АЙТЫСЫП ЖҮРІП, ТАЗАЛЫҚТЫ ЖАЙЫНА ҚАЛДЫРЫПТЫ

Тәртіптік кеңестің кезекті отырысы өтті. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғ.Дүйсембаев қатысты. Жиында барлығы бес мәселе қаралды. Соның алғашқысы – Мақат ауданының коммуналдық қызметіне жауапты тұлғалар мен кәсіпкер арасында туындаған дау-дамай турасында.

Тәртіптік кеңес төрағасы Мұхит Ізбановтың айтуынша, кеңес хатшылығына жергілікті қаржы полициясынан хат келіп түскен. Онда Мақат ауданы әкімінің орынбасары С.Айтқалиевке, Мақат поселкесі әкімінің орынбасары Қ.Адамбаевқа, аудандық тұрғын үй, коммуналдық-шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің меңгерушісі А.Қосмағанбетовке қатысты құжаттар жинақталыпты. Қаржы полициясының өкілі Мейрамбек Сайфоллаев баяндаған әңгіменің ұзын-ырғасы мынадай:
Мақат поселкесінде елді мекендердің санитарлық тазалығын, жағдайын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік сатып алу өткізіледі. Оған жеке кәсіпкер Б.Нұрғалиев 5,9 млн. теңге, «Тазалық – Көгал», «Ақ-Жайық Сервис» ЖШС-тері, тиісінше, 6,6, және 6,9 млн. теңге көлеміндегі қаржылық ұсыныстарымен қатынасады. Нәтижесінде, алғашқы аталған кәсіп иесі жеңімпаз атанады. Біртекті тауарларға, жұмыстарға, көрсетілген қызметтерге байланысты ұйымдастырылатын мемлекеттік сатып алу (баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен) кезінде баға шешуші шарт болып табылатынына осы тұста тоқталайық.
Қызметіне төмен баға ұсынған адам белгілі, жоспарлы шара аяқталды. Осымен іс бітпес пе? Жоқ, олай емес екен. Мақат ауданы әкімінің аппараты жеке кәсіпкерден қосымша құжаттар сұратады. Саусақ бүгіп, санамаласақ, оның саны көп: Келісім-шартта көрсетілген арнаулы техникалар мен мекемеде қызмет атқаратын жұмысшылардың құжаттары, Мақат поселкесі аумағында полигон немесе қоқыс төгетін алаңының қоршаған ортаны қолдануға эмиссияға рұқсат, өзге де тиісті құжаттар еді. Өз кезегінде жеке кәсіпкер поселке әкімдігіне жеке куәлігін, жеке кәсіпкер екендігін айғақтайтын куәліктің көшірмесін және АТФ банкіндегі есепшоты барын дәлелдейтін анықтамасын әкеліп береді. Бұл биылғы жылдың сәуір айының 15-ші жұлдызы болатын.
Тынымсыз тірлік мұнымен де аяқталмапты. Кәсіпкер құжаттарын тапсырған күннің келесісінде Мақат поселкесі әкімінің орынбасары Қ.Адамбаев тиісті басшылығына мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы келмегендігін, келісім-шартқа отыру үшін қажетті құжаттарды әкелмегендігін баяндайды. Оның сөзін аудандық ТКШ бөлімінің меңгерушісі А.Қосмағанбетов те қуаттайды. Қорытындысында, Мақат ауданы әкімінің орынбасары Самат Айтқалиев өткізген жиналыста кәсіпкер жоғарыда айтылғандай себептермен «уақытында жолықпағандықтан», өзгеше шешім қабылданады. Яғни, Мақат ауданындағы санитарлық жұмыстардың ақсап жатқандығы және оны тез арада қолға алу мақсатында жеңімпаздан кейінгі жабдықтаушының құжаттары қаралады. Осылайша, 18 сәуір күні Мақат поселкесі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Қ.Адамбаев пен орындаушы «Тазалық-Көгал» ЖШС директоры С.Әділғалиев арасында жалпы сомасы 6,6 млн. теңгені құрайтын келісім-шарт жасақталады.
Қаржы полициясы өкілінің пікірінше, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңының тиісті бап, тармақтарына сәйкес, тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу (баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен) қорытындысында бекітілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік сатып алу шарт жобасына қол қояды және оны ең төмен баға ұсынысын берген әлеуетті өнім берушіге жібереді. Дегенмен, «Мақат поселкесі әкімінің аппараты» ММ аталған міндетті орындамапты. Кәсіпкерге мемлекеттік сатып алу туралы келісім-шарт жобасын жібермеген.
– Мақат поселкесі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Қ.Адамбаев «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңнамасын өрескел бұзған. Яғни, мемлекеттік сатып алудың жеңімпазына мемлекеттік сатып алу туралы келісім-шарт жобасын жібермей, өзара аудан әкімінің орынбасары С.Айтқалиевтың төрағалығымен өткен жиналыс хаттамасының нәтижесіндегі шешім негізінде келісім-шартты үшінші тұлғамен жасасқан, – деді Атырау облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің өкілі М.Сайфоллаев.
Жағдайдың аяқ астынан былайша өрбуі жеке кәсіпкер Нұрғалиевты аң-таң қалдырғанға ұқсайды. Ол сотқа шағымданып, ақыр соңында жеңіп шыққан. Отырысқа қатынаса отырып байқағанымыз, мәселе мұнымен де тынбаған секілді. Тәртіптік кеңесте дауласушы тараптар өздерінің сөздерін қолға ұстатқандай, дәлелдеп беруге ұмтылды. Бірі құжатын, екіншісі техникалардың суретін түсіріп әкеліп, ұсынды. Дауласушы тараптардың айтарына құлақ түрген кеңес мүшелері ортақ шешімге келе алмай, біраз қиналды. Өйткені, жеке кәсіпкер жергілікті жердегі тазалық мәселесімен бұрын да айналысқан екен. Сондағы атқарғаны көңілден шықпаған. Қолында қажетті техникасы, жұмыс жасайтын адамы жоқ. Осыны айтқан аудандық коммуналдық сала өкілдері өздеріне артылған жауапкершілікке салдыр-салақ қарайтындарын да байқатып алды. Қызметтерін заң аясында жүргізбеген. Кәсіпкермен соттасып, жеңіліс тапқаннан соң, қайтара шағымданбаған.
– Егер сіздер міндеттеріңізді жауапты атқарып, заңды түрде қызмет жасасаңыздар, мұндай ахуал қалыптаспас еді, – деді кеңес төрағасы Мұхит Ізбанов.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев жергілікті жердің тазалығына жауапты адамдардың осылайша керісіп, сот жағалап жүргендерінде тазалықтың жайы далада қалғанына ерекше тоқталды. Мақаттағы санитарлық ахуалдың сын көтермейтіндігін аталған ауданға барғанында облыс әкімі де айтқан. Одан қорытынды шықса, қане?
Тәртіптік кеңес мүшелері мәселені дауысқа салып, нәтижесінде Мақат поселкесі әкімінің орынбасары Қ.Адамбаевты қызметінен босату қажеттігі туралы шешімге келді. Тиісті ұсыныс жергілікті атқарушы орынға жолданатын болды.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз