Олжас Сүлейменов: «Мақсат қоя білген мұратына жетеді»
Әлем – алақанда
– Әлем, жаһандану және бәсекелестік. Біздің жастарымыз бұл ұғымдарды қаншалықты дұрыс пайдаланып жүр?
– Расымен де, бүгінгі таңда әлем жаһандану процесін бастан өткеріп жатыр. Сәйкесінше, ұлттардың, жалпы адам мен адамның арасында бәсекелестік күшеюде. Шындығында біз – бақытты ұрпақтың буынымыз. Себебі, кезінде ата-аналарымызға берілмеген керемет мүмкіндіктер қазір бізде бар. Тіпті, шалғай ауылда отырсаңыз да, әлемді алақандағыдай көріп отыруға болады. Яғни, мұндай керемет мүмкіндікті бізге интернет деп аталатын дүние сыйлап отыр. Уақытын үнемдей білген адамға интернет – ең алапат күш және табысқа жетелеуші механизм. Яғни, сіз ғаламторды дұрыс пайдалансаңыз, өмірде үлкен шыңдарды бағындыра аласыз. Мұны Еуропа халқы әлдеқашан-ақ түсініп алған.
Өкінішке қарай, бізде бейқамдық, кенже қалушылық бәрібір байқалып отыр. Таңның атысы, кештің батысы әлеуметтік желіде өмір сүретін жастарымыздың көпшілігі виртуалды әлемді дұрыс пайдалана алмай жатады. Осы бір ғана фактінің өзі біздің бәсекеге қабілеттілік деген ұғымды өз мәнінде түсіне бермейтінімізді көрсетеді. Бұл әрине, менің субъективті пікірім. Десе де, бәсекеге қабілеттілік деген уақытта әр жас Қазақстан шеңберінде ғана емес, өзіне деген талапты әлемдік деңгейде қоя білуі керек. Міне, сол уақытта нәтиже туралы сөз қозғауға болады.
«Стив Джобстың, Майк Тайсонның қазақ болмағанына өкінемін»
– Сонда не істеу керек?
– Мен тоғыз жыл Қытайдың Шанхай қаласында өмір сүрдім. Сол елде өткен әр уақытым мен үшін үлкен өмір мектебі болды. Иә, бізде «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген аталарымыздан қалған керемет ғибратты сөз бар. Бірақ, шын мәніне келгенде біз бұл сөзді терең ұғынып, жүрегімізбен қабылдай бермейді екенбіз. Осы бір ақиқатқа Қытайда өткізген күндерімде әбден көз жеткіздім.
Біздің жастарымызға не жетіспейді? Осы сұрақты ылғи өзіме қоятынмын. Қарап отырсақ, біздің жастарымызда білім бар. Әлеует бар. Біз көптеген тілдерде еркін сөйлей аламыз. Көптеген мәдениетті білеміз. Түрлі діни мерекелерді де елімізде еш кедергісіз тойлай аламыз. Міне, осы құндылықтарды бағалай білуіміз керек. Өйткені, мұндай жетістік басқа елдерде жоқ. Бірақ, бізде даңғойлық, құр мақтангерлікке салыну басым. Әсіресе, мұндай даңғойлық, қуыс кеуделік жігіттеріміздің арасында көбірек байқалады. Және қыз тектес жігіттеріміз көбейіп барады. Бұл – қауіпті құбылыс.
Шыны керек, әлем әлі күнге дейін Қазақстан туралы толық ақпарат біле бермейді. Мұнымен не айтқым келеді? Біздің жастарымызда көшбасшылық қабілет жетіспей жатыр. Егер біз әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті адамдар болсақ, өз жаңалығымызбен жаһанды мойындататын едік. Кейде Стив Джобстың, Майк Тайсонның қазақ болмағанына өкінемін.
Өмірдің соққыларына дайын бол!
– Сонда сіздіңше көшбасшы деген кім?
– Әрине, кез келген адамда таңдау мүмкіндігі бар. Және ол таңдауды әркім өзі жасайды. Десе де, «лидердің басты сипаты неде?» деген сұраққа өз тәжірибем негізінде жауап бергім келеді. Ең алдымен, лидер – ол қиындықты, өмірдің ауыр соққыларын қабылдай білетін адам. Мұндай қасиет әсіресе, ер адамдар үшін өте маңызды. Өйткені, олар отбасын басқарады, жанұясының әр мүшесі үшін өзіне жауапкершілік алады.
