Жарнама
Қоғам

ОН СЕГІЗІНДЕ ОТ КЕШКЕН…

1943 жыл. Курск доғасындағы шайқас. Жаумен бетпе-бет келіп, кескілскен ұрыс барысында батальон командирі ауыр жарақат алып саптан шықты. Бұдан кейін батальонның саяси жетекшісі Асқар Нұрғалиев басқаруды қолына алып, жауынгерлерді шабуылға көтерді. Осы шайқастағы ерліктері үшін қаза тапқан батальон командиріне Совет Одағының батыры атағы берілсе, оның ерлігін жалғастырған батальон комиссары жауынгерлік «Қызыл Ту» орденімен марапатталды.

Асқар батальонның саяси жетекшісі болғаннан кейін майданда қаза тапқан жауынгерлердің ата-анасына, тума-туыстарына арнайы хат жолдап, көңіл хош білдіруді парыз деп санаған. Дивизия парторгі Д.Кравцов Асекеңнің мұндай адамгершілігіне риза болып, ол туралы былай деп жазған: «Комиссар жеке құрамның арасына келіп, жағымды жаңалықтарды орыс және қазақ тілдерінде көсілте жөнелгенде, оқ пен оттың ортасында жанкешті ғұмыр кешіп жүрген жауынгерлер бір сәтке серпіліп қалатын еді».

А.Нұрғалиев Батыс Украина шайқасында Винница қаласындағы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. Сондай-ақ, Киев қаласы маңындағы шайқаста, кезекті бір барлау кезінде бірнеше солдаттармен бірге фашистер қоршауына түсіп қалады. Қысылтаяң шақта шалт қимыл көрсеткен командир майдандастарын қоршаудан алып шығып, осы ерлігі үшін офицерлік атақ алған. 1944 жылдан бастап полк комсоргі болып тағайындалып, соғыстағы ерлігі үшін 1 және 2 дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Екі мәрте басынан жарақат алғанына қарамастан, соғыстың соңына дейін майдан даласында болған ол «Германияны жеңгені үшін» медалімен және басқа да бірнеше медальдармен марапатталды. Соғысты лейтенант шенімен аяқтап, запасқа шыққанымен, әскери білімі мен мол тәжірибесі, жоғары ұйымдастыру қабілеті болғандықтан  әскер қатарына қайта шақырылып, 1945 жылдан 1947 жылға дейін Совет Армиясы қатарында қайта офицер болып қызмет етеді.

Кейін елге келген соң, оқытушылықтан бастап, аудандық партия комитетінің екінші хатшысына дейін жетті. Еңбек жолында «Даңқ» орденімен, екі мәрте Қазақ ССР жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен, екі мәрте  «Ерен еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған.

Ол үлкен лауазымды қызмет атқарып жүрсе де, адамгершілік пен қарапайымдылықты жоғары қойып, елеусіздеу жүргенді ұнататын. Соғыс туралы айтуды сұраса, «Біз майданға атымызды шығарайын деп барған жоқпыз. Елімізді қорғауға бардық, ол – қасиеті мен қасіреті қатар аталатын ұғым. Оқ пен оттың ортасында жүріп, елге тірі келуіміздің өзін олжа санаймын» , — дейтін-ді.

Бұл күнде есімі «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» атты көп томдық кітабына енгізілген есіл ер, Жеңісті жақындатқан майдангер Асқар Нұрғалиевтің аты Ганюшкин селосында өзінің бұрынғы тұрған  көшесіне берілген. 

Руфина ТЕМІРҒАЛИЕВА,

Құрманғазы ауданы. 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button