Өлі балықтың обалы кімге?

л¦ балы ты обалы к¦мге Жаңалықтар

«Өзен жағалағанның өзегі талмас» деген. Аудандағы Жанбай, Амангелді, Зинеден ауылдары – теңіз жағасына өте жақын орналасқан елді мекендер. Жастарымыз жұмыссыздықтан болса керек, сол теңізді жағалап, заңды-заңсыз балық аулап келгені шындық.

__л¦ балы__ты__ обалы к¦мге

Күні кешеге дейін әкелеріміз мамыр айы басталғанда теңіз жақтан жел соғып, суы тасығанда «шанышқыға сазан шығып жатыр» деп барлары ат-түйесімен, жоқтары жаяулатып 5-10 шақты балығын алып келіп, «жеңсік ас қой» деп келген қонағына асып беріп отыратын.

Бірінде әкемнің айтқаны есімде қалыпты: «Осы жолы барғанда оңай олжаға тап болдым, теңіз суы қайтып кетіпті, бір шұңқырда сазандар қалып қойыпты. Шаншымай-ақ, шетінен тізіп ала бердім» деп. Бүгінде су қайтқанда жер-жерде қайырлап қалып, қырылған балықтарды көріп жүрміз. Бір-екі жыл шамасында Жанбайдың батыс жағындағы Манаш елді мекенінің тұсында мал іздеп жүргенімде 2-3 шақырымға дейін созылған жерде су қайтқанда бөлінген жайылмада қалып қойған сазандардың қырылып жатқанын көргенім бар. Шамалауымша, сол балықтар «КамАЗ» автокөлігінің екі-үшеуіне жүк болады-ау деп ойладым. Бұл табиғаттың бұлжымайтын заңы ма, әлде адамдардың табиғатқа жаны ашымайтындығы ма, түсінбедім, әйтеуір, жылда қайталанатын жағдай, көңілсіз көрініс. Өкінішке қарай, қырылып жатқан сазанның біреуін де алуға болмайды. Заң талабы солай, әлдекім оны қолымен ұстаса, сол адамға айыппұл салынады, қалай дегенде де жазасыз қалмайды.

Бұл мәселеге қатысты ауылда өткен жиындардың бірінде «Сол қырылып жатқан балықты алуға бола ма?»  деген сұраққа: «Ешқандай да балықты алуға рұқсат етілмейді. Әрбір аумақта өндірістік  кооперативтерге бөлінген жерлер бар, тек солар ғана алады, солар жауап береді» деген жауапты естідік. Ал, сол жаппай қырылған, мемлекетке немесе жергілікті халыққа бұйырмай жатқан балықты кооперативтер неге өлместен бұрын жинап алмайды. Кооператив болған соң жер-суынан бастап, өзіне қарасты адамдарына дейін жауапты болмайтын ба еді?! Сонда, жаппай қырылған балықтың жауапкершілігі кімнен сұралады?

Мұстажап АЯШҰЛЫ,

еңбек ардагері.

Жанбай ауылы, Исатай ауданы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз