Жарнама
Қоғам

ӨНЕГЕМЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР

Атырау төсіндегі батыр баба атын иемденген Махамбет ауданы – жері шүйгін, мал жайып, егін салуға қолайлы өңір. Бүгінгі күні көптеген көрсеткіштер бойынша толайым табысқа кенеліп отырған ауданды аяғына тік тұрғызуға бүкіл саналы ғұмырын арнаған аға буынның қатарында жалпы Аққайсиевтар әулетінің алар орны ерекше. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінде құрметті еңбек демалысындағы Үмбет ақсақалдың да өмірлік жары Сақыпжамал хақында шертер  сыр-толғауы да тебірентерліктей.

…Үмбет орта мектепті тәмамдап, мал шаруашылығы саласына білікті мамандар қажет болған тұста арман қуып алыстағы Алматыға аттанды. Сол жақта жүріп, Гурьевтен шыққан, Сарайшықтың қызы, Алматыдағы шет тілдер институтында оқыған Сақыпжамал Орынғалиқызымен шаңырақ көтерді. Қызмет баспалдағын Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтында сабақ беруден бастағанымен, апамыз отағасы Үмбет Қисымаұлымен бірге 1963 жылы туған жерге оралыпты. Сөйтіп, еңбек жолын 1963 жылы Көктоғай (бұрынғы Зеленый) ауылындағы Кеңестер Одағының батыры Боран Нысанбаев атындағы орта мектепте неміс тілі пәнінің мұғалімі болып жалғастырды.

Ізденіс пен іскерлік қашан да өзіндік ағысты арнасын табады. 1967 жылдан бері Елтай селосындағы  орта мектепте мұғалім болып жүрген Сақыпжамал арада алты жыл өткен соң, белсенді қызметімен ерекше көзге түсіп, Елтай ауылдық кеңесінің төрағасы болып сайланды. Өзіне тапсырылған қандай жұмысты да абыроймен атқарып, ел сенімі мен құрметіне ие болған оның болашағына зор үміт артқан сәттер енді туды. Жас келіншек 1973 жылдың желтоқсан айынан бастап Махамбет ауылдық партия комитетінің хатшысы болып сайланып, көп жылдар жемісті етті. Аудандық денсаулық сақтау, мәдени, халыққа білім беру салаларының өркендеп, олардың облыс көлемінде алдыңғы қатарға шығуына күш-жігерін аямай жұмсап, іскерлігімен танылған Сақыпжамал Орынғалиқызы 1984 жылы халық депутаттары Махамбет ауылдық кеңесі атқару комитетінің төрайымы болып тағайындалды. Осы қызметте істей жүріп, Алматы жоғары партия мектебін де оқып  бітірген еді.

Аудандық партия комитетінің хатшысы болған  кезеңде оның идеологиялық жұмыстар тәжірибесі облыс, республика көлемінде кеңінен таратылды. Ол еңбек еткен мәдениет, білім беру мекемелерінің жұмысы облыс, республика көлеміндегі жарыстарда жеңімпаз аталып, әлденеше рет облыс, республика көлемінде ауыспалы Қызыл туларды жеңіп алғанын бүгінде көзкөрген замандастары жыр ғып айтады. Махамбет ауданының Құрметті азаматы, ҚР Парламент Мәжілісінің ІІ, ІІІ, ІV шақырылымдарының депутаты Ұзаққали Елеубаев:

«Сақыпжамал Орынғалиқызы аудандық атқару комитетінің төрайымы болған кезде ауданның экономикалық дамуы, мәдениеті, тұрмысы, білім беру және денсаулық сақтау салаларының дамыған кезеңі деуге болады. Аудан совхоздары түрлі салаларға бөлінді, бау-бақша өсіру, сүт өнімдерін өндіру, қой шаруашылығы, жылқы-түйе өсіру салалары дамыды. Міндеттелген көптеген істерді нәтижелі орындап, білім сапасын, денсаулық сақтау, халыққа мәдени жұмыс көрсету едәуір жақсарып, ауданның өркендеуіне, әсіресе, көптеген жас мамандарды дайындауда  мол үлес қосты. Ол кезде Исатай ауданы Махамбет ауданының қарауында болды. Жері шалғай Нарын құмындағы малшыдан бастап, Жайық бойындағы егіншілер қауымы, оның үстіне аудан территориясынан мол мұнай қоры табылып, «Жайықмұнай» мекемесі ашылып, басқа жақтардан көптеген мамандар ағылып келе бастады. Оларға да түрлі тұрмыстық жағдай туғызу және тәртіп орнату, түсінік жұмыстарын жүргізу қажет болды.          Осындай өте жауапты кезеңде ауданның бірінші басшысы Равиль Шырдабаев көптеген ауқымды мәселелерді Сақыпжамал Орынғалиқызына тапсыратын, оның адамдармен тіл табысып жұмыс жасайтындығына сенетін. Ауданда комсомол-жастар бригадаларын көптеп құрып, мал комплекстерін салу, мұнайшыларға тұрмыстық-әлеуметтік жағдай жасау сияқты игілікті шаралар С.Орынғалиқызының тікелей басшылығымен жүзеге асырылды»  деп еске алады.

