Жарнама
Қоғам

ӨНЕГЕЛІ ӨМІР ӨРНЕКТЕРІ

Кітаптың алғашқы тарауында Үмбет Қисмаұлының балалық шағы мен жасөспірім кезі туралы жазылыпты. Бұйра құмдар, шағыл төбелер арасымен ақпанның ақ боранында адаспай, тамыздың аптап ыстығында күйіп-жанып жүріп, үй мен мектеп арасындағы сегіз шақырым қашықтықты қаршадай кезінде күніне екі рет жүріп өтудің өзі бүгінгі заман тұрғысынан қарағанда ертегі іспетті көрінеді. Сонымен қатар, әкенің Ұлы Отан соғысынан оралмауы, орыс тілі пәнінің оңайшылықпен бағына қоймауы, ағайынның үйінде жатып оқу өмірге деген құштарлықтың шүбәсіз көрінісі ғой.
Әрі қарай Алматы қаласындағы зооветеринария институтына түсу кезіндегі кедергілер, оқу кезіндегі кейбір кездейсоқ оқиғалар, оларды да ақылдан жаратылған айла-тәсілдермен айналып өту шеберлігі ойлы жастың кемел келешегінен хабар береді. Ал, көздеген мақсатына жету жолындағы табандылық пен қайсарлық Үмбет ағаның адами асыл қасиеті болып туа біткендей. Тұңғыш қыздары Шолпанның сәби кезіндегі жас жанұяның Алматы қаласындағы өмірі де үлгі тұтуға тұрарлық.
Индер ауданына қарасты «Ильич жолы» кеңшарында басталған зоотехниктік еңбектің тым жедел келген жемісі: біріншіден, зоотехник Үмбеттің бірнеше малбегілердің кеудесінде орден-медальдардың жарқырауына тікелей себепкер болуы болса, екіншіден, 27 жасында өзінің «Құрмет белгісі» орденімен марапатталуы. Бұл да ер атандырар еңбектегі ерекше жолдың басы еді.
Үмбет аға мен Сақыпжамал апаны тағдыр таңдап қосқандай-ақ. Олардың Алматы қаласындағы жастық шағы, бірі оқуын бітіргенше екіншісінің күтуі нағыз махаббат дастаны десек, артық емес. Сақыпжамал апайдың да табиғатына біткен мейірім-қайырымның молдығы, көңілінің кеңдігі, бір өзі бірнеше істің басын бір уақытта біріктіре алып, абыроймен атқара білуі барша әйел затына өнеге болса ғой деп ойлайсың. Ол кісінің жоғары оқу орнын бітіріп, неміс тілі маманы болуы, ел аузында аңызға айналған «Үш кемпірдің» (үшеуі де жүз жасаған дерлік) бабын табуы, олармен қоса өздерінің төрт ұл-қызын тәрбиелеп, оларға қоса ағайындарының екі баласын, екі жиенін бір шаңырақ астында тең тәрбиелеп, тең тамақтандыруы – үлкен сауапты іс. Бұл — әсіресе, бүгінгі заман өкілдеріне баға жетпес өнеге. Бұл – адам баласының шынайы ниеттенсе, қолынан келмейтіні жоқтығының дәлелі.
Қорыта айтқанда, «Өмір-дария» кітабы жас отбасылар үшін танымдық, тағылымдық мәні зор туынды деп нық сеніммен айтуға болады. Өздерінің өмірден көргені мен түйгенін нақты мысалдармен өрнектей отырып, тартымды әңгіме өрбіткен ардагерлерге кейінгі ұрпақ атынан айтарымыз – алғыс қана.

Бибінұр ТАСҚАЛИЕВА,
Ақтоғай орта
мектебінің директоры,
Махамбет ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button