Жарнама
Қоғам

ӨМІР ӨРНЕГІ

Жақында «Ағатай» баспасынан облысқа танымал ұстаз Есет Қаженбаевтың «Ұстаз ұлағаты» атты кітабы жарық көрді. Бұл кітапта кеңестік кезеңнің алғашқы жылдарындағы ересектер арасындағы сауатсыздықты жоюдан бастап, қазіргі заманда білім беру үдерісіне жаңа инновациялық технологияны енгізуге дейінгі бір ғасырлық кезеңдегі әкелі-балалы ұстаздардың үлкен құлшыныспен еңбек етіп, қол жеткізген жетістіктері баяндалған.

Алғашқы ауыл мұғалімі атанып, ел құрметіне бөленген әкеден бастауыш білім алып, әкенің сыпайы да сабырлы мінезі мен ұстамды әдет-ғұрпын, көңілге жағымды іс-әрекеттерін бағалай білген ол 9 жасынан бастап-ақ өз әкесінің жолымен мұғалім болуды армандаған.

Өмір жолым – әке жолы, ағартушы ұстаздық,

Әке жолын жалғастырдым айтқан сөзін ұран ғып.

Жарты ғасыр осы жолмен жүріп келем жалықпай,

Ұстаз деген ізгілікті, қасиетті мамандық, — деп өзінің мақтаныш сезімін жария етеді.

Шын мәніндегі білікті ұстаз болу үшін жоғары білім алудың қажеттігін түсінгендіктен Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтқа оқуға түседі. Институтты география мамандығы бойынша үздік дипломмен тәмамдап, аспирантураға берілген жолдамадан бас тартып, Нарын құмының түкпіріндегі Мыңтөбе ауылындағы орта мектепке жұмысқа келеді. Карл Маркс атындағы орта мектепте оқу-тәрбие жұмыстарын жақсартудағы жетістіктері және ауыл жастарын еңбек пен білімге тәрбиелеп, асқақ армандарына қолдарын жеткізуде тындырған жұмыстары ескеріліп «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады, кейін оған Исатай ауданының «Құрметті азаматы» атағы беріледі.

Қаладағы Қазақстанның 50 жылдығы атындағы №13 орта мектеп ұжымындағы жұмыста кездескен қиындықтары да айтылады. Мектеп басқару тәжірибесінің болуы, педагогтардың қабілеттерін анықтай білу, психологиялық ахуалды оңалтудың айтарлықтай көмегі болғаны, нәтижесінде екі-үш жылдың ішінде мектеп облыс бойынша тірек мектебіне, кейін республикаға танылып, озат тәжірибесі Мәскеудегі көрмеге қойылып, Одаққа таратылғаны әңгіме болады.

Аталған жетістіктері үшін мектеп директоры «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, көрменің медалімен марапатталады. Есекең 67 жылдық педагогикалық еңбек өтілінің 20 жылында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің география кафедрасының аға оқытушысы, доцент болып жұмыс жасады. Қорғатқан дипломдық жұмысының саны 40-қа жетсе, 20 оқулық пен әдістемелік құралдар, тұңғыш Атырау облысының географиясы оқулығын баспадан шығарды. Ғылыми әдістемелік жұмыстары үшін 2008 жылы университеттің ғылыми кеңесі оған академиялық профессор атағын берді.

Есекеңнен I-X сыныпқа дейін білім мен тәрбие алған 1960 жылғы шәкірті, бүгінгі Қазақстан Республикасының «Құрметті байланыс қызметкері» Сахибеден Бекенов «Мектеп есігін ашқан кезден бастап маған таңдаулы ұстаздарды кездестірген тағдырыма ризамын. Өмірдегі көтерілген биіктерімді алуыма білім мен тәрбие берген ұстаздарымның рөлі зор деп есептеймін», — деп шын жүректен алғыс айтады.

Кітап авторы өзінің түйіндемесінде: «Әкем болашағымнан зор үміт етіп атымды Есет деп қойғандықтан, оқуда да, еңбекте де, өмірде де сол атқа аз болса да сай болып, әке үмітін ақтауға ұмтылғанымды (Сталиндік стипендиат болу, академиялық профессор атағын алу, Исатай ауданының Құрметті азаматы атағын иелену) өскелең ұрпаққа өнеге болу үшін баяндап отырмын», — дейді.

Кітаптың әр бөлімінің соңында кезінде баспасөзде жарияланған ғылыми-әдістемелік материалдардың тезистері берілген.

Қорытып айтқанда, «Ұстаз ұлағаты» атты кітаптың ұстаздар қауымы мен жас ұрпақ үшін тағылымдық, тәрбиелік және танымдық мәні зор.

 

Қадим ОҢҒАРСЫНҰЛЫ, 

«Құрмет» орденінің иегері,

Атырау  қаласының Құрметті азаматы,

ардагер ұстаз.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button