ОЛАР ҚАРТТАРДЫ ҰМЫТПАЙДЫ
Жыл басынан бері бізге қаншама қадірлі қонақ келді десеңізші. Олардың арасында Успен соборының әкейі Михаил Степанов, Анна Степановна, Жексенбілік мектебінің ұстаздары бар. Олар осында тұрып жатқан 115 қартқа тәттілер тарту етіп, сазды сәлем жолдады.
***
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің математика факультеті студенттері Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледж студенттерімен бірлесіп, қарттар үйінде «Ерлікке тағзым – ұрпаққа парыз» атты шара өткізді.
Шара барысында олар интернат тұрғындары, Ұлы Отан соғысының ардагері Н.Славов пен тыл ардагерлері Б.Қаршығаев және Р.Ізтілеуовпен кездесті.
***
Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған осындай шара қаладағы №16 мектеп оқушыларының қатысуымен өтті.
«Ер есімі – ел есінде» деген мәдени шара барысында оқушылар үлкендерге арнап тамаша концерт қойып берді. Ал, «Қазтрансойл» мекемесінің жастары өз қаражаттарына сыйлық дайындап, оны қарттарға ұсынды.
***
Қаладағы ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназияның шәкірттері келіп, үлкендерге қайырымдылық концертін қойды.
Олар қарттар үйіндегі соғыс ардагері мен тыл еңбеккерлеріне сый-сияпат жасады. Үлкендер мектептің сегізінші сынып оқушысы Әбіл Біржанның әкесі, Махамбет атындағы облыстық драма театрының әртісі Сәбит Қожабековтың орындауындағы «Ауылымның қарттары», «Катюша» әндерін ерекше сезіммен тыңдады.
Үкімет үйіндегі үлкендердің көңілін көтергені үшін 85 жастағы тыл ардагері Баяз Қаршығаев пен қарттар үйі директоры Қилымқас Күзембаева көптен-көп алғыс айтты.
Кенже ӘБІЛҒАЗИЕВ,
облыстық қарттар
мен мүгедектер
интернат үйінің тұрғыны.