Жарнама
Қоғам

ӨМІРІН ӨЛЕҢГЕ АРНАП ФАРИЗА ӨТТІ…

— Өзіне ғана тән қасиеттерімен ерекшеленіп өмір сүрген, халқын сыйлап, өзін де сыйлата білген Фариза апамыздың өмірден өтуі аса ауыр қаза болды. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы көңіл айтып, жеделхат жолдады. Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов ұйымдастырған апамызды соңғы сапарға шығарып салу рәсіміне Премьер–министр Серік Ахметов бастаған лауазымды тұлғалар, еліміздің зиялы қауым өкілдері мен барлық дерлік облыстардан делегациялар барды. Алты алаштың аяулы қызы болған ақын апамызға зор құрмет көрсетілді. Осыған да шүкірлік етеміз. Астана қаласындағы ұлттық пантеоннан топырақ бұйырды. Өзі ортамыздан кеткенімен, Фариза апамыздың артында уақыттың тозаңы қонбас ғажайып мол мұрасы қалды. Азаматтардың, ағайындарының келісімімен жеті күндік қадесін апай туған топырақта өткізіп отырмыз, баршаңыздың да қадамдарыңыз сауапты болсын, — деді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов. 

— Фариза Оңғарсынқызының ағайын-туыстарына, барша елге батысқазақстандықтар атынан қайғырып көңіл айтамын, — деп тілектестік ниетін танытты Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев. 

Мемлекеттік сыйлық иегерлері, ақын-жазушылар Төлен Әбдікұлы мен Темірхан Медетбек қазаға қайырлы болсын айтып, өмірдегі, өлеңдегі Фариза шыңына ерекше тоқталды. Республикалық «Тұмар» журналы бас редакторының орынбасары Оңайгүл Тұржан Фариза Оңғарсынқызының үлкенге ізетті, кішіге қамқор болумен өткен дара тұлғасын үлгі етерін айта келіп, Иманғали Нұрғалиұлының оны «Сіз күллі қазақтың штаттан тыс «отделкадрысыз» деп атайтынын еске алды. «Расында да, қазақ елінің қай бұрышында болмасын жұмысқа орналасу, тіпті баласын балабақшаға орналастыру алу, оқуға түсіру секілді мәселелерімен Фариза Оңғарсынқызының көмегіне жүгінушілер көп болатын, оның қамқорлығын біз де көрдік», — деп сөз жалғады астаналық жазушы-журналист Мағираш Қожахметова. 

Дұға дастарханында «Поэзия Падишасы» деген атақты халқының ақ махаббатының өзі берген Фариза Оңғарсынқызының дара болмысы жайлы естеліктер айтылды. Алматыдан арнайы келген «Қазақалтын» АҚ президенті Қанат Асаубаев Фариза туралы тебірене сөз қозғады. «Егемен Қазақстан» газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов, жазушы Смағұл Елубайлар да өмірлік естеліктерімен бөлісті, Фариза ақынның пейіште нұры шалқығай деген тілектерін білдірді.

Ақын жерлестері атынан қоғам қайраткерлері Амангелді Селбаев пен Рашила Мүрсалиева және ҚР Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов сөз алып, Фариза Оңғарсынқызымен сыйлас-сырлас болған уақыттары мәңгі ұмытылмайтынын айта келе, аяулы қызының қазасына қабырғалары қайысқан Жайық жұртына көңіл айта келген барша ағайынға сауапты қадам тіледі.

Ақынның ағайын-туыстары атынан исатайлық Айдолла Нұрсарин сөйлеп, азаматтарға алғысын жеткізді. Дұға дастарханында Фариза Оңғарсынованың өлеңдері оқылды, Аманқос Ершуов бастаған жергілікті ақындар арнау жырларын төгілтті.

Тірлігінде ел-жұртын дән риза етті,

Өмірін өлеңге арнап Фариза өтті. 

«Шілдені» оқып тебіренген жүректерді

Суыт қайғы қаңтарда қари жетті.

Шын ақынның киесі бар екенін,

Аққан уақыт біздерге тағы үйретті. 

… «Неге ерте кетті?», — деп ал қой сұрақ,

Іздесек те таппаймыз ондай Шуақ.

Ешкімменен ешқашан толмайтындай,

Енді оның орны қалды ойсырап.

Өмір деген осы екен бір-ақ күнгі,

Атырауың толқыннан жыр лақтырды.

Астанаңда қойғанда жер қойнына,

Алматыңның аспаны жылап тұрды. 

Тірлігіңде бермедің қуат кімге?

Өлеңіңмен төкпедің шуақ кімге?

Бүкіл қазақ даласын ақ қар басып,

Апай, орның білінді-ау бір-ақ күнде, — деп ақын Бауыржан Жақып аза-жыр оқығанда тебіренбеген жан жоқ.

Ол өмірден өткелі еліміздің әр аймағындағы баспасөз құралдары мен әлеуметтік желілерде жарық көрген жоқтаулар, еске алулар негізінде «Өтеді уақыт, өтеді өмір демде» атты кітап шығарылды. Облыстық теледидар деректі фильмдер топтамасын арнайы диск қылып әзірледі. 

Бақытгүл БАБАШ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button