Қоғам

Сейітовтің ісі

*31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы К.Е.Ворошиловтың атына орыс тілінде жазылған өтініш хатта былай деп баяндалған: «Менің әкем Шаяхмет Сейітов, оның туған жылын білмеймін, Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы №7 ауылдың тұрғыны. 1937 жылы Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі органдары тарапынан тұтқынға алынған, содан бері хабар-ошарсыз. Әкем тұтқындалған соң анам қайтыс болды. Қарындасым Мария Шаяхметова 1935 жылы дүниеге келген, інім Бақдаулет Шаяхметов 1938 жылы туған. Ағайындардың қолында тәрбиеленіп, адам болдық. Бүгінде барлығымыз да жұмыс жасаймыз. Бірақ жұртшылық арасында әкемізді халық жауы ретінде тұтқындаған, бізді «халық жауының баласы» деген әңгіме бар. Бұл бізге моральдық тұрғыдан өліммен тең. Жоғарыда айтылғандарды мәлімдей отырып, мен сізден КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы ретінде әкеме рақым етуіңізді сұраймын. Арыз иесі Байдаулет Шаяхметов. 1929 жылы туған. Тұрғылықты мекен-жайы: Гурьев облысы, Қызылқоға ауданы, Приморье МТС-і.» Арыз 1957 жылдың 3 қаңтарында жазылған.

Жасырын ұйымның мүшесі

Ш.Сейітов қатысты деген ұлтшыл жасырын ұйым туралы «1937 жылы Ақтөбе өңірінде қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық тыңшылық-диверсиялық ұйымы жасырын топтар мен бастауыш ұйымдарын қалыптастыру үшін оларға бай-алашордашыл және басқа да дұшпандық элементтерді тартуды өрістетті. Тергеу барысында облыстық филиалдың басшылары болып Жаманмұрынов, Миреев, Қожахметов, Марин өз ұйымдарының антикеңестік қызметін күшейту және оны кеңейту мақсатында Қазақстандағы жасырын орталық мүшелері Құлымбетов, Рысқұлов, Нұрмақов арқылы орталықтағы Троцкий, Томский, Рыков, Каменовтың антикеңестік троцкистермен саяси және ұйымдастырушылық блоктармен бірігіп қызмет етуді мақсат етіп қойғаны анықталғаны» жөнінде хаттамада жазылған.

Ұзақ жыл бойы құпия қорда сақталған сол хаттамалардың бірінде қазақ ұлтшылдарының заңсыз ұйымы филиалының Ақтөбе облысы Ойыл ауданындағы Ойыл кентінің ұлтшыл көтерілісшілердің бастауыш ұйымына қатысушылардың бірі Шаяхмет Сейітовтің ғұмырнамасы толтырылыпты. Бұрынғы байдың ұлы, революциядан кейін қызметкер, Ойыл ауылының тұрғыны Ш.Сейітов 1885 жылы Ойыл ауданының №17 ауылында туған.

Байдың ұлы Шаяхмет қазақ ұлтшылдары ұйымы Ақтөбе облыстық филиалының мүшелерінен құралған, Исабай Іштаев, басқа да ұлтшылдармен бірге жұмыс істеген. Оқушылар арасында диверсиялық жұмысты жүйелі түрде жүргізді. КСРО-ның Жапония және Германиямен соғысатындығын, осы соғыста КСРО-ның жақын арада жеңілуі туралы арандатушылық қауесеттерді ашық таратып, Қазақ КСР-нің КСРО құрамынан бас тартуы және Жапония протекторатының астында буржуазиялық-демократиялық республиканың құрылуы үшін күресті-мыс.

Осындай айып тағылған оның үстінен аса қауіпті қылмыстық іс көтерілген.

Мұғалім неге қамалды?

1937 жылдың 16 қарашасында Ақтөбе облысы ІІХК басқармасы берген №1823 санды ордермен Ойыл қаласындағы бастауыш қазақ мектебінің мұғалімі Шаяхмет Сейітов қамауға алынған.

Ел арасы гу етті. Бір-ақ күнде Сейіттің баласы «халық жауы, жапон тыңшысының ұлы» болды да шықты. Бір отбасы қара жамылды. Бүкіл ағайын-туыс үрпиісіп, қызметтестер теріс айналды. Сөйтіп, ІІХК «жарқын болашаққа» кең құлаш жайған кеңестік жүйеге қарсы тағы бір қауіпті халық жауын әшкереледі.