Кейбір адамдарға жоғары лауазымды атақтың өзі жараспай тұрады. Ал, Сақыпжамал кез келген жоғары қызметпен біте қайнасып кететін, тіпті сол лауазымның мән-маңызын жарқырата ашып жіберетін.

— Сақыпжамалдың бойында кім көрінген көре қоймайтын әсемдік пен кім көрінген ұға алмайтын даналық бар. Мен дұрыс түсінсем, бұл кісі өз өмірінде бақ түгендеуден де, тақ түгендеуден де аулақ болды. Біреулер үшін мансап болып саналар, мәртебе болып көрінер қоғамдық, мемлекеттік істер, яки Отан алдындағы, халық алдындағы қалтқысыз қызмет ол үшін перзенттік парыз, азаматтық міндет тұрғысынан бағаланды. Сақыпжамал Орынғалиқызының бекзаттық болмысы  есімізде мәңгі сақталады, — дейді бірге қызметтес болған, зейнеткер Ұзақбай Төлегенов.

Сақыпжамал еліміз егемендік алғаннан кейін алғашқылардың бірі болып Махамбет ауданының Құрметті азаматы атағына ие болды. Бұл да халыққа сіңірген еңбегінің жемісі, елінің берген бағасы еді. Айта кетелік, жоғары білімді мал дәрігері болып, саналы ғұмырын ауданның мал шаруашылығы саласына арнаған отағасы Үмбет Аққайсиев те – осы ауданның Құрметті азаматы.

— Сақыпжамал Орынғалиқызы жікшілдік, күншілдікті жанымен жек көретін, ешкімді алаламай, еңбегіне қарай бағалайтын. Ол мансаптың құлы болмады, құлдығына түспеді, қара басына емес, ел игілігіне қызмет етті. Бір ретте облыстық партия ұйымының тапсырмасымен жоғарыдан келген қонақты Сәкең екеуміз қабылдап, екі күн ауданды аралаттық. Ол соғыс кезінде Польшаның Краков қаласына парашютпен түскен барлаушы екен (киносы бар). Өзінің барлаушылық қызметін, немістерден тілді (тұтқын) бірнеше қайтара әкелгенін қызғылықты әңгімелеп бізді таң қалдырған. Сонда Сәкеңнің сол барлаушы қонағымызбен таза неміс тілінде сөйлескенін бірінші рет естіп ерекше әсерде отырдым. Дана қазақтың «ісім оңсын десеңіз – көпшіліктің адамы болыңыз, даңқым шықсын десеңіз – сол істің маманы болыңыз» дегені, мүмкін, осы шығар деп ойладым»,- деп еске алады Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы,  Махамбет және Индер аудандарының Құрметті азаматы Бақтыбек Таубаев.

Сақыпжамал апамыздың жәймен сөйлеп, кесімді пікір айтып, орынды талап қоятындығы сол жылдардағы мекеме басшылары мен  ел азаматтары арасында оның шынайы құрмет пен биік беделге ие болуына әкелді. Ол үш рет облыстық атқару комитетінің, облыстық кеңестің Құрмет грамоталарымен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Айбынды еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

1993 жылы зейнеткерлікке шыққан Сақыпжамал Орынғалиқызы қол қусырып қарап отырмай, ауданда қайырымдылық қорын ұйымдастырып, күнкөрісі төмен және көп балалы отбасыларына, асыраушысы жоқ қарттар мен мүгедектерге материалдық көмек көрсетіп, алғыс арқалады.

