ОЛАР – ЕЛ ҚОРҒАНЫ
Жұбатқан – болашақ офицер
Жұбатқан Бекжанов та осыдан жиырма жыл бұрын Атырау қаласында өмірге келіп, балғын балалық шағынан үстіне әскери киім киюді армандаған болатын. Әскери қызметші болуға ден қойған Жұбатқан 2014 жылы Ақтөбе қаласындағы Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің жоғары әскери институтына оқуға түседі. Қазіргі таңда ол аталған жоғары оқу орнының «Авиациялық қару-жарақ» мамандығы бойынша білім алуда. Бұл туралы өзі: «Оқуым тегін, шәкіртақы да аламын. Мұнда көршілес Тәжікстан, Өзбекстан елдерінен келген жігіттер де бар. Бәріміз татумыз. Күнбе-күн әскери тәртіппен жүреміз, тазалық пен спорт — жанымызға серік. Мен өзімнің осындай беделді оқу орнының студенті болғанымды мақтан етемін. Болашақта оқуымды аяқтап, еліме адал қызмет етер офицер боламын!» — дейді.
Қайыржан – взвод командирі
Біздің еліміздегі әскери қызметте жаңалық көп. Соның бірі – Елбасымыз, ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1996 жылы ашылған Щучье қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусы. Ал, 2004 жылы қазақ әскерінде тұңғыш рет сержанттық жүйе қолға алынып, сержанттар оқу корпусының базасында жан-жақты жауынгерлік әзірліктен өткізілді. Қазіргі күнде мұнда кәсіби сержанттардың институты қалыптасқан. Соның арқасында бүгінгі таңда барлық әскер түрлерінде, өңірлік қолбасшылықтарында сержанттар бар.
Атырау қаласына таяу жердегі Томарлы селосында дүниеге келген Қайыржан Қадыржанов та бала кезден әскери қызметші болуды қалады. Сол арман жетегімен 2012 жылы Шымкент қаласындағы генерал С.Рахимов атындағы республикалық әскери интернат-мектебіне оқуға түсіп, оны екі жылдан соң бітіріп шығады. Ал, 2014 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Кадет корпусына оқуға түседі. Қазіргі күнде Қайыржан өзінің еңбекқорлығы арқасында взвод командирі болып тағайындалды. Ол әлі жас, бар болғаны он тоғыз-ақ жаста. Болашағынан үлкен үміт күттіретін осындай жастарымыз барда еліміз ештеңеден жасқанбайды.
Лиза СЕЙТІМОВА.
Салематсиз ба Кадыржанов Кайыржанмен калай соилесем болады