Шаяхмет қамауға алынғанда толтырылған анкетада оның 1885 жылы туғаны, шығу тегі малшы-бай, әйелі Ұлмеке (Ұлбөпе) 33 жаста, қызы Салиха 17 жаста, ұлдары Амандәулет 10 жас, Байдәулет 8, қызы Мәрия 2 жаста екені көрсетілген.

Сол жылдың 27 қарашасындағы тергеу ісі бойынша Ш.Сейітов өзінің контрреволюциялық ұйымға мүше болғанын «мойындайды»: «Мені 1937 жылдың мамыр айында аудандық білім бөлімінің бұрынғы меңгерушісі Исабай Іштаев аудандағы контрреволюциялық-ұлтшыл жасырын ұйымға тартты», – депті тергеу хаттамасында. Тергеуші оның ауызына И.Іштаевтың ұсынысын қуана қабылдағаны туралы сөз салған. Шындығында, сөзге келместен жасырын ұйымға мүше болуға келісімін беру ақылға сыйымсыз екендігіне ерекше назар аударған жөн. Аты да, заты да беймәлім ұйымға бірер сағатта мүшелікке өте салудың қолдан жасалғаны тергеу барысында толтырылған хаттамадан байқауға болады.

Анық дәлел – КСРО Жоғарғы соты Әскери алқасының 1957 жылдың 14 мамырындағы анықтамасы. Алқаға төрағалық еткен әділет полковнигі Лихачев, мүшелері – әділет подполковниктері Маслов пен Трофимов Бас әскери прокурордың Ақтөбе облысы бойынша ІІХК үштігінің 1937 жылғы 6 желтоқсандағы қаулысының негізінде Ойыл орта мектебінің бұрынғы оқытушысы Ш.Сейітовті ату жазасына кесіп, мүлкін тәркілеу туралы шешіміне наразылық білдірген. Соған сәйкес Ш.Сейітовтің ісі қайта қаралып, алқа мүшесі Трофимовтың баяндамасынан кейін Бас әскери прокурордың көмекшісі, әділет полковнигі Корюкиннің наразылықты қанағаттандыру туралы қорытындысы бойынша алғашқы үкімді негізсіз деп таниды. Бас әскери прокурор өз наразылығында Сейітовтің негізсіз қуғын-сүргінге ұшырағанын, өйткені іс бойынша жүргізілген қосымша тергеу объективті дәлелдемелермен анықталғанын және 1937 жылғы істің теріске шығарылғанын көрсетеді.

Ақтөбе облысы бойынша ІІХК басқармасы қызметкерлерінің Сейітовке тағылған айыптау материалдарын бұрмалағаны анықталған соң Ақтөбе облысы бойынша үштігінің қаулысы бұзылып, қылмыс құрамының болмауына байланысты іс өндірістен тоқтатылған.

20 жыл бұрынғы оқиға

Сөйтіп, оқытушы Шаяхмет Сейітов еш жазықсыз жалалы болып, 20 жылдан кейін ақталған. Архив қорында сақталған қылмыстық істе Ш.Сейітов айыптау қорытындысы бойынша өзін кінәлі деп танып, растайды. Берілген анықтамада айыпталушы Шаяхмет Сейітов

1937 жылдың 24 қарашасында Ойыл аудандық ІІХК бөліміне қамалып, одан әрі Темір түрмесіне жіберілгені, іс бойынша заттай дәлелдер жоқ болғаны көрсетіліпті.

Тергеуші толтырған хаттамада ол «И.Іштаевтың тапсырмасын бұлжытпай орындап, мектептегі жөндеу жұмыстарын кешеуілдетіп, осыған байланысты жаңа оқу жылы мерзімінен кеш басталған». Бұдан әрі хаттамада: «…Оқу бағдарламасынан пайдаланудан алынып тасталған Алашорда мүшесі Т.Шонановтың оқулықтарын І-ІІІ сыныптарға және ІV сыныпта С.Сейфулиннің кітаптарын пайдаландым, мектеп оқушыларын алашордашылар рухында тәрбиелеуге басты назар аудардым. Сонымен бірге оқу бағдарламасын орындау 75 пайыз болғанымен, мен 100 пайыз, ал сабақ үлгерімі мен сабаққа қатысу 70 пайыз болғанымен 99 пайыз деп асыра көрсетіп, жалған мәліметтер бердім», – деп «ағынан жарылған».