Үмбет Қисымаұлы ағамыз екеуі 54 жыл жұп жазбай қол ұстасып бірге өмір сүрген Сақыпжамал апамыз өлкеміздегі қайраткер әйел ретінде ғана емес, ұлтымыздың ана, жар, келін, ене деген асыл да ыстық ұғымдарының бар болмысын ашқан жиынтық тұлға болды. Үмбет ағамызға деген шынайы сыйластыққа ұласқан терең сезімі – ағамыздың үш шешесіне де аяулы келін болғандығы. Тұрмысқа шыққан кезде, Алматыда жасап жүрген жұмысын тастап елге оралып, жастайынан үлкен шаңырақтың ұйытқысы бола білді, аналарының барлық жағдайын жасай отырып, жанұядағы татулықты, сыйластықты, бір-біріне деген қамқорлықты сақтай білді. Енелерінің бәрі де ұзақ ғұмыр кешіп, 95-97 жастарында келіндеріне ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын беріп өмірден өтті.

Сақыпжамал апамыз елге, қоғамға зор еңбек ете жүріп, жанұядағы бала тәрбиесіне де көп көңіл бөліп, олардың білімді, халқының елеулі ұл-қыздары болып өсуіне көп еңбек сіңірді. Өзінің балаларымен қоса, ағасының балаларын да өз үйіне жатқызып оқытып, өмірдің баспалдақтарына бағыт-бағдар берген. Үмбет ағамыз екеуінен өрбіген ұл-қыздары Арман, Шолпан, Гүлзада, Айзада — өмірден өз орындарын тапқан жарасты жанұя иелері, білімді мамандар, халқының қалаулы азаматтары. Ал, осынау ұлағатты әулеттің былтыр  облыс көлемінде өткізілген «Мерейлі отбасы» сайысында жүлделі 1-ші орынды жеңіп алуы да көп жәйтті аңғартса керек. Сол қуанышты сәттегі облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың Құттықтау хатында да қайраткер апамыздың өнегемен өрілген өмірі кейінгі ұрпаққа әркез ғибрат болатындығы атап айтылғаны көңілге риясыз қуаныш ұялатады.

Қазақ дүниеде өлімді болжаусыз санаған, сол болжаусыз өлім мынау пәни жалғандағы аз ғұмырында туралық пен әділдікті, қарапайымдылық пен қайырымдылықты өмірлік ұстанымы етіп өткен Сақыпжамал Орынғалиқызы апамызды ортамыздан осыдан бір жыл бұрын алып кетті. Махамбет ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен қаралы митингіде бірге жұмыстас, замандас болғандар жанұясымен бірге қайғырды. Көптеген көңіл айтқан жеделхаттар келіп жатты. Солардың қатарында Астана қаласынан мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали     Тасмағамбетов жолдаған хатта былай делінген:

«Жастайынан еңбекке ерте араласып, өзінің зеректігі, қажырлылығы, біліктілігі мен білімі арқасында көптеген қызметтердің басшысы дәрежесіне дейін көтерілген асыл жан мәнді де мағыналы өмір сүрді. Биязы болмысы мен пайымды парасатымен, кісілік келбетімен көптің құрметіне, тілеулес әріптестерінің ықыласына бөленді…».

…Елдің ауыр жүгін арқалау әйел затына оңай тимесі анық. Күндіз жиналыс, күнара алыс ауылдарға іс-сапарға шығу, кешкісін ас үйде тамақ дайындау, түнімен том-том қағаздарды толтыру, сөйтіп жүріп өңірдің маңызды мәселелерін шешу күнде қайталанатын жұмыс кестесі еді. Үйде келін, ана, жар болып, түзде елдің түйінді мәселелерін шешу үшін де салмақты мінез, іскерлік керек. Екінің бірінің бойынан табыла бермейтін мұндай жан-жақтылық біз әңгімелеп отырған Сақыпжамал Орынғалиеваға туа біткен қасиет болатын. Жарқын істерімен жадыларда жатталған қайраткер ана Сақыпжамал Орынғалиқызының өмірден өткеніне бір жыл толуына орай еске алу қадесі үстіміздегі жылдың 14 ақпаны күні Махамбет ауылындағы «Атамұра» мейрамханасында өткізілмек. Болмысынан бауырмал да биязы, қарапайым да қамқор жан қалдырған жарқын іздер жылдар бойы жаңғыра бермек…

Айгүл ЕРМЕКОВА,

Махамбет ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button