Қазіргі таңда еліміз жастардың кәсіпкерлігін дамытуға көбірек назар аударса деген тілегім бар. Кәсіпкерлік деген уақытта әдетте әлеуметтік желілерге жүктелген ұшақтағы суреттер немесе шетелдердегі әдемі демалыстар еске түсуі мүмкін. Бірақ, осындай әдемі демалыстардың артында қаншама еңбек жатқанын барлық адам бірден түсіне бермейді. Кәсіпкер болу – ертегідегідей өмір сүру деген сөз емес. Оған қажыр-қайрат керек. Және жетістікке жеткен адамдарды насихаттаған уақытта олардың жүріп өткен жолы, қиындықтары, оны қалай жеңгендері туралы көбірек айтсақ деймін. Себебі, қиындықтарға, кедергілерге қарсы тұра білу және оны еңсеру – ең маңызды фактор. Сіздің қалай мықты болғаныңыз емес, қаншалықты құлап, қайта тұра білгеніңіз маңызды.
Биік мақсаттан қорықпа!
– «Асылында, әр адам – жеңімпаз. Себебі, ол мына өмірге келді» дейді психологтар. Сөз соңын осы пікірге орайластырып түйіндесеңіз…
– Өмір тосын сыйлардан тұрады. Оның ішінде біздің сағымызды сындыратын дүниелер болуы да мүмкін. Осыдан біраз жыл бұрын жаныма жақын туған әпкемді жоғалттым. Өмір болғандықтан, мұндай жағдай әр адамда кездеседі. Сондықтан, бұл оқиға өзгелерге сабақ болсын деген ниетпен бөліскенді жөн көріп отырмын. Шындығына келгенде, әпкемнің өлімі мені тоқыратып кетті. Өзімді жоғалтқаным сонша, әпкемнің телефон нөміріне қоңырау шалып, оның даусын естуге асығатынмын. Қоңыраудың ар жағынан «телефон сөндірулі» деген оператордың жауабын естіген кезде, менің жаным одан бетер қиналатын. Осыдан кейін үрей-қорқыныш пайда болады. Мотивация жоғалады. Ешнәрсеге зауқың болмайды.
Бірақ, мен мақсат қою арқылы сол қиындықтардан шықтым. Біріккен Ұлттар Ұйымы ұйымдастырған «Много языков – один Мир» эссе байқауында жеңімпаз атандым. Кейін БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінде «Су – тіршілік көзі» тақырыбында баяндама жасау бақыты бұйырды. Сол кезде БҰҰ қабырғасында алғашқылардың бірі болып қазақ тілінде сөз сөйледім. Осы жетістігімді әлі күнге дейін мақтан етемін. Одан әрі Қытайдың Шанхай қаласында өзімнің компаниямды аштым. Мұның барлығын санамалап отырғандағы айтпағым, адам мақсаттан ешқашан қорықпауы керек. Қашан да биік мақсат қойып, соған жетілу жолында еңбектене білсеңіз, армандар міндетті түрде орындалады.
Сұхбаттасқан: Баян ЖАНҰЗАҚОВА
Біздің анықтамалық:
Сүлейменов Олжас Серікбайұлы – Дін істері және азаматтық қоғам министрінің жастар саясаты мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесшісі. 1990 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. «Болашақ» бағдарламасымен Қытайдың Тонгжи университетін «инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша бітірген. 2012-2013 жылдар аралығында Тонгжи университетіндегі «International Students Association» халықаралық студенттер қауымдастығының президенті.
Қытайдың Сиань қаласындағы «Kazakhstan Students Association in China» қазақстандық студенттердің жастар ұйымының негізін қалаушы. «Drexler & Partner Construction Group» және «PMJ Asia Construction Group халықаралық компанияларында «НАТР» АҚ-ның Қытайдағы бас өкілі болып жұмыс істеді. 2016-2017 жылдары «SHEBERBUILD» құрылыс компаниясының бас директоры лауазымында болған. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, «Болашақ» қауымдастығының, БҰҰ жанындағы жас көшбасшылар қауымдастығының мүшесі.