Жарнама
Қоғам

ӨНЕГЕМЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР

 

ШЫҢДАЛУ ШАҒЫ

Өсіп-өркендеу кезеңі Атырау өңірінің даму кезеңдерімен тұспа-тұс келетін Болат Ғабдоллаұлының жастық шағы қазiргi Индер ауданының Кулагино селосында өттi. Мектеп жасынан-ақ колхоз өміріне араласып, еңбекке ерте араласты. Ауыл тұрмысымен етене таныстығы, ауыр еңбектен қашпай, істі соңына дейін жеткізуге деген талпынысы оның болашақ өміріне қажетті ғұмырлық бағыт-бағдар болды.
Еңбекпен есейіп, еңбекпен шыңдалған ол білім жолында да толайым табыстарға кенелді. Екі бірдей жоғары оқу орнын тәмамдап, біліктілігін молайтты. Саратов экономикалық институты мен Мәскеудегі жоғары партия мектебін тәмамдаған тұста ауыл шаруашылығы құрылымдарында экономист болып еңбек жолын бастады. Бала күнінен ауыл тірлігі, егін егу, мал бағу сынды кәсіптерді көріп өскен ол институттық білімін тәжірибемен ұштастырып, егін өнімін молайту, мал басын көбейту сынды сұрақтарға қатысты зерттеу жүргізіп, тиімді жолдар ұсына білді.
Сол кезде партия жас маманның еңбек жолындағы беталысы мен біліктілігін саралай келе, үлкен үміт артып, комсомол жастар жетекшілігіне сайлады. Өз кезегінде Болат Ғабдоллаұлы да өзіне білдірілген сенім үдесінен шыға білді, қай жауапты қызметті де абыроймен атқарып, қызметтік өрлеу сатысынан өтті. 1959-1964 жылдары аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, аупарткомның бюро мүшесі, кейін облыстық комсомол комитетінің екінші хатшысы лауазымдарында табысты еңбек етті. Қашанда өз мамандығының қыр-сырына терең бойлап, тәрбие мен тәртiптi орнықтыруға, жастар бойында қоғамға деген жанашырлық, патриоттық сезiм орнықтыруға сүбелi үлес қоса білді.

САҒЫМ ЖЫЛДАР…

Болат Майдыровпен етене жақын араласып, қызметтік өрлеу сатыларынан бірге өткен кезінде Гурьев облыстық, Қазақстан орталық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің президиумы төрағасы, Қазақ КСР Қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған генерал-майор Закаш Қамалиденов ол туралы өз естеліктерінде былай деп жазады:
«Біз, Болат екеуміз, институтты бітіріп келіп, мамандығымыз бойынша қызмет жасадық. Қоғамдық жұмысқа белсене араласып, көзге түсіп, аудандық, облыстық партия комитеттерінің басшылары бізді комсомол ұйымдарын басқаруға жұмсады. Болат Еспол аудандық, мен Жылыой аудандық комсомол комитетіне бірінші хатшы болып сайландық. 23 жастамыз. Бізге жастармен жұмыс жасау өте ұнады. Болат ауыл шаруашылығы саласында жұмыс жасайтын жастармен, мен мұнай саласының мамандарымен тіл табыса араласып кеттік. Облыстық комсомол комитетінің бюроларына, пленумдарына бірге қатысып, танысып алдық. Сол уақыттарда Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұртас Оңдасынов жастар тәрбиесіне үлкен мән берді. Ол біздің үлгі аларлық тұлғамыз болды. Нұртас Дәндібайұлы бізге өмірлік тәрбие беріп, үйретті, бағыттады. Соның шақыруымен мен облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Болат екінші хатшысы болып сайландық. Екеумізді Нұрекең қабылдап, ақылын айтты, жастармен қалай жұмыс жасау керектігі туралы кеңес берді. Ол кісі комсомолды өзі басқарды. Бұл Болат екеумізге бақытты болашаққа жолдау болды. Бізде «мен біріншімін, сен екіншісің» деген түсінік болған жоқ. Әуел бастан дос болдық. Селоларға, ауылдарға Болат көбірек баратын. Жастар арасында Мақат, Жылыой аудандарында жас мұнайшылардың бригадаларын құрып, социалистік жарыстар ұйымдастырдық».
Расында да, тиянақты тәртіп пен біліктіліктің нәтижесі болса керек, Мақат, Жылыой аудандарында құрылған жас мамандар бригадаларынан шыққан бір топ жас кейіннен түрлі лауазымды қызметтер атқарды. Мақаттан өскен жас жігіт Юрий Казаченко кейін Маңғыстау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болса, Құлсарыда мұнайшы жастар арасынан өскен оператор-слесарь Мария Жахашева аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды.
Сондай-ақ, шопандар арасында ерен еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері атағын алған жас қойшы Сахан Дәулетқалиевтың үлгі боларлық ісін кейінгі буынға жеткізу мақсатында жастар арасында қой өсіру бригадалары жобасы енгізіліп, оны атыраулықтар да қызу қолдаған. Осындай сәттерде мал шаруашылығын өте жақсы білетін Болат Ғабдоллаұлы науқандық іске икемді жастарды топтастырып, сақман кезінде күндіз-түні тынбастан еңбек еткен.
«Осы кездерде Еркінқала мектебінің түлектері түгелдей селоға барып жұмыс жасаймыз деп бастама көтерді. Облыстық комсомол комитеті, партия комитеті бұны толықтай қолдады. Біз оларды Махамбет ауданының «1 май» совхозына орналастырдық. Солардың ішінде Хатима Әжіғалиева да болды. Ол екі жыл совхозда сауыншы болып қызмет жасады. Содан кейін Алматыдағы медицина институтына оқуға түсіп, білікті дәрігер болып шықты» дейді Закаш аға да өз естелігінде. Расында да, қазіргі таңда ұмыт болған бұл бастаманың сол кезде кең таралғаны, тұтастай ел үшін маңызы зор болғаны сөзсіз еді.

