті бітіреді.

Ғибат Орынғалиұлы – құрылысшы, қазір мұнай саласында жұмыста. Мұсакеңнің екінші ұлы Айғали әке жолын жалғастырған, ұзақ жылдар Амангелді атындағы шаруашылықта шопан болып, үнемі жоғары көрсеткіштерге жетіп, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған.

Дүйсенбай Мұсаұлы механизаторлық жұмысты жетік меңгерген маман болды, осы шаруашылықта табанды еңбек етті, абыройға бөленді. Оның ұлы Асхат ата жолымен шопан болып бірнеше жыл жұмыс жасады, шаруашылық тарап, жекешелендіру басталғаннан кейін Атырауға келіп, інісі Қайырлымен екеуі құрылыс саласында жұмыс істеді.

Мұсакеңнің балаларынан, қыздарынан тараған ұрпақтары – бәрі де еңбекке, адалдыққа тәрбиеленген, абыройға бөленген адамдар. Олардан тараған 21 немере мен жиен, оннан астам шөбере Тәуелсіз еліміздің игілігі жолында тер төге еңбек етуде.

Ұрпақтарын тәрбиелеуде Жәміш ананың да еңбегі өлшеусіз. Ол қазақ әйеліне тән ибалылыққа, барды ұқсата білуге, барға қанағат етуге үйретті. Сонымен қатар, мал өнімдерін дайындауға, ұлттық өнеріміз – киіз басу, алаша тоқу, ши өруге де шебер еді. Бұл оның Ұлсара енеден алған тәлімі болатын.

Әулет тіні осылайша жалғасып, Мұса ақсақалдың ұрпағы тамырын тереңге жіберген бәйтеректей жапырағын жайып келеді.

Атыраудың абызы Орекең  тоқсанның төріне озса да тың, ақыл-парасаты мол. «Әркімге өз туған жері – Мысыр шаһары» дегендей, сонау балалық шағы мен құм Нарында өткен жастығын ол тебірене еске алады. Әке тәлімі мен өнегесі жүрек түкпірінде хатталып қалғандай.

–…Біздің алған асуымыз, шыққан биігіміз – әкемізден алған өнеге мен қанмен берілген ізгілік екенін естен шығаруға болмайды. Бәрімізді де жастай еңбекке баулып, біреудің ала жібін аттамауға үйретті. Қырда өсіп, ауыл тірлігінде шыңдалдық. Шөп шауып, құдық қазып, еңбекке бейімделіп, еңбекқорлыққа үйрендік. «Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген бабалар сөзі ұрпақ сабақтастығын танытқандай. Мен әкенің өшпес тәлімін алып, аналарым Ұлсара мен Жәміштің мейіріміне бөленіп өстім. Олардың қазақы өнегесін әлі естен шығарып көргенім жоқ.

Биылғы жылы әкем Мұса Қарасайұлының дүниеден өткеніне жарты ғасыр толғалы отыр. Осыған орай құран бағыштап, ас беруді ұйғардық. Бұл да әкемізге деген құрметіміз бен оған деген сағынышымыз, перзенттік парызымыз ғой — деп тоқтамды ойын жеткізді.

Еңбегімен туған жерін өркендеткен Мұса Қарасайұлы ұрпақтары барда ұмытылмайды. Туған жерінен топырақ бұйырған Мұса ақсақалдың арты жарасты. Оның есімі ұзақ жасайтынына сенеміз.

Әбілхан СЕЙТІМҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Суретте: Мұса ата мен Жәміш ана.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button