«Қолтаңба» шеберханасы» кімге арналған?
«Теңізшевройл» ЖШС компаниясы әлеуметтік инвестициялар бағдарламасының экономикалық даму тақырыптық саласы бойынша 2017 жылдан бастап «Қолтаңба» шеберханасы» әлеуметтік жобасын қолдап келеді. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық өмірге бейімделуіне септігін тигізетін осы үлкен жобаның орындалуы, сол бағытта жасалып жатқан жұмыстар жуырда өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте талқыланды.
«Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасы мен ұйым бағдарламаларының мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келетін әлеуметтік жоба бойынша 2017 жылы бірқатар шаралар атқарылып, осы жобаны жүзеге асыру жұмыстары биылғы жылы да өз жалғасын тауып отыр. Ол туралы «Мүгедек әлемі» қоғамдық бір-лестігінің төрайымы Күлбаршын Нұржігітова кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, былтыр бұл жобаға мүмкіндігі шектеулі 170 адам қатысты-рылған. Яғни, жоба негізінде облыстық оңалту орталығынан қолөнер үйірмелері ашылып, балаларға құрақ көрпе, қолөнер бұйымдарын жасау дағдылары үйретілді.
Бұлардан бөлек, олар әр апта сайын Атырау қаласындағы Лесхоз шағынауданында орналасқан №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барып, сол мекемедегі мүмкіндігі шектеулі балаларға қолөнер сабақтарын жүргізеді. Сондай-ақ, осындай бағыттағы сыныптық үйірмелер Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжі мен сервис колледжінде ашылған. Жалпы айтқанда, «Қолтаңба» шеберханасы» әлеуметтік жобасы облысымыздағы аудандарда тұратын мүмкіндігі шектеулі жандарға заманауи технологияны пайдалана отырып, ұлттық нақышта кәдесыйлар, қолөнер бұйымдарын іс жүзінде жасап үйретуге бағытталған.
Былтыр сондай-ақ, ерекше күтімді қажет ететін балалардың қолынан шыққан 200-ден астам қолөнер бұйымы аукционға қойылу арқылы сатылды. Мамандар бұл үрдіс биылғы жылы да өз жалғасын табады деп үміттеніп отыр. «Қолтаңба» шеберханасы» әлеуметтік жобасының мамандары үстіміздегі жылы жергілікті жерлерде қолөнер үйретудің қысқа мерзімдік үйрету сабақтарын жүргізуді қолға алды. Таяуда олар Мақат ауданында болып, он күндік шеберлік сағатын өткізіп қайт-қан. Бұл дәрістерге Мақат поселкесінен тоғыз әйел, екі ер адам қатысты. Жалпы осы бағыттағы жұмыстар биыл Махамбет, Индер аудандарында жүргізіледі.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