АЗАМАТ ЕДІ АРДАҚТЫ

«Оңдасыновтың көмегімен Болат екеуміз бір үйден пәтер алдық. 1961 жылдың қараша айында жанұяларымызды көшіріп әкеліп, орналастық, — дейді Закаш Қамалиденов. — Бір-бірімізге ерулік жасап, отбасымызбен араластық. Болат өте қонақшыл азамат еді. Жұбайы Әбида екеуі үйіне келгендерді қондырмай жібермейтін».
«Жақсы жар – ер-азаматтың бағы» демекші, Болат Әбидоллаұлының да жары қолынан келген көмегі мен кәсіби білімін кез келген жаннан аямайтын білікті бала дәрігері болатын. Бұл күнде естен кетпес сол бір достық күндерді артқа тастап, оралмас сағымға айналған күндерге көз жібере отырып Закаш аға тағы да жылы естеліктер тиегін ағытады. «Болат екеуміздің қуанышты сәттерімізбен қатар, қиналған, ауыр күндеріміз де кездесті. Бірде Болаттың әкесі Ғабдол ағай Кулагиннен Гурьевке балаларына келді. Біз, жолдасым Зера екеуміз, әзірленіп, қонаққа шақырдық. Көршіміз, ел азаматы Сапар Қарымсақов та келді, әңгіме-дүкен құрып, жақсы отырыс болды. Бір уақытта Ғабекең «ауырып отырмын, үйге барамын» деген соң Болаттың үйіне апардық. Демалыс күні болғандықтан, дәрігер табу қиын еді. Ол қысыла бастады. Мен дереу бір дәрігерге барып, алып келдім. Қанша тырысқанымен, «гипертонический кризис» болып, көз алдымызда өмірден өтті. Бұл уақытта Болат Қызылқоғада іссапарда болатын, тез арада шақырттық, таң ата келді. Маған әкесінің қазасын естірту өте қиын болды. Бірақ, Болат нағыз ер-азамат екенін сол жерде көрсетті. Қабырғасы қайысса да, бәрін өзі ұйымдастырып, әкесінің денесін елге алып кетті».

ЕЛЕНГЕН ЕҢБЕК

1965 жылдан Болат Ғабдоллаұлы әуелі облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, Ембі аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарды. Мәскеудегі Жоғарғы партия мектебін бітіргеннен кейінгі жылдарда Индер, Махамбет аудандары партия комитеттерінің бірінші хатшысы, Атырау қалалық комитеті партиялық комиссиясының төрағасы болып жұмыс істеді. 1990 жылдан бастап Индер аудандық экология және биоресурстар басқармасының бастығы қызметін зейнеткерлікке шыққанға дейін және одан кейін де абыроймен атқарды. Болат Ғабдоллаұлы қай қызметте болмасын іскерлікпен, шешімділікпен және жоғары жауапкершілікпен тер төге еңбек етті.
Осылайша, елге сіңірген еңбек елеусіз қалмай, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, одақтық, республикалық Құрмет грамоталарымен марапатталды. Марқұм үлгілі отбасының тірегі болды. Жан жары Әбида Құнасова ұзақ жылдар білікті бала дәрігері болып, денсаулық ісіне елеулі үлес қосты. Ол осындай жемісті қызметі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған санаулы дәрігердің бірі еді.
Өмірдің жалғаушысындай, соңында қалған ұрпақтары әке тәлімін жалғап келеді. Қызы Айгүл Болатқызы экономика ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті экономика институтының директоры болып қызмет атқарған, қазір Президент жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының «Мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет» кафедрасының меңгерушісі.
Болат Ғабдоллаұлының іскерлігі, адамгершілік қасиеті кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болып қаларлықтай. Тұстас-замандас, қызметтес болған жандардың қай-қайсысының да естелігінде «ол – басшымын деп кеудесiн көтермеген, жөнсiз ашу шақырмаған адам. Өте сабырлы, байыппен бағамдаған соң ғана шешім шығаратын» деген жазбалар көп сырға қанықтырса керек.
Сөз соңында мақаламызға арқау болған Закаш ағаның жазбаларындағы «Болат Майдыров секілді азаматтарды неге естен шығарамыз? Оған «облыстың Құрметті азаматы» атағын беруді облыс басшылары ескерсе екен. «Атырау» энциклопедиясындағы «белгілі азаматтар» жинағында да Бөкеңнің есімі жоқ. Болаттай халқына адал еңбек еткен азаматтың үлгілі өмірін кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттау біздің еншімізде екенін естен шығармайық» деген сөзімен тәмамдасақ…

Гүлжан ӘМІРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button