«Одан әрі өзіңіз мүше болған контрреволюциялық ұйымның белгілі мүшелерін атаңыз және жасырын мәжілістер өткізілді ме?» деген тергеуші сұрағына «Исабай Іштаевтың айтуы бойынша білетінім, Нығметияр Оразалин Ойыл орта мектебінің мұғалімі, Мағауия Таңатаров №8 ауылдағы Тайсойған бастауыш орта мектебінің директоры, Баян Бәйсеуов Ойыл орта мектебінің мұғалімі, Аяпберген Науанов бұрынғы Қамыскөл мектеп-интернатының директоры, Рахметжан Шаштаев орта мектеп мұғалімі, Хайролла Бошанов бұрынғы Ойыл ауданы оқу бөлімінің нұсқаушысы және мен Шаяхмет Сейітов бұрынғы Ойыл орта мектебінің мұғалімі. Бірде-бір рет ешқандай жасырын мәжіліс өткізілген жоқ», – деген жауап алған.

Қосымша тергеу материалдарына назар аударсақ, Шаяхмет өзінің Алашордамен байланыста болғанын жоққа шығармайды. Тергеушіге берген жауабында 1919 жылы Алашорда үкіметінің өкілі Сисенғали Шектібаевтың көмекшісі болып қызмет істегенін айтқан. «Алашордалықтар Ойылға келгеннен кейін С.Шектібаевтың өкімімен қарауымдағы 5 адаммен Алаш үкіметінің отряды үшін ел-жұртты аралап, азық-түлік пен көлік құралдарын жинадық. Қазақ жігіттерін Алаш отрядына мобилизациялау жұмысымен де айналыстық. Мен Алашорда құрамында алты ай ғана, 1919 жылдың сәуірінен қазан айы аралығында қызмет еттім. Қызылдар келген кезде алаштықтар қашып кетті де, мен ауылымда қалдым. Революцияға дейін өзімнің жеке бай шаруашылығымды жүргіздім, ал революциядан кейінгі жылдары орта шаруашылығым болды, бірақ батрақтар ұстаған жоқпын», – дейді хаттамада.

Ақыры, оқытушы Сейітов Шаяхмет 1937 жылғы 9 желтоқсанда 10 жылға бас бостандығынан айырылады. 1957 жылдың 27 ақпанда Ақтөбе облысы бойынша МҚК басқармасының аға төтенше өкілі, капитан Красиковтың Гурьев облысы МҚК басқармасы есепке алу-архив тобының аға жедел уәкіліне жіберген қатынас қағазында Сейітовтің жазасын өтеп жүріп, 1942 жылы 21 қарашада ми тамырларының тромбозынан қайтыс болғанын жазған.

Алайда, архивте тағы бір акт сақталыпты. Ақтөбе облысы ІІХК үштігінің 1937 жылдың 6 желтоқсанындағы Ш.Сейітовке қатысты №19 санды үкімінің 9 желтоқсан күні орындалғаны туралы акт жасақталған. Оған Ақтөбе облысы МҚК басқармасының коменданты, сержант Молчанов, МҚК ІІІ-бөлімінің жедел өкілі, кіші лейтенант Агунков, жедел өкіл, сержант Ивченко қол қойыпты.

Бірақ Ақтөбе облысы бойынша ІІХК басқармасының бастығы, үштік төрағасы, мемлекеттік қауіпсіздік капитаны Демидовтың ІІХКБ коменданты, сержант Молчановқа берген нұсқамасында 6 желтоқсандағы Ақтөбе облысы бойынша ІІХК үштігінің №19 мәжілісінің хаттамасынан үзіндіні қоса бере отырып, «Шаяхмет Сейітовке қатысты үкімнің орындалуын бұйырамын және ол туралы тиісті акт жасалсын» деп бұрыштама соққан. Ал, үзіндіде Ш.Сейітовті ату жазасына кесіп, мүлкін тәркілеу туралы шешім шығарылған.

Демек бір адамның тағдырына қатысты екі түрлі құжаттың қайсысына сенуге болады?! Архив қорында «Атуға!» деп қол қойылған үштік хаттамаларынан көз сүрінеді.

Тергеу ісіндегі қателіктер

Ақиқатына келсек, 1957 жылғы 30 қаңтарда МҚК Ақтөбе облысы бойынша басқармасының қорытындысында Ш.Сейітовке қатысты қылмыстық істі тергеу барысында өрескел қателіктер жіберілгені анық көрсетілді. Мысалы, өрескелдіктің бастысы – алдын-ала тергеуде одан екі-ақ рет жауап алынған. Сейітов антикеңестік ұлтшыл ұйымға 1937 жылы мамырда Іштаевтың тартқандығын айтса, И.Іштаевтың тергеу ісінде Ш.Сейітовтің есімі мүлдем аталмайды. Куәгерлер Бәйсеуов, Таңатаров, Байғалиевтардың көрсетуі бойынша Байтұрсынов пен Шонановтың редакциясымен шыққан оқулықтар 1930 жылдары алынып тасталған. Кейінгі жылдары бұл оқулықтармен Ойыл ауданының оқушылары оқытылмаған. Ал, С.Сейфуллиннің редакциясымен шыққан оқулық 1937-1938 оқу жылының басында оқытылып, кейін алынып тасталған.

Сейітовтің көрсетуі бойынша аталған астыртын ұйымның мүшесі Бәйсеуов қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. 1956 жылы Бәйсеуов тергеу барысында өзінің ешқандай антикеңестік ұйымда болмағанын айтқан. Осы іске қатысы бар Хайролла Бошановтың архивтік-тергеу ісі 1942 жылы тоқтатылған. Шаяхмет Сейітовтың Алашорда ісіне қатысуы туралы материалдар тергеу ісіне тіркелмеген және расталмаған.

Ш.Сейітовтің ісін қайта тексеру барысында айыпталушы Сейітов пен Іштаевты тергеу барысында бетпе-бет кездестірмеген және олардың сұрақ-жауаптарындағы қарама-қайшылықтар да нақты анықталмаған. 1956 жылы куәгерлер Сүлейменов, Бәйсеуов, Байғалиев және Таңатаров та Ш.Сейітовтің антикеңестік үгіт жүргізгені туралы айғақ бермеген. Керісінше Сүлейменов Сейітовке оң мінездеме берген. Ақтөбе облысы бойынша МҚК басқармасында оған қатысты қосымша материалдар да жоқ.

Сол жылдары қамауға алынған адамдарға күш қолданылып, ол үшін кейбір қызметкерлер қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны да тарихтан мәлім.

Ақтау парағы

Архив қорында 1957 жылдың 10 қазанында Байдәулет Шаяхметовтың Гурьев облысы МҚК қызметкері Қазекеевтен әкесі Ш.Сейітовтің ақталғаны туралы 29 мамыр күнгі №4н–04013/57 санды анықтаманы алғаны жөніндегі қолхаты сақтаулы. Әрине, мұның Байдәулет Шаяхметұлына оның шарапаты тиді деп айта алмаймыз, өйткені оның қызмет барысында әкесінің «халық жауы» болып сотталғаны алдынан шығып отырған. Сол үшін 50 жылдардың басында Гурьев мұғалімдер институтындағы оқуын да тастауға мәжбүр болыпты. Партия мүшелігіне де қабылдамай, біраз жыл әуре-сарсаңға салады. Сол себепті Байдәулет қария бұл фәниде бетегеден биік, жусаннан аласа тірлік кешіп өтті.

Байдәулеттің екі қыз, сегіз ұлынан ұрпақ жалғасып, жазықсыз жазаланған ұстаз Шаяхметтің шаңырағындағы маздап жанған от ешқашан өшкен жоқ. Бүгінде Шаяхметтің келіні – Байдәулет зайыбы Гүлсім ана тоқсанға келсе де әр перзентінің тілеуін тілеп отыр. Үлкен ұлы Бибоз – облысқа белгілі азамат, үлгілі отағасы. Қызылқоға және Құрманғазы аудандарындағы басшылық қызметі жоғары бағаланып, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды, «Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы», «Үздік мемлекеттік қызметші» деген лайықты марапаттарға ие.

Жазықсыз қуғынға ұшыраған атасының өмір дерегін ұзақ жыл іздеген ұрпағы, бүгінде құрметті еңбек демалысындағы Бибоз Байдәулетұлы «осы заманда атасы Шаяхметтің бастан кешкен қасіретін болашақ ұрпақ көрмесін!» деген баталы тілекте.

Ал, архивтегі №1389 істе осындай қилы тағдыр барын бүгінгі ұрпақ білуге тиіс!

Аққали АХМЕТ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор,

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі

өңірлік комиссияның мүшесі

Коллажды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА

Related Articles